Ел қамын жеген Ер Едіге

3771
Adyrna.kz Telegram

Алтын Орда хандарының ақылшысы, халық қамқоры болған Едіге батырдың Тоқтамыспен арадағы соғысын арқау еткен аңыз-әңгіме, дастан-жырлар халық арасында кеңінен тараған. Оның өмірі мен соғыстары туралы жырлар қазақ қана емес, татар, ноғай, қырғыз, қарақалпақ, башқұрт, құмық, түрікмен, т.б. халықтар арасында да кездеседі. Жырдың дәстүрлі нұсқаларын кезінде Ш.Уәлиханов, П.М.Мелиоранский, Г.Н.Потанин, В.В.Радлов, И.Н.Березин, А.Беляев, Н.И.Веселовский, Ә.Диваев, С.Сейфуллин, М.Әуезов, С.Мұқанов сияқты ғалымдар мен жазушылар зерттеп, жоғары бағалаған.

Академик В.М.Жирмунскийдің айтуынша, «Ер Едіге» жырының орыс тіліне аударылған 30 нұсқасы (оның 15-і қолжазба күйінде сақтаулы) бар. Ал Қазақстанның Орталық ғылыми кітапханасында жырдың 6 нұсқасы сақталған. Шын мәнісіне келсек, Едіге – 1352 жылы Ақ Орда әскерлерінің бас қолбасшысы Балтышақтың отбасында дүниеге келген. Бұл дәуір өзара қырқыстың өршіп, Ақ Орданың Алтын Ордадан бөлініп, өз алдына жеке мемлекет болған кезі еді. Ал Ақ Орда, одан кейін бүкіл Алтын Орданың билігі Тоқтамыстың қолына өткен кезде Едіге немере туысы Темір Құтлық екеуі Әмір Темірге барып қосылды. 1419 жылы Сарайшық қаласының түбінде Едіге Тоқтамыстың баласы Қадырбердінің қолынан қаза табады.
Шамамен ХІV-XV ғасырда өмір сүрген қазақ ақыны Сыпыра жырау «Едіге би» эпикалық жырының бірден-бір авторы болып тарихта есімі қалды. Алайда ауыз әдебиеті дәстүрі бойынша ауыздан-ауызға тараған осы жырдың бірнеше түрлері пайда болды. Осыған орай «Едіге жыры» (Ш.Уәлиханов нұсқасы), «Ер Едіге» (Қ.Сәтбаев нұсқасы), «Мырза Едіге» (Ә.Диваев нұсқасы), «Ер Едіге» (Мәшһүр Жүсіп нұсқасы), «Едіге» (Мұрын жырау нұсқасы), «Мәулімнияз – Едіге» (Нартуған нұсқасы), «Едіге батыр эпосы» (Қарақалпақ нұсқасы), міне, осылардың арасында кісі есімдерін атауда аз-маз ауытқушылықтар кездеседі.
Алайда жоғарыда аты аталған жыр нұсқаларына ортақ нәрсе – Едігенің ерліктері, асқақ рухы, өмірлік мұраты еш өзгеріссіз берілгені қуанарлық жай. Қалай дегенде де, «Ер Едіге» – тарихи-қаһармандық жырлардың ортақ атауы екеніне еш күмәніміз жоқ.
Жыр қаһарманы Едігенің өкшесі екі айырық, қолтығынан өкпесі көрініп тұратын, бас терісін алдына алып жуып тарайтын анадан тууы батырға «періден туды» деген атақ алып берген.
Қолтығының тесігі,
Ұшатын қанат орыны.
Пері халқы ұшады,
Өзгертіліп болымы,– деп суреттелетін жырда өлең шумақтары бар. Бұның өзі Едігені өзгелерден ерекше болмыс иесі ретінде көргісі келген халықтың ой-арманынан туындаған бейне екеніне таласымыз жоқ. Осыған орай Ұлттық версиядағы жырдың осыған ұқсас бір вариантына тоқталуды мақсат еттік.
Күйеуі Құттықия мерт болғаннан кейін әйелі босанып, ұлын Жылқыбайдың үйінің сыртына апарып тастауға мәжбүр болады. Тоқтамыс ханның ел қыдырып жүрген жансызы бір күні далада ойнап отырған Едігені көріп, Тоқтамысқа хабар етеді. «Асылы, Жылқыбайдың тұқымына біткен бала емес, жауырыны қақпақтай, шекесі тоқпақтай, мойыны құрықтай, көзі жанған оттай жайнаған», – дейді.
Баласын алып келсін деп,
Тоқтамыс хабар беріпті.
Тілімді алсаң, бәйбіше,
Хан баласы Едіге,
Едігені бермейік,
Біздің бала не қылар,
Тек жинаған малға ие болар.
Тірі болса Едіге,
Дұшпанды басып кек алар, – деп Едігенің орнына Жылқыбай өз ұлын беріп жібереді. Өйткені Құттықия ханның баласының тегі асыл екендігін, тегін жан болмайтынын жүрегі сезеді. Құттықияны өлтірген Тоқтамыс хан оның ұлының жанын қиятынын да күнілгері болжап біле алды. Айтқандай-ақ, Тоқтамыс хан Жылқыбайдың баласының бірден басын шауып тастайды. Алайда Едігенің тірі қалғанынан хабарсыз еді. Жүрегіне қан қатқан Едіге Сәтемірдің еліне барып, үш ай бойы таңдап алған аты Көкшұбарды бағып жатады. Ержеткен соң Тоқтамыс ханды өлтіреді. Жырда Тоқтамыс қаныпезер жауыз, ал Едіге әділдікті жақтаушы ретінде көрінеді.
Сондай-ақ Қанқожа есімді қалмақтың әскерімен кездескен кезінде:
Біз ноғай деген ел едік,
Ежелден жатқан ер едік.
Қалмақты көрсек алармыз,
Талқан қылып деп едік, – дейтін Едігенің сөздерінен ата жауына деген ашу-ыза, өш­пен­ділік байқалады. Қанқожаның Абығай де­ген баласы, Тоғалай деген ері болады. Едіге 200 кісі қолмен шығып, қалмақтың 2 мыңдай жауынгерімен бірнеше күн соғысады.
Ахмет пен Едіге,
Сұр жебені қолға алды.
Тебінгіден тебе атты,
Үзеңгіден үзе атты.
Суырып алып қорамсақ,
Жауған қардай боратты.
Қаумалап тұрған қалмақты,
Шүберектей көрмеді.
Балдағы алтын алмасты,
Батырлар жауға сермеді.
Сөйтіп, 12 күн бойы шайқасып, Едігелер қалмақтан жерін тартып алады.
Шоқан нұсқасында сүйінші сұрауға бұ­рын жеткен 40 ер Сәтемір ханға Едігенің қы­зын құтқарып алып келе жатқанын хабарлайды.
Көш келеді ыңырсып,
Қазына жүкті тайлаған.
Едіге оқшау келеді,
Бидай өңді, нұр жүзді.
Беліне алмас байлаған,
Қапталында қыз Қағаз.
Қырмызы киіп сәнденіп,
Алтайыдай жайнаған.
Хан қуанып, күнге, желге тигізбей алып келіңдер деп оларды қарсы алуға 3 сан қол жібереді. Үлкен құрметпен қадірлеп, хан ұлан-асыр той жасайды. Қызын батырға некелеп қосады.
Өз жанымда қал деді,
Жағасы алтын, жеңі зер,
Асылдан тіккен қара тон,
Оны үстіне ки деді.
Сен боларсың би деді,
Дау біткенді шеш деді,
Жау біткенді қыр деді.
Сөйтіп, Сәтемір елінде хан болып ел билеген Едіге қоластындағыларға әділ төрелік жүргізеді, елінің абыройын арттырады. Сәтемірдің қызы Ақбілектен Нұраддин атты ұлы дүниеге келгенде:
Кім баласын сүймейді,
Сен туғанда, Нұралым.
Төбел бие сойдырдым,
Төрт қырлап ошақ ойдырдым.
Бала кеске бөлеттім,
Алтыннан шүмек ойдырттым,
Күмістен түбек қойдырттым, – деп Едіге айтарлықтай шаттыққа бөленеді. Осылайша жырда ұлттық дүниетаным мен қазақы көзқарас толық сипат алады. Едіге батырдың қанымен келген елжандылық қасиет оның ұлы Нұраддинге де қонады. Оған дәлел – ержеткен соң Нұраддиннің де жауға жерін бас­тырмау үшін жасаған ерлік жорықтары.
Үстіне киген ақсауыт,
Шарайна белге байлады.
Жүруге жолды сайлады.
Немесе:
Үй сыртынан ақ сүңгі,
Белдеуден алды суырып.
Міне, осындай жыр жолдарына толы тағы бір дастан ел аузында, халық жүрегінде сақталып, біздің дәуірімізге жетті.
Ал Нартуған нұсқасында Қабантиын Алыпты жеңіп, орнын алған Едіге Сәтемірдің жауда кеткен 3 мың жылқысына Алыптың 3 мың жылқысын қоса айдап, тағы қаншама дүние-мүлікті 300 түйеге артып, құлдарға жетектетіп, Сәтемір елінің шетіне келіп кіреді. Қасында – ханның қызы. Сүйінші сұраушы келгенде ханның жүрегі қуаныштан жарылып кете жаздайды. Зор құрметке бөленіп, хан ордасына түскен батыр кеңес құрып, халықты бірлікке шақырады. Едіге Қабантиын дәуден қайтқан малды, дүние-мүлікті үшке бөліп, бір бөлігін елдегі қаріп-қасарларға береді. Мұнан соң Сәтемір хан қызын батырға қосып, үлкен той жасайды. Хан тойға жиналған адамдарға: – Мен баяғыда Құттықиядан жұмыртқа сұратқанымда, «Едігеге тағымды беремін» дегенмін.
Адам жоқ бұл ноғайда артық туған,
Сұңқардың қадірін біл, қолға қонған.
Сөзінде сәлемнама құсбегі айтқан:
«Болар деп ноғайлыға осы қорған».
Осыны айтқан соң Сәтемір хан Едігеге тағын береді. Батыр бұл аймақтағы ноғайы, қазағы, маңғұлы, тағы басқасы бар төрт арыс елге хан болады. Едіге Сәтемір елінде 12 жылдай хандық құрады. Шындығында да, Едігенің Ақсақ Темір қоластындағы Хорезм жерін оншақты жыл билегенін көне тарих жоққа шығармайды.
Ендеше, ата-бабаларымыздан қалған отаншылдық атты ұлы сезімнің жұқанасы бүгінгі ұрпақтардың бойынан табылып, ел тәуелсіздігін сақтай білетініне және нығайтатынына сенгіміз келеді.


Нұрлан ҚҰМАР, «Ана тілі».

 

Пікірлер