Бұралған тал шыбықтай ару Баян

3639
Adyrna.kz Telegram

«Қозы Көрпеш-Баян сұлу» дастанының кейбір деректерде 33 нұсқасының бары көрсетіледі. Қазақ арасында әріден келе жатқан бұл жырды Сыбанбай, Бекбау, Жанақ, Шөже, Арыстанбай, т.б. ақындар өздерінше жырлаған. Ең көп тарағаны әрі толымдысы – Жанақ нұсқасы. Туыстас түркі тілдерінде де жырдың мазмұндас-сарындас түрлері сақталған. Осыншама ұланғайыр дүниені жинап, жариялауда, зерттеуде халқымыздың төл перзенттері Ш.Уәлихановтан бастап, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, М.Әуезов, Ә.Марғұлан, Ә.Қоңыратбаев, Ы.Дүйсенбаев, Е.Жұбанов, Р.Бердібай өлшеусіз зор еңбек сіңірді.«Қозы Көрпеш-Баян сұлу” жыры – халқымыздың көне тарихынан жеткен асыл мұра, әлемдік мәдени-тарихи құбылыс. Жырдың тақырыбы – екі жастың бір-біріне деген адал сүйіспеншілігі. Шығарманың негізгі кейіпкерлері Қозы мен Баян заманның қаталдығын, озбырлығын, мейірімсіздігін жеңіп, кездесті, азғантай уақыт болса да ойнап-күліп, бақытты өмір сүрді. Халықтық салт аясында өскен Баян Қозының жеке басын қадірлейді. Басында басқалардың айтуымен ғашық болған Баян Көрпешті шын сүйетіндігін алғаш кездескен жерде-ақ байқатады. Жырда Баянның жасы он төртте деп беріледі. Тал бойында бір міні жоқ, қолаң шашты, меруерт тісті, сөйлесе аузынан гүл төгіледі. Баянның көңіл-күйін «Анда- санда болмаса сөйлеспейді, Жалғыз жатып Қозы үшін қылады зар” деп суреттеудегі себеп – сүйгенін сарыла күткен Баянға берілген әділ баға. Өзін іздеп келген Айбасқа сыр бермей, оны байқап, бақылап, нағыз Қозыдан келгенін білгенге дейін сабырлы мінез танытады, өзінің сырын ашпайды.

Баян сұлу – өз заманындағы қазақ қызының идеалы. Жыршылар арудың бойына қазақ әйелінде болуға тиісті барлық асыл қасиетті жинақтаған. Ол – сұлу қыз, адал қалыңдық, қамқор әйел. Қарабай елінде тазша кейпін киіп, қойшылықта жүрген Сарыбайдың еркесін таныған Баянның сүйгенін көруге тағат таппай, қуаныш пен ынтызарлықтан бір жерде дамыл таба алмай дегбірсізденуін сыртқы іс- әрекет, қыздың мазасыз қимыл-қозғалысы арқылы береді.
Мұндағы тазша кейпі қажеттілікпен басқа да қызмет атқарады. Жырда Қозы Баян ауылына қойшы – тазша болып, соның кебін киіп, түрін өзгертіп келсе де, бұл ісіне көпке дейін көңілі толмай, намыстанып жүреді. Сағына күткен ғашығын осылайша тазша кейпінде көрген Баянның бұл көрініс, әрине, жанын қатты ауыртады. Алайда Қозының сақтығын, амандығын ойлап, тазша кебін қайта кигісі келмеген Қозыға:
Киіңіз кебіңізді, арланбаңыз,
Осылардан басқаға сыр бермеңіз,
Кішіліктен еш нәрсе кемімейді.
Аңдып жүрген дұшпан бар, еш сенбеңіз, – дейді.
Жыршы Қозыға тазша кейпін кигізу арқылы Баянның образын, оның ақыл-парасатының молдығын аша түседі. Баян тек көркімен ғана сұлу емес, ақылымен, ерлігімен де ерекше. Жоғарыдағы үзіндіде Баян, біріншіден, Қозыны дұшпанынан сақтандырса, екіншіден, кішілік – адамгершілік қажет екенін аңғартады.
Осылайша Баян бейнесін сомдауда заттық әлем мен киім де өзіндік қызмет атқарады. Шығармада қолданылып, көркемдік кеңістікті құрайтын заттың жиынтығы арқылы тарихи кезеңнің өзіндік болмысын, дәуір сипатын, ұғым-түсінігін тануға мүмкіндік береді.
«Қозы Көрпеш-Баян Сұлу” эпосында да заттар әлемі өзіндік өрнекпен ерекше бейнеленген. Әсіресе, заттар әлемінің поэтикасы терең мән-мағынаға ие. Мысалы, Айбас батырдың:
Балталы, Бағаналы елден келдім,
Бақалы, балдырғанды көлден келдім.
Сіздерге күмән шығар, өзіме аян,
Елімнен іздеп келген келінім – Баян, – деп Баян ауылына барып келуін дәлелдейтін заттардың жеке-жеке баяндалуы – соның айқын айғағы. Жырдағы:
Сәлем де ініңізге, іздеп келсін,
Келмесе, сорлы Баян дегені өлсін.
Көңілім кетті Қозыға, жаным мұнда,
Айтқанды тон, жүзігім белгі болсын, – деп жырланатын жолдар қазақ қоғамындағы сүйгеніне қосылу үшін ата жолының қатал заңына қарсы шығып, қайсарлығымен, өжеттігімен көрінген жаңашыл қыздардың бейнесін береді десек, «айтқанды тон, жүзік, тоғыз” – сол кезеңнің тұрмыс – салтына тән дәстүр, сый-сияпат. Сол кезеңнің сипатын танытатын заттық, көркемдік детальдар. Ал Баян бейнесін бұл құбылыстан бөлек алып суреттеу тіпті де мүмкін емес. Бұл дәстүрдің санаға сіңіп, таным-түсінікке әбден тереңдей еніп, қалыптасқаны сонша, ер- азамат Қозы да сол әшекей заттарды сұрап, Айбастан куәлікке керек етеді. Бұл заттық детальдар тұрмыстық қажеттілікке жарайтын қарапайым қызметті емес, қыз сезімін танытатындай көркемдік міндетін атқарып тұр.
Қарапайым заттарға эстетикалық, көр­кемдік құндылық дарытып, оларды ел-ха­лық тарихында топонимикалық аңызға айналдыру, т.б. секілді құбылыс ақындық шеберлік болып табылады. Айбас алып келе жатқан сәлемдеме заттардың жол-жөнекей түсіп қалуы топонимикалық аңыздардың дүниеге келуіне себеп болады. Оқып көрейік:
Көктаймен батыр Айбас төмен шапты,
Қыздың берген белбеуі түсіп қалып,
«Қызыл белбеу, Құбажан» қоя сапты…
…Қыздың берген мейізі түсіп қалып,
«Мейізгек» деп тау атын қоя сапты…
…Қыздың берген қарқарасы түсіп қалып,
«Қарқаралы тау атын қоя сапты…» – деп, осылай әрбір затқа бір атау қойылып кете береді. Ойлап қарасақ, осы топонимикалық атаулардың пайда болуы бір кезеңдегі жыр кейіпкері Баян басынан кешкен оқиғамен тығыз байланысты.
Эпикалық жырда сөз болған бұл заттар тек махаббат серті – символдық қызмет қана емес, тарихи орны бар жер, су, ел атауларының да есімі болып, топонимикалық та, көркемдік те қызмет атқарып тұр.
Аппақ көрік маңдайы, қылығы наз,
Малың түгіл, басыңды берсең-дағы аз, – деп қыздың сұлулығына ештеңе тең келмейтіні баян­далады. Сондай-ақ ақылымен тоқсан бай­дың серісі мен қара күштің ғана иесі Қодарды маңына жолатпайды. Жырдағы кейіпкерлердің іс-әрекеттері, қимыл-қозғалыстары арқылы оның ақыл-ойы, парасаты алдыңғы орынға шығады. Баянның күліп айтқан бір жылы сөзі үшін Қодар құрбандыққа шалынуға дайын. Қодардың қолын қанға малатын бейненің дәрежесіне дейін өсу жолы Баян бейнесімен қатарласа өріледі.
Жырда өз сезімімен арпалысқан Қодар ақыры Қозыны өлтіріп тынады.
Қозының кегін алмақшы болып Баян Қодарды Шоқтерекке айламен алып барады. Қодарды өлтірерде Баян сұлу айтқан мына сөзден қайсар қазақ қызының бірбеткей, өжет те өр мінезі айқын байқалады.
Әкеме сіңіп еді сенің күшің,
Құл болдың есігіме менің үшін.
Шоқ белбеу, алтын айдар мырзам қайда,
Шұнақ құл, өлтіремін соның үшін.
Қозыға арнап Баян биік мұнаралы бейіт орнатады. Соңында өзін де өлімге байлап, дүние салады.
Махаббаттың символына айналған фоль­клорлық мұраның 1500 жылдық тарихы 2002 жылы республика көлемінде кеңінен аталып өткендігі тарих үшін де, өскелең ұрпақ үшін де айтарлықтай тағылым болса керек. Өйткені Қозы мен Баян арасындағы мөлдір махаббат – қазақ мәдениетіндегі әдеміліктің, ақылдылықтың, парасаттылықтың, тұрақты­лықтың айнымас үлгісі.


Нұрлан ҚҰМАР,

«Ана тілі».

 

Пікірлер