Қыз Құртқа

7139
Adyrna.kz Telegram

Батырлар жыры – ел қорғаған ерлердің батырлығын жырлаған тарихи өлең сөз ғана емес, қазақ тілінің қайнар бұлағы. Онда ел мен жер үшін болған егестің, басын оққа байлаған батырдың, тұяғы алтын тұлпардың, адал жар болған арудың суреті жатыр. Ол – сөз суреті. Мұнда қазақ әйеліне ғана тән даналық, даралық, тектілік, көрегендіктің көркем образы сомдалған. Діні пәс тартып, тілі жұтаңдаған бүгінгі қазаққа батырлар жырының берері ұшан-теңіз. «Ана тілі» газеті сол теңізден маржан теріп, оқырманына сөз-сыйын ұсынбақ. Сыйлықтың басы – «Қобыланды батыр» жырындағы Құртқа сұлудың сөзбен кестеленген бейнесі.…

Құрулы бақан басында
Екі бөліп ұшырды
Ай астында теңгені.
Құртқа көріп батырды.
Шашу шашып басына,
Бұралып келді қасына.
Нұрына тойып төнгені, ¬–
Көзі көрмей өңгені,
«Іздеген теңім келді», – деп,
Патшаға салып жеңгені.
Құртқа өз жарын осылай таңдады. Қазақ қызының көрінген көк аттыға ілесе бермейтін тектілігін көрсетті. Алтынмен ішін безеген, сырты күміс ақ отауын алып, қырық түйе қазына артып, қырық құл мен қырық күңін ертіп ұзатылып келе жатқан қыз Құртқа жол-жөнекей көрегендігін де танытады.
«Мынау жатқан көп жылқы
Кімдікі? – деп сұрады.
Сонау тұрған биені
Мені берсең де алғын», – деп,
Батырға әмір қылады.
Құртқа көрсеткен бұл көкала биенің ішінде кейін Қобыландының жан серігі болған Тайбурыл жатыр еді. Тұлпарды іштен таныған қыз Құртқа Батырға қанат болар мұндай сәйгүлікті өз басынан биік бағалайды. Кейін сол бурыл құлынды қырық күн қулықтың, қырық күн қысырдың сүтін емізіп, тоқсан күні жеткенде, «арымасын, талмасын деп, маңқа, қолқа болмасын деп, қызыл дәрі жегізіп» баптайды. «Түндікпенен күн береді, түтікпенен су береді». Алтыннан айыл-тұрманын дайындатып, Тайбурылды алты жасқа жеткізген қыз Құртқаға бір күні жылқыда жатқан Қобыланды сәлем айтады. Сұлтанының Қараманмен бірге жауға шаппақ болғанын естіген сұлу Құртқа:
Қылаң етіп, қылт етіп,
Сылаң етіп, сылт етіп,
Шекеде шоғы бұлт етіп,
Алтынды тоны жылт етіп,
Саулы інгендей ыңқылдап,
Күшігендей сыңқылдап,
Сүмбіледей жылтылдап,
Буыны түсіп былқылдап,
Алтын қалпақ дулыға,
Шекесінде жарқылдап,
Мақпал төсек мамықтан,
Алтын иек, ақ тамақ,
Көтеріп басын сөйледі…

…Сұлтаныма сәлем де,
Тілімді алса бармасын.
Біздің баққан бурылда
Қырық үш күндік кемдік бар, – деген сәлемін жеткізеді.
Жан жарының бұл сәлемін естіген Қобыланды Қараманға жолдас бола алмасын айтқанда, «қатын» деген сөз естиді. Бұған намыстанған батыр Құртқаны шауып тастамаққа келеді. Сонда Құртқа «Сасып жүріп, жөн тауып,
ақыл менен ой тауып…» Қобыландыны сабасына түсіреді.
Төрде тұрған Бурылдың,
Басын шешіп алады…

Қыз Құртқаны көтеріп,
Бурыл көкке екі ұшты.
Салмағымен қыз Құртқа
Алып жерге бұл түсті.
Жазығы әйел демесең,
Құртқа қыз да тым күшті.
Көкке үш рет ұшуға тұлпардың қырық үш күндік кемдігі бар екенін Құртқа осылай дәлелдейді. Сонда Қобыланды:
Көлден ұшқан қаз деймін,
Қаз жайлауын саз деймін,
Наурыздан соң жаз деймін.
Ақылы жоқ мен ақымақ,
Бүйтіп жүрген Құртқамды
Шауып тастай жаздаймын, – деп жан жарына ризашылығын білдіреді. Қобыланды ақыры Қараманмен бірге жауға аттанбақ болып:
…Артықша туған Құртқажан,
Атың әйел десем де…
Менің көзім тіріде,
Ердің құнын жесең де…
Осы барған сапардан
Есен барып, сау қайтсам,
Әйел де болсаң, Құртқажан,
Хан қылармын халыққа! – деп Құртқамен қоштасады. Сонда Құртқаның даналық, көріпкелдік қасиеті көрініс табады. Ері жоқ елдің ертең қандай күйге душар болатынын жеткізеді. Бірақ батыр айтқанынан қайтсын ба?! Ақыры Қараманның соңынан кетеді. Бір-ақ күнде алты айшылық жолды басып, Құрдасын қуып жеткен Қобыланды:
Көрдіңіз бе, Қараман,
Қатынның баққан атын-ай!
Қатын да болса білдің бе,
Құртқаның асыл затын-ай! – деп құрдасының кезінде өзіне айтқан «қатын» деген сөзін бетіне басады.
Ал асыл жар Құртқа батырының барар жолын ғана емес, келер бағытын да анықтап, «Аты арыса, қарны ашса, қылсын деген азықты»
Қобыландының жолына күлге көміп кеткен екен.
«Күл ішінде не бар?» деп,
Қобыланды күлді қарады.
Ашып күлді қараса,
Жая менен жал екен,
Түрлі тағам бар екен.
Өзін қалмақ алғанда
Көк арбаға салғанда
«Кез болса бұған батыр» деп,
«Тауып азық қылсын» деп,
Ақылды туған Құртқаның
Бөтен нәрсе тастарға
Шамасы келмей сұлудың,
Көміп кеткен наны екен.
«Өз дегені болмаса, жөнге келмейтін бала» Қобыланды жауларының «тұлымдысын тұл қылып, айдарлысын құл қылып» ақыры жеңіске жетеді, алты жасында әміріне алған Құртқамен азамат болып, некелеседі.

Күн қызылы батқанда,
Ауылдың алды жатқанда,
Тоқсан екі қатындар
Қобыландыны жетелеп,
Ақ отауды төтелеп,
Құртқаға тіккен ақ орда
Батырды әкеп енгізді.
Белі қылдай, беті айдай,
Құртқаны оған көргізді.

Тоғыз ай, он күн жүзінде
Перзенттің туар күні боп.
Сұлу Құртқа толғатты.
Ер толғағы тым қатты.
Ұйқы көрмей түн қатты.
Ел ішінде Құртқажан
Адамнан озған сымбатты.
… Арыстан туған екен деп.
Асыра жұрты қуанды.

«Көк етіктің мықтысы, күзгі жердің шықтысы!» атанған ақылды Құртқа Бөкенбайдай батыр ұлды дүниеге әкеліп, асыл ана атанады. Тіпті жан жары Қобыландысына батыр қыз Қарлығаны қосады.
Қарлыға, Құртқа көрсетіп,
Қалың Қыпшақ еліне
Татулықтың белгісін,
Мақсатқа жеткен осылай
Елге жайып үлгісін…
Жыр осылай аяқталады. Жырда Қобыландының анасы – Аналықтың, қарындасы – Қарлығаштың, батыр қыз – Қарлығаның образы да тартымды жырланған. Дегенмен, «Ақылың сенің қыз Құртқа, Патшаға бітсе болмай ма?» деп Қобыландыдай батырды тереңдігіне тәнті еткен қазақ аруының бейнесі дараланып тұрды. Сол сұлулық ғасырлар қойнауынан біздің елдік, ұлттық болмысымызбен біте қайнасып келе жатыр. Бүгінгі қоғамда арын жанынан биік көретін әрбір қыздың бойында Құртқа ананың қаны тулап жатыр десек артық айтқандық болмас. Құртқа анаға «Әйел болдың, амал жоқ, егер еркек болғанда, болар ең жұртқа бір тұтқа» деген сөз бекер айтылмаған. Шындығында асыл ана, адал жар ерге тұтқа болды. Ер елге тұтқа болды…


(Мақалада 2007 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Батырлар жырының» І томындағы «Қобыланды батыр» жыры негіз етілді)

Біләл ҚУАНЫШ

 

Пікірлер