Әділ Тойғанбаев: Билік жүрекпен жұмыс істеуі керек

1176

 – Әділ Еркінұлы, сұрақты төтесінен қойсақ, Осы сіз кімсіз? Бизнесменсіз бе, саясаткерсіз бе, әлде философсыз ба? Өз іс-әрекеттеріңізден не күтесіз?  

– Қазіргі кезде мен елді модернизациялауға бағытталған саяси қызметпен айналысамын. Біздің негізгі мақсатымыз – тәуелсіз және еркін елде дүниеге келген қазақтардың жас буынына өз мүмкіндіктерін көрсетуге жағдай жасау. Дәл қазіргі кезде бұл буынның жолы жабық болып отыр. Бұл бір буынның ғана емес, тұтастай елдің болашағына қатысты мәселе.

– Сіз қазақстандық саяси медиа-ландшафтқа ауық-ауық қызықты ұсыныстар мен тың идеялар тастап тұрасыз. Қазақ империясын қайта жандандыру туралы идеяңыз соның бір мысалы ғана. Бір бүйірімізде Ресей, екінші жағымызда Қытай секілді ұлы держава тұрған уақытта бұл мүмкін деп ойлайсыз ба?

– Қазіргі заманның өлшемімен алғанда, империя дегеніміз ұйымдасқан үлкен кеңістік қана емес. Империя деген – «ұзаққа сілтейтін байыпты мемлекет». Мұны анықтап алу аса маңызды, өйткені әлемде мемлекеттердің өзге де типтері бар. Ал қазақ империясы – тағдырдың өзі бұйыртып отырған бақ. Одан қашып құтыла алмаймыз. Қанша жерден жанға жайлы болғанымен, шағын мемлекеттің шекпені бізге тарлық етеді. Тіпті тұқымымызды тұздай құртады десек те болады. Ұсақ-түйек міндеттер де біз үшін емес. Менің ойымша, көшпелі өмір салтын ұстанған бабаларымыз айрықша қасиеттерге ие болған. Біздің ата-бабаларымыз кеңістікке бейімделе білген, кез келген жағдайда жол таба алған, күш-қуатын да бағамдай білген. Арғы аталарымыз ұлан-ғайыр жерді жаулап алумен шектелмей, оны сақтай да білген. Осы ұлын-байтақ жерде билігін жүргізген. Біз бұдан екі ғасыр бұрынғы Қазақстан мен бүгінгі Қазақстанның арасындағы айырмашылық жер мен көктей екенін түйсінуге тиіспіз. Бүгінгі күнгі Қазақстан – мүлдем жаңа мемлекет. Жаңа қазақтардың санасы өзгерген. Өмірге деген көзқарасы өзгеше жаңа қазақтар өздерінің қазіргі әлемде алатын орнын анық біледі.

Енді «айналамыздағы империялар» жөнінде. Ресей империясы Германия, Австрия, Осман империяларының қысымын да көрді, Парсы және Британ империясы күшінде тұрғанда да жойылған жоқ, Қытай империясымен де біраз текетіресуге тура келді. Солай болуы заңды да.

–  Қазақ ұлтының тұтастығы біздің халқымыз үшін ғана емес, мемлекет үшін де аса маңызды екені түсінікті. Олай болса, қазақ арасында  жүз мәселесі әлі күнге өзекті болып отыр?

– Олай болатын себебі, толыққанды ұлт емеспіз деген түсінік біздің санамызға әбден сіңіп қалған. Өзімізді ұсақ-түйекке бейім, бытыраңқы халықпыз деп есептейміз. Әсілі, ұсақ кландарға бөлініп, тіршілік үшін тіресу тағдырдың тәлкегіне түскен барша халыққа тән нәрсе.

Шындығында, ұсақ кландарға бөлініп, отбасылық һәм туыстық бірлестіктерге бірігу арқылы өмір сүру жеңіл. Алайда, «өмір сүру» деген не? Тарихи тұрғыдан қарасақ, өлім алдындағы қиял ғана. Біз жай өмір сүріп қана қоймай, жеңіске жетуге талпынуымыз керек. Кез келген кедергіні бұзып өтіп, жеңіске жетуге деген жігерлілік дара ұлтты қалыптастырады, ал онсыз біз өзіндік бет-бейнесі жоқ туыстық топ қана болып қаламыз. Өмір сүру жолындағы тартыс бізді ұсақ-түйек тұрмыстық мәселелердің құлына айналдырады. Ал құндылықтар бізді біріктіреді және жаңа мүмкіндіктер ашады. Бізге ең алдымен ортақ мақсат және жеңістің дәмі қажет.

–    Біздің аймақтағы көршілерімізбен жақындығымыз қай шамада? Тартылыс күші болу біз үшін ең дұрыс жол деп ойлайсыз ба? Жалпы, жаһандану дәуірінде қазақ халқы мен қырғыз ұлтын жоғалып кетуден сақтап қалудың жолы қайсы?   

– Аймақтың жарқын болашағының кепілі болып, тұрақтылық орнатуды көздейтін Орталық Азия жобасы – өте ауқымды жоба. Осы ауқымды жобадағы ең негізгі және өзекті мәселе – қазақ пен қырғыздың бірлігі. Рух мәселесінде қырғыздар бізге өте жақын. Алайда, біз бір-біріміз туралы көп біле бермейміз. Біз Қазақстанға еліктеудің артықшылығын қарапайым адамдарға дәлелдеуіміз керек. Ал ол үшін жаңа жұмыс орындарын ашып, ел аумағынан тыс жерлерде өндіріс орындарын салуымыз керек. Аймақтағы халықтарды ортақ іске жұмылдыра білуіміз қажет. Мұндай нақтылы шаралардың әрқайсысы оқтын-оқтын өтіп жататын симпозиумдар мен дипломатиялық келісімдерден әлдеқайда құнды. Оның үстіне, Қазақстанның өз ішінде орталықазиялық диаспоралар қалыптасып үлгерді. Ендігі жерде тікелей осы диаспоралармен жұмыс істеу керек. Мәселен, оларға шынайы достық ниетпен көмектесіп, түйткілді мәселелерін шешуге жәрдем жасауға тиіспіз. Ал арнайы белсенді топ «мәдени-ағарту жұмыстарын» жүргізуі керек. Орталық Азия аймағынан келетін гастарбайтерлерге жағдай жасауымыз қажет. Мұндағылардың жағдайы Ресейдегі гастарбайтерлерден әлдеқайда жақсы болуы тиіс. Басқаша айтсақ, адамдардың тартылыс орталығы болуымыз қажет. Ал саясаткерлер түптің түбінде халықтың қалауын орындауға міндетті болып шығады. Біз Қазақстанның геосаясатын толықтыру әрі өзара іс-әрекет логикасы ретінде қарастырамыз. Біз көршілеріміз үшін тиімді серіктес болуымыз керек, ал біздің жүргізетін саясатымыз ортақ мүддеге сай болуы тиіс.

 –   Сіздің бұл тұжырымдарыңыз мені еріксіз ойға қалдырып отыр. XVII - XVIII ғасырларда ұйғырлар мен ойраттардың, сондай-ақ көршілес мемлекеттердің жекелеген көшбасшылары барша жұртты аспанасты өркениетіне қол жеткізуге шақырған. Және өздері оған құлай сенген. Ақыры не болды? Олардың бірі мемлекеттілігінен айырылса, енді біреулері түп тамырымен жойылып кетті. Сол себептен, бәлкім бізге де кереметтей күшті мемлекет құруға талпыныс жасаудың қажеті жоқ шығар? Құдайдың бұйыртқан бағын қанағат еткеніміз дұрыс шығар, бұған не дейсіз?

– Егер қандай да бір халық даралыққа ұмтылмаса және өзімен-өзі болуды қаламаса, оған ешкім де жәрдемдеспейді. Тарих дегеніміздің өзі – табиғи сұрыптаушы. Біреудің мерейі үстем болады, екінші біреу жойылып кетеді. Адамгершілік тұрғысынан алғанда, бүгінгі әлемнің кешегі әлемнен артықшылығы жоқ.  Керісінше, бүгінгі күні қулық-сұмдық пен жасандылық басым. «Өзіміз дұрыс деп тапқан тәртіпке бағыну» – ең дұрыс шешім. Алайда, ойланбай әрекет етудің ақыры өзімізбен-өзіміз резервация ішінде қалып қоюымызға әкеліп соқтыруы мүмкін. Яғни, жеке индивидуализм мен белсенділігіміздің арасында тепе-теңдік болуы тиіс. Ондай теңдікті қамтамасыз ете алмасақ, кембағал халық өсіп-жетілмек.

Индивидуализмнің өзі де шығармашылыққа негізделген уақытта ғана жемісін береді, олай болмағанда жансыз болып шығады. Ұлт өзін өзі қалыптастырады. Жұрттың бабаларының ерлігін тыңдаумен шектелмей, өзі сондай ерлік жасауға ұмтылады.

Өткенге кіріптар бола берудің қажеті жоқ. Бізге ерлікке толы Бүгініміз,  алыстан қол бұлғайтын Болашағымыз қымбат.

– ХХІ ғасырдағы қазақ идеясы неден күш алуы керек? Қазақты біріктіру идеясын қолдаудың алғышарттары бар ма? Бүгінгі қазақ элитасы ұлттың мәселесін, ұлттық мүддені айналып өтуге тырысады. Неліктен деп ойлайсыз? Элита қазақ мүддесіне қашан бет бұрады? Оған қандай жағдайлар ықпал етуі мүмкін?   

- Оған тек Ортақ іс қана ықпал ете алады. Біздің  билік жүрекпен жұмыс істеуі керек. Биікке қол сермеймін деген адам үшін ең бастысы осы. Мұндай шеберлік билік басындағылардың бойында сирек кездеседі. Әсілі, бұл – оларды шынайы саясаткер ретінде қалыптастыратын қасиет. Жүрек қалауымен жұмыс істегенде ғана «елге қызмет ету» деген бос сөз емес, үлкен мәні бар ұғымға айналады.   Көптеген элита өкілдері қазақтың мүддесін көздеуге дайын да болуы ықтимал. Тек олар нақтылы неден бастауды білмеуі мүмкін. Олар сонда не істеуі керек десеңіз, менің ойымша, арқа сүйеуге тұрарлық ұғынықты әрі түсінікті Ұлттық жоба керек. Әйтпесе, әркім-әркімнің ізгі ниетінің титтей де пайдасы болмайды және оның түкке де керегі жоқ.

 

Сұхбаттасқан Рауан ІЛИЯСОВ,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер