Той туралы ой

4407
Adyrna.kz Telegram

Тойдағы дастарқанның сәнін дұрыстадық, ал той өткізудің мәнін дұрыстадық деп айта алмаймыз. Тойдан көбіне демалып емес, сарсылып отырып, шаршап қайтамыз. Кінә кімнен… Қазақтың тойы – ұлттық тәрбие бесігі болған. Әдет-ғұрыптың, салт сананың, өнердің бағын ашатын бақ сынайтын кезі той үстінде өткен. Әрине, қазір емес. Бұрындары… Ал қазіргі тойлардың түр-түсі бөлек, мазмұн, маңызы да өзгеше. Жаңашаланды деп жүргендеріміз де бар. Жалықтыратын, жалпақшешейлікке, батыстық та, шығыстық та емес, әркім ойына келгенін істейтін шараға айналып бара жатыр деп жүргендеріміз де бар.

УАҚЫТ – АЛТЫН

Шындығында осы тақырып та бүгінгі күні көпшілік болып ой қозғап, пікір таластыратын деңгейге келіп тұрған сияқты. Өйткені Қазақ елі атануымыз үшін емес, болуымыз үшін, ұлттық құнды­лықтарымызға бет бұруымыз «бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» ұстанымын ұғындырады емес пе?
Атақты бабаларымыз Жам­был, Кенен, Шашубай, Сүйінбай, Нұрпейістің ақын­дық, айтыскерлік өнері, Балуан Шо­лақтың, Қажы­мұқан­ның алып күш­тің иесі ретінде шыңдалу мектептері қазақ­тың ұлан-асыр тойларының төрі болғаны бар­шамызға аян. Осындай жолмен та­ныл­ған атақтылар есімін соза беруге де болады. Бірақ бүгінгі айтпағымызға ора­лайық, бүгінгі тойларымыз қалай, қай­тып, қандай үлгілі тұстарын, ұлттық үрдістерін ұстанып тұр. Әңгіме етіп кө­рейік. Бұл жерде кінәлап, ешнәрсені жоқ­­қа шығару ойымызда жоқ. Әңгіме арқауы – тойды қалай өткізгеніміз тиімді, қайтіп ұлттық құндылықтарымызды, салт-дәстүр ерекшеліктерімізді ескеріп пай­­даға жарататын шараға айналдырамыз.
Сонымен, тойға шақырылдық дейік. Той иесінің құрметпен күтетіні алдымен, әрине, қонақтары. Бар жиған-тергенін тойға жаратуға ар­наған қазекем қонақтарынан еш­теңесін аямайды. Сол сыйлы дастар­қанға отырудың уақыты мезгілінен 2-3 сағат кешігуі әдетке айналды. Кешкі жетіге шақырса тоғызда немесе онға таман әрең жиналамыз. Сонымен кешігіп басталған той алдымен келген бірен-саран тәртіпті қонақтарды да, күте-күте екі көзі төрт болған той иелерін де шаршататыны ақиқат.
Жақында бір тойда ауылға қадірлі қартқа сөз берілді. Жастарға тілегін арнап, батасын беріп тұрып былай деді:
«Құрметтеп шақырылған соң кемпіріміз екеуміз кешкі шайымызды да ішпей, уақытында келдік. Тойды үш сағат өткенде әрең бастап отырмыз. Неге уақытында келмейміз. Мынау ұят емес пе? Тәртіпсіздік қой барып тұрған. Барын алдымызға жайып күтіп отырған той иелерінен де ұят емес пе? Үй болып жатқан жастарға үлгіміз қайсы. Уақыт – тәртіп емес пе?…»
Қарт зейінді қазып айтты. Шынында да, бүгінгі жағдайымыз осындай. Қазір қай жерде де шұбатылып тойға жиналып болмаймыз. Тойдың думанды, көңілді өтуіне де кешігудің кедергісі көп. Кеш басталған тойдың алғашқы дастарқанының өзінен тұрғанша түннің бел ортасы болады. Мезгіл ұзап өткен сайын адамның тағамға да, ойын-сауыққа да зауқы соқпайды. Сонда өзімізге де, той иесіне де жайсыз жағдайды біле-тұра неге жасаймыз.
Уақытында келмегеннен, уақытты бағаламағандықтан осылай текке шар­шаймыз. Тойға шақыру алдын ала хабар­ланатыны белгілі. Баратын бол­ғасын неге кешігеміз? Уақытқа жауап­кершілікпен қарағаннан жас та, кәрі де ұтылмаса керек. Уақытында бар­сақ үй иесі де риза. Ерте басталса, ерте аяқта­лады. Әрине, тойға сыйла­ғаннан, ұялғаннан, арадағы сыйластық, қарым-қатынасқа сызат түспесін деген ниетпен барамыз ғой.
Халқымыз ұлт болып қалып­тасқан­нан бері екі нәрсеге қатал қараған. Оның бірі – тіл болса, екіншісі әдет-ғұ­рып. Өйткені «салты мықтының – халқы мықты» дегенді де айтып кеткен көнекөз данышпан бабаларымыз.
Қай халықтың да ең қадірлі тойла­рының бірі – үйлену тойы. Ата-ана барын шашып, ағайын, жекжаттың та­тулығы мен ауыз біршілігін үлгі­лейтін үлкен жанұялық мере­кесі де осы. Ал оның қонақ күту­ді, той өткізуді жоспарлаған бағдар­ла­масының мезгілінде басталмай ырың-жырың болуының несі жақ­сы. Тойдың шаруасы әркімнің жеке ісі екені даусыз. Дегенмен, әдет-ғұрып, салт-дәстүріміздің заман өзгерісіне сай озығын үлгілеп, тозығын толықтырып, өзімізге тиімді тұстарын бірлесіп бір жеңнен қол бір жағадан бас шығарып жетілдірсек, тәрбиелік мазмұнын мұ­қият­тасақ қалыпқа түспейтін, қажеті­мізге орайласпайтын несі бар.

АСАБА

Тойдың көңілді, мазмұнды өтуі асабаға тікелей байланысты. Ұш­қыр ой, ұтқыр сөз, жарасымды әзіл-қалжың, тәрбиелік мәнді айшықты әңгіме, қонақтарды жа­лықтырмайтыны белгілі. Сөздің құді­ретіне бас иіп, бүкіл ғұмырын, тарихын сөзбен жасаған, жауын да, дауын да сөзбен тоқтатқан, сөзбен шешкен халықтың ұрпағына сөз киесіне ерекше ден қоюы заңдылық. Тойдағы дастарқанның сәні де, мәні де асабаның шеберлігіне байланысты екені рас.
Атақты Досбол шешеннен «Қол бастау қиын ба, жол бастау қиын ба» деп сұрағанда: «Қол бастау қиын емес – көк найзалы ерің болса, жол бас­тау қиын емес соңыңнан ерген елің болса, бәрінен де сөз бастау қиын, тауып айтсаң мереке қылады, таппай айтсаң келеке қылады» деген екен. Тойдың көңілді, ән-күймен мазмұнды өтуі асабаға байланысты дейтініміз де осыдан. Күлдіретін де, бүлдіретін де, жылататын да, жұбататын да – тіл. Содан да қандай ортада болмасын оған жүрдім-бардым қарау тыңдаушыңды сыйламау дер едік.
Соңғы кезде той басқаратын аса­балар­дың көбі әзіл-қалжың айтуға назар аударуда. Бірақ күлкінің де реті бар. Күлдіре отырып білдіруге де, бүлдіруге де болады. Жеңіл, мазмұны мәнсіз, ырқыл-жырқыл күлкі де, езу тартып-ақ елді аузына қарататын астарында атан түйеге жүк боларлық мағынаны аңғартатын күлкі де бар.
Ұзын-сонар өңкей әзіл айта беру де отырыстың дәмін кетіріп, қонақтарды мезі ететінін көріп жүрміз. Ұтырлы, керек жерінде қысқа да нұсқа айтылған әңгіменің қандай орында да бағасы басым. Қандай да болмасын әзілдің де, әңгіменің де астарында сол күнгі той иелеріне лайық тәрбиелік мәні бар ой жатқаны жөн емес пе?
Бір үйлену тойында асаба қазақ­тың ескі жырларынан бір­шама төк­пектетті. Жырдың негізгі мазмұны қарттықтың қауқары кете бастаған­дығы, арман мұңы, сексен, тоқсанға кел­гендегі сәттерін баяндайтындай болды.
Тілек кезегі келгенде елге сыйлы бір ағамыз: «Қарағым асаба, бүгінгі той жастардың отау құру тойы. Жырыңды айтсаң жастыққа орай мазмұны барын айт. Сенің жаңағы кәріліктің мұңын тыңдатар тойың бұл емес. Бұл сексен, тоқсанның мерекесі емес» деп тұқыртып тастағаны бар.
Сөздің қадірін білетіндер қалт жібермейді. Сөз айтылған соң тың­далады да, бағаланады деп есептеуіміз керек. Көпшіліктің алдында аңдамай сөйлеп, ауырмай өлуге болмайды.
Сөзге шеберлік, суырыпса­лмалық, ұтқыр­лық асабаға жарасымды қасиет­тер. Қонақтар мен той иесінің арасын әдемі жымдастырып жарасымды үйлес­тіріп отыру асабаның шеберлігіне тән.
Сонымен асабалардың қалтасын­дағы қалжыңдары, қоржынындағы ойындары бірсарынды өрбіп, тойға жиналғандарды жалықтырып жібе­ретін тұстары аз емес. Шыны керек, соңғы кездері қазақы мәдениетіміз, салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз ұмыт қалып, қазақтың тойы өзіндік мәнін де, мағынасын да жоғалтып бара жатыр деушілер аз емес.

БЕТАШАР

Қазіргі тойларымыздағы қа­заққа тән дәстүрден қал­ғаны – Беташар. Оның да «ойпырым-ай» дегізер тұстары жетерлік. Алдымен «Беташар» туралы ғылыми негізделген тұжырымдарға жүгініп көрейік. «Беташар» – дәстүр. Жаңа түскен келінді «Беташар» дәстүрін жасамай ешкім көре алмайды. Оны көру үшін әдемі «Беташар» жасалады. Оған тойға жиналған туыс-туғандар тегіс қатысады. Жас келіннің екі жағында екі көргенді келіндері қолтығынан ұстап тұрады. Мұнда беташар жыры айтыла отырып, келінге оның атасы, енесі, басқа да туыстары таныстырылып, келін оларға сәлем жасайды. Бет ашатын ән-жырды желдірте, көңілді көтере жыр төгуі керек. «Келін келді көріңіз, көрімдігін беріңіз» деп бастаған әнші жігіт жас келіннің аталған жақындарына лайықты әзіл-қалжыңдарын араластыра «көрімдік» сұрап, жұртты көңілді күлкіге қарқ қылады. «Беташар» тойдың басы әрі сәні, жас келіннің жаңа өмірге бет алғанын білдіретін қызықты, салтанатты, ажарлы дәстүрлердің бірі, – дейді салт-дәстүр туралы айтып, жа­зып жүрген аузы дуалылар. Ал біздегі бүгінгі жайына көз жіберіп, көңіл бөліп көрейік.
Тойханада түннің алғашқы жартысында беташар жасап жатамыз. Келінге тойға келген қонақтардың ешқандай туыстық қатынасы жоқ қонақтарға да, бесіктегі балаға дейін атын атап сәлем салдырып жатамыз.
Күндіз түскен келіннің бетін түн­нің ішінде аштыруымыз қалай, босаға аттамай, ешкім бет ашпай тұ­рып көрмеу керек деген дәстүр-салтымызды сақта­мауымызға не кедер­гі, не себеп?
Дәстүрдің өзі ұлттық ерекше­лікке негіз­делген тәртіп емес пе? Дәстүрлі ша­ралары дұрыс жасалмаса, тәрбиелік сә­нінен айырылса беташар жасап не керек.
Туыс, жекжаттың қатынасы жоқ жалпақ жұртқа сәлем жасату – беташарды бизнеске айнал­дырып жүргендердің әрекеті. Салт-дәстүрімізге қатысты ұлттық құн­ды­лық­тарымызды ақша табудың жолында құрбандыққа шала берсек бара-бара не боламыз?

КӨП СӨЗ…

Қазіргі тойларымызда тілек айту бәсекеге айналып болды. Сөйлемесек ренжитінді шығардық. Тойдың негізгі уақытының жартысынан көбін ойын-сауық, көңілді ән-жыр, биге емес, сөйлеуге жібереміз. Әрине, айтарымыз бір мазмұндағы әңгіме. Осы жерде бір айта кетеріміз, тойға 200-300 қонақ шақырылды делік. Тілек реті көбіне бес-алты адамнан бастап, он бес-жиырма адамға дейін топтап беріліп жүр. Құдаларға, туыстарға, нағашы, тағысын-тағы топтастырылып тілек кезегіне шығады. Осы жерде топтың ішінен жасы үлкен ауызы дуалылау, айтары бар бір-екеуі сөйлесе қалғандары қосылып құптап жатса нұр үстіне нұр емес пе? Көпшілікті де жалықтырмаған, шаршатпаған болар едік. Үлкендер үлгі тұтар уәжін айтқысы келетін болар, ал қазір жастарымыздың бірінен-бірі қалмай сөйлеуге ынтасы мықты. Жақында бір тойда үйленіп жатқан жастардың сыныптастары, жұмыстастары, жиырмаға жуық жасқа тілек реті жолданды. Бірінен-бірі қалмай бәрі сөйлемесі бар ма? Уақыттың басым бөлігін ойын-сауыққа, қонақтарды демалдыратын шараларға бөлсек, кәнеки. Тойдан шаршап емес, сауық-сайранға сусындап қайтар едік.
Той, үйлену тойы – жеке мереке. Оған әр түрлі адамдардың пікірі мен көзқарасын таңа беруге болмайды, қалай өткізем деу әркімнің өз шаруасы. Дегенмен, ұлттық әдет-ғұрыптарымыз бен салт-дәстүрлеріміз халқымыздың тәрбиелік талай жылғы тәжіри­бесінен тұрмысқа енген. Озығын алып, тозығын тастап, өзге ұлттың қаңсығын тықпалап таңсық етпей, ұлттың өркениетке икемделген тұстарын жетілдіре пайдалансақ, сонда ғана пайдалы, рухани жағы­нан да тойдан тойып қайтатын боламыз.
Қысқасы, тойды өткізу өз қолы­мызда, өзімізге-өзіміз қожамыз. Ұлт­тық салт-дәстүрімізден ұлтшыл­дық кінәрат іздейтін заман өтті. Жеке шаруа­ның қайсы да әрқайсымыздың өз ықы­ласымыздың ерік-жігеріндегі шаруа.
Күнделікті тұрмысымыздағы осы бір қуанышты атап өтудің кем-кетік­тері қалада да, ауылда да, айыр­машылықсыз, бір-біріне ұқсап осылай өтіп жатыр.
Сонымен қорыта айтсақ, бүгінгі тойымызға қазақы өзгеріс керек. Оны ешкім жасап бермейді. Өзіміз жасауымыз керек. Ауыл болып, ағайын болып ақылдасып қолға алуымыз қажет. Бүгінгі қосыла салып айырылысып жатқан жаста­рымыздың санасына ұлттық дәс­түріміздің ұлағатты үрдістерін үйлену тойының үстінде де үлгі ете білсек, аз-аздап болса да сіңіре білсек олай болмаған болар еді.
Біздің тойларымыздың көбінде жүйелі бағдарлама жоқ сияқты. Себебі той десе қу бас домалайды деп қаржы жинап, жетпесе несие алып тойға шашыламыз. Есептеушілердің сараптауына қарағанда, біздің жан басына шаққанда банкет, мәзі­ріміз 18000 теңге мен 40000 теңгенің аралығы екен. Ал әзір­байжандықтардың бір адамға арнал­ған той мәзірі 7000 теңгенің айналасында болса, армян халқының бір адамға тойға жұмсайтын шығыны 1318 теңге. Қарап отырсақ, қазақ сияқты тойға қып-қызыл шығын шашатын ұлт жоқ. Айт­пақшы тойды дабырамен, уақыт­пен санаспай өткізуге үзілді-кесілді тыйым салған көрші елдер бар. Ал біз­дікі есепсіз ысырап, тәрбиелік мәні­не көп көңіл бөлінбейтін шараға айналып бара жатқан сияқты.
  
М.ӘДІЛХАНҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

Ақтөбе облысы,
Темір ауданы,

"Ана тілі" газеті

 

Пікірлер