Аңыз жайындағы аңыз немесе ауызекі мәдениеттің пайда болуы турасында бір-екі толғам

3694
Adyrna.kz Telegram

Ескі ақылдың пайдасы Бұл 1966 жылы болған оқиға еді. Осының алдында ғана қазіргі Шығыс Қазақстан, бұрынғы Семей облысының Аякөз ауданы айналдырылған, Шұбартау деген жаңа әкімшілік нысан пайда болған. Сол жылдары Тельман Құсатаев деген адам біздің ауылымызға директор болып келді. Керемет іскер басшы еді. Аз жылдың ішінде біздің ауылымыз миллионер совхозға айналды. Міне, осы 1966-шы жылқы жылы ерте көктемнің басында ауылдың бір топ жөн білетін қариялары директордың қабылдауына барады. Тумысында текті, көргенді және Сталин заманының қатал тәрбиесінен өткен Тельман ағамыз үлкен адамдарды иіліп қарсы алады, жақсылап мәжіліс құрады.

Осы мәжіліс үстінде жыл санаумен бала кезінен жақсы таныс қариялар, директорға алдағы жыл – қой жылында жұт болатынын, сол жұтқа дайындалу керегін айтады. Тельман ағамыз алғашында қатты күмәнданып, қой жылы жұт бола ма екен, жұт әдетте доңыз жылына келмеуші ме еді дейді. Үлкендер жөн-жобаны қайыра түсіндіреді. Осыдан кейін директор дайындыққа кіріседі. Әуелі арық-тұрақ, көтеремнің барлығын сұрыптайды, етке айдайды. Таңбалы жас малды іріктеп алып, кәрі табынды, кәрі отарды шығарып тастайды, оны да етке айдайды. Алыстағы шабындықтарды алдымен шауып, пішенді қыстауларға ерте тасытады. Осы тынымсыз дайындық өз нәтижесін берді. Қой жылы қыс қатты болды, құрық бойы қар жауды. Ол қар бірнеше күн қысқы шілде кезінде азынаулақ дегдіп, еріп, қаңтардың қызылшұнақ аязында темірдей болып қатты. Содан соң бүкіл аудан, бүкіл Арқа көлемінде малдың қырғыны басталды. Бұл жұт туралы сол кездегі бұқаралық ақпарат құралдарынан мәлімет іздеп әуре болмай-ақ қоюға болады. Себебі, марксистік коммунистік теория бойынша социалистік қоғамда малдың жұттан, індеттен қырылуы мүмкін емес. Жалпы жұттың яки басқа апаттың болуы мүмкін емес, социалистік қоғамда. Себебі… себебі, жаратылыстың өзі социалистік қоғамға ықылас-пейілді. Табиғат құбылыстарының өзі Ленин атаның айтқанымен жүріп-тұрады. Сол себепті, баспасөз, ештеңе болмағандай, социализмді жырлап отыра берді. Сол себепті Семейдің Шұбартау ауданы Калинин атындағы совхозының директоры Тельман Құсатаевтың бір бас малды шығынға ұшыратпай алып шыққан әрекеті елеусіз қалды. Естуімізше қыс-қыстаудың нәтижелеріне және алдағы міндеттерге байланысты Семейде өткен, облыстың бүкіл совхоз директорлары қатысқан партактивте, жоғары басшылар, қоғамдық дәулетті қорғаудың, сақтаудың таңғажайып үлгісін көрсеткен директорды бір ауыз сөзбен атап кетуге де жарамапты. Ал Тельман ағамызға ақыл-кеңес айтқан қариялар ше? Олардың бар-жоғын ешкім білмейді. Және ол шалдар, былайша айтқанда… өздерінің ерлік істегенін білмепті. Білетіндерін бастыққа айтты, ескертті. Болды. Азынаулақ малын бағып, шайын ішіп, кемпірімен бір ұрсысып, бір татуласып қазақтың шалы осылай жүре беріпті. Тек ақылды бастық, жұттан кейін ес жиған жаз келіп, жаздан кейін күз келгенде қарияларды үйіне қонаққа шақырып, рахметін айтып, сый-сияпатын беріп шығарып салыпты. Ретімен жылжып уақыт өтті. Есейіп, әрқайсымыз өз жолымызды таптық. Әскерден кейін Абай атындағы Қазақ Педагогика институтының филология факультетіне оқуға түстім. Бірінші курстан кейін жазда үш мұғалім – Асхат Әбілқаев, Мереке Жаманов және Мұхтар Мағауин елу студентті бастап Талдықорған облысының Ақсу ауданына фольклорлық практикаға бардық. Ел ішінен ауыз әдебиеті үлгілерін жинадық. Алматыға қайтып келіп үйді-үйімізге тарардың алдында барлығымызға, өз ауылдарыңнан де ертегі, аңыз-әңгіме жинай жүріңдер деп тапсырма берген. Ауылға келгеннен кейін сөз білетін қарияларды шұқылай бастадым. Менің нағашы атам, күйші Жүнісбай Стамбаевпен өмір бойы сыйласып өткен Мырзахан деген ақсақал бар еді. Баяғы Тельман ағамызға жұт жайын ескерткен адамның бірі екенін білемін. Осы турасында әңгіме болды. Мырзахан ақсақал бірнеше отырыста мүшел дегеннің не екенін, ескі жыл санаудың жөн-жобасын ұғындырған. Ал осы жыл санау не үшін керек дегенімде, ақылды қария ойланып отырып былай деді:

– Мына дүниенің қуаныш-сүйініші, қасіреті мен қайғысы өзінің ретімен, кезегімен келіп отырады, қарағым. Жақсы мен жаман, қалай болса солай келе салмайды. Нәубет болсын, нәсіп болсын, өз жүйесімен келеді. Жыл санайтын есепшілер осыны, жұттың қай жылдары қайталанып отыратынын, тағы да толып жатқан нәрселерді біледі. Үйренсең сен де білетін боласың. Содан соң ет пенен шай алмасып келіп отыратын қазақтың ұзақ дастарханында сенудің өзі қиын мәліметтерге қанықтым. Он екі жыл бір мүшел. Мүшел бес рет айналады. Бұл «айналма мүшел» деп аталатын алпыс (60) жылдық кезең қазақта «бір жас» деп айтылады екен. Мысалы, «екі жастың біріне де келмей өлді» деген сөз алпысқа жетпей өлген адамға айтылады.

– Алпыс жыл «бір жас», немесе «бір жыл» деп аталады екен, олай болса биыл, сондай жылдың нешіншісі? – деп сұрадым. Қазақ Ордасының шамамен 1456 жылы құрылғанын, содан бері, тағы да шамамен 521 жыл өткенін білемін. Қағаз-қарындашымды алып ілезде есептеп шығардым. Алпыс жылдық «айналма мүшелдің» сегіз жарымы өтіпті. Осыны айттым.

– Сегіз жарым мүшел шығар? – дедім.

– Жоқ, – деді Мырзахан ақсақал басын шайқап күліп.

– Енді қанша? Қария төбемнен тоңқ еткізген.

– Биыл 270-ші жыл. Есептедім. Сенбедім. Себебі есеп бойынша 16 200 жыл болып шықты. Осыны айттым.

– Иә, жылға айналдырса солай болатын шығар, – деді ақсақал келісіп. Үйге келгеннен кейін қайтадан есепке отырдым. Ол 1977 жылдың шілде айы еді. Бүкіл әлемде қабылданған христиан календары бойынша солай. 1977-жыл. Мұсылман календары (Хиджра) бойынша 1398-жыл. Ал біздің жыл санауымыз бойынша 16200-жыл. Егерде жер бетінде қазақтың жыл санауы деген бар болса, онда біздің календарымыз (немесе, қазіргіше айтқанда – күнтізбеміз) бойынша осылай. 16200 жыл! Сене алмадым. Ешкімге көрсеткем жоқ. Өзім сенбесем, басқаны қалай сендірем. Әрі-сәрі күйде едім. Сенбейін десем, бұл мәліметті берген Мырзахан ақсақал өмірінде өтірік айтып көрмеген адам. Сенейін десем, ақылға сиятын емес. Кейіннен Асқар ағаға (Сүлейменов) айттым. Сенді.

– Солай екеніне ешқандай күмәнің болмасын, – деген еді ол әдетінше сигаретін бұрқыратып отырып, – тек жазба мәлімет қана керек. Анау Карл Ясперс деген, адамзат тарихын зерттегенде, бес мың жылдан арыға баруға болмайды, деп «жарлық» шығарып қойыпты ғой. (Асекеңнің айтып отырғаны, белгілі неміс ғалымы Карл Ясперстің «Смысл и назначение истории» – «Тарихтың мәні мен мұраты» деп аталатын кітабы еді. Бұл кітабында ғалым, адамзат тарихына қатысты ең көне жәдігердің жасы – 5 мың жыл. Одан арғы тарихты куәландыратын бір жапырақ қағаз жоқ. Сол себепті, біз, осы 5 мың жылдық тарихты ғана әңгіме ете аламыз, тарих ғалымы осы кезеңнен ары бара алмайды, бармау керек, тек осы кезеңге ғана үйірілуі керек деп жазған). Содан соң Ерік досыма (Көкеев) көрсеттім есеп-қисаптарымды. Қалтқысыз сенді. Асқар ағаның сөзін қайталап, жазба мәлімет болса, қазақ календары деген ұғымның ғылыми айналысқа енуі ғажап емес деді. Джеймс Черчвардтың ерлігі Күндердің күнінде шумертану (шумерология), ассириятану (ассирология) деген ілімдердің бар екені, адамзат тарихы жоғарыда аты аталған Карл Ясперс белгілеп берген 5 мың жылдық мерзімді қанағат ете алмайтындығы, ол шектен баяғыда өтіп кеткендігі аян болды. Сондай-ақ Олжас Сүлейменовтың «Аз и Я» кітабы жарық көргеннен кейін қазақтардың шумертанумен айналысуға хақысы жоқ екені және аян болды. Шамасы, ғалымның қолында байырғы қаңлы (скиф) мен ассирия, қаңлы мен Бабылдың арақатынасы тарихына қатысты мол мәлімет болған. Алайда «Аз и Я»-дан кейін Ресей ғалымдары бастаған лаңның әсерінен, кесірінен, Қазақстанда 37 жылдың елесі қайта тірілгендей болды. Одақтық және қазақстандық баспалардан шығайын деп жатқан қаншама кітаптар тоқтатылып, қайыра цензурадан өткізілді. Әрине, ол мәлімет жерде қалған жоқ, ақынның «Қыш кітап» («Глиняная книга») атты әйгілі поэмасына өзек болды. Бірақ бәрібір, оқи білетін адамға, сюжетте келтірілген мәліметтер дастанға сыймай лақылдап төгіліп жатқаны, ғылым бола алмағандықтан, амалсыз көркем шығармаға айналғандығы айқайлап көрініп тұрар еді. Кейіннен заңды-заңсыз жолдармен тағы да қаншама мәліметке қол жеткіздік. Содан соң совет халқының интеллектуалдық дамуын бір ғасырға, ал қазақ ойының жетілуін кем дегенде екі жарым-үш ғасырға кешеуілдеткен «темір перде» құлағаннан кейін, батыстан озық әдебиет келді. Ағылшынның белгілі ғалымы Джеймс Черчвардтың еңбектерімен осы кезде танысып едім. ХІХ ғасырдың 60-жылдары Индиядағы ағылшынның отарлық армиясының офицері Джеймс Черчвард сол жердегі ғибадатханалардың бірінде ұмытылып кеткен көне жазумен жазылған қыш кітаптарға жолығады. Осыдан бастап Д.Черчвард жер бетінде болған, кейіннен жойылып кеткен көне өркениеттердің тарихымен айналысады. ХІХ ғасырдың аяғы мен бүкіл ХХ ғасыр бойы батыс әлеуметінің ғылыми хрестоматияларының бірі болған, ғалымның еңбектері арада кем дегенде 130 жыл өткенде бізге әзер жетіп отыр. Міне, құрметті оқырман, менің замандасым болсаңыз – өзіңіз көрген, ал бағыңызға қарай дүниеге кейін келген болсаңыз, онда өзіңіз көрмеген, бүгінде өткен тарихқа айналған совет қоғамы мен оның ғылым-білімінің сиқы осындай еді. Сонымен, әңгіме, Д.Черчвардтың басты еңбегі – «Көне континент Му» («Древний континент Му») кітабы жайында. Бүгінде ат төбеліндей аз ғалымдар тобы ғана білетін, санскриттен де арғы, ең көне жазумен жазылған қыш, тас кітаптарды тірнектей зерттеген, тағы да қаншама қосалқы мәліметтерді қатыстырған ғалым ақырсоңында таңғажайып тұжырымға келген. Бұл тұжырым бойынша Тынық мұхитта, қазіргі Мұхитстан (Океания) жерінде алып құрлық (континент) болған. Құрлық Гонолулу мен Гавай аралдарынан оңтүстікке Фиджи аралына қарай 5 мың мильге (1 миль – 1,6 километр), қазіргі Палау аралынан шығысқа, Француз Полинезиясы, Туамоту аралдарына қарай 3 мың мильге созылып жатыпты. Әлемдік картаға қарасаңыз Жаңа Гвинея мен Австралия және сол Мұхитстанның әр жерінде шашырап жатқан сансыз аралдар осы ұлан-ғайыр континенттің аман қалған бөлшектері, сынықтары ма деп қаласыз. Мінекей, әлемдік ғылым тарихи жәдігер деп көп мойындағысы келмейтін осы қыш кітаптарда айтылғандай, аталған құрлықта осыдан 50 мың жыл бұрын адамдық тіршілік басталыпты. Кітаптарда бұл материк Му деп аталады. Дами келе, өркендей келе бұл құрлық бүкіл әлемге өзінің үстемдігін орнатады. Халқының саны өсе келе 60 миллионға жетіпті. Санасы өте биік өркениет жер бетінде иманды, әділетті заман орнатады. Ескі жәдігерлерде көп айтылатын, адамзат басынан өтіп кеткен ұжмақтай Алтын заман осы екен. Құрлық, арасы тар бұғаздармен бөлінген үш аралдан тұрады екен, осы үш алып аралда негізгі жеті үлкен қалалар мен ауылдар болған. Құрлық тұтастай аса биік емес төбелерден тұрады екен, тропикалық ықылымда тұрғандықтан қалың жыныс орман, сай-сала сылдырап аққан бұлақ, қисабы жоқ өзен мен көл, игерілген жерде таңғажайып миуа, хош иісті гүлдер. Адам мейірімді, қоғам мейірімді болғаннан кейін даланың тағы аңдары еш сескенбей үй малымен қатар жайылады. Әлеумет өте білімді болған. Әсіресе, астрономия, сәулет өнері, математика, теңізшілік биік деңгейде дамыған. Бүгінгі заманда әлемнің әр түкпірінде қалай есептелініп, қалай салынғаны белгісіз заңғар ғимараттар, пирамидалар, тағы да толып жатқан құрылыстар, сол ұлы өркениеттің бізге жеткен жұрнақтары дейді ғалым. Әлбетте, Джеймс Черчвард ағылшын болғандықтан, қанына тартпай тұрмайды. Му континентінің халқы негізінен ақ нәсіл еді, бірақ сонымен қатар сары, қоңыр, қара нәсілдің өкілдері де болды деп жазады ғалым. Алтынмен аптап, асыл таспен безендірілген алып сарайлар алғаш осы құрлықта салынған, әлемді шарлайтын алып кемелер алғаш осы құрлықта жасалған. Нәсілшілдік, адамды кемсіту атымен жоқ, сол себепті империяның қай салада жеткен жетістігі болса да бүкіл әлемге, барлық адамзатқа ортақ (Және, Д.Черчвардтың сөзінің жаны бар екенін мойындауымыз керек, себебі, Мұхитстан аралдарының қазіргі тұрғындары шынында да қан, ген жағынан ақ нәсілге өте жақын екені белгілі болып отыр). Әлем бір ғана билікке мойынсұнған, бір ғана императорға бағынған. Ол кезде планетада игерілмеген жер болмапты. Жер шарында қанша топырақ бар, қанша жұрт бар – барлығы да есепте. («Ашылмаған жер», «Жаңа жер» – бұл ХV ғасырда Еуропа теңізшілігі өркендеп, ақ нәсіл географияны меңгеріп, жер шарын қайта тани бастағанда пайда болған терминдер). Империяның құрамында қанша түрлі нәсіл, халық бар – барлығы да тең хұқықты. Ол кездегі империяның колониясы біздің ұғымымыздағы отар емес. Ол кездегі діннің асылдығын, дүниетанымның тазалығын айна-қатесіз бейнелей алатын термин табу қиын. Біз ойланып отырып (және қинала отырып) сол ықылым замандағы адамдық мәдениетке ең жақын келеді-ау деп «экологиялық сана» деген анықтаманы таңдап алдық. Бұл терминді қазіргі ұғымда, яғни адамның табиғатқа, қоршаған ортаға деген жауапкершілігі мағынасында емес, аса кең мағынада түсінген абзал. «Адам нәсілдері ғана емес, адам мен хайуанат, адам мен өсімдік – барлығының хұқығы тең, себебі барлығын Құдай жаратқан». Міне, қысқашалап айтқанда, Д.Черчвард әңгіме етіп отырған, осыдан елу мың жыл бұрын тіршілік кешкен қоғамның ұстанған негізгі ұстанымы осы. Ол кездегі колония-империяның қамқорлығындағы жұрт дегенді білдіреді. Кезі келеді, колония есейіп, өзін-өзі билей алатын дәрежеге жеткенде империядан бөлініп шығады. Алайда, жаңа егемендік, империядан еншісін алып бөлек шыққанымен адамдық қоғамнан бөлек кетпейді. Колонияның жерінде де бүкіл империяға ортақ, ең әуелі және ең соңында, яғни басынан аяғына дейін адамшылыққа, экологиялық санаға негізделген заңдар жүріп тұрады. Жоғарыда айтқанымыздай, бұл кезең, адамзаттың ең көне жәдігерлерінде «Алтын ғасыр», «Алтын заман» деген атпен қалыпты. Құрлықтың күйреуі Му континенті қалай күйреді, таңғажайып, ертегідей әлеумет адамзат тарихынан қалай кетті, көне жәдігерлерде көп айтылған алып құрлық бүгінгі карталарда неге жоқ, енді шама-шарқымызша осы сұрақтарға жауап беруге тырысайық. Бүгінгі тарих ғылымы Карл Ясперс кезінде белгілеп берген 5 мың жылдық уақыт кеңістігінде өрістеді. Ал бұл мерзімде адамзаттың есінде қалатындай бүкілпланеталық апат бола қоймаған сияқты. Бола қалған күннің өзінде ол апат есепке алынбас еді, себебі апаттар теориясы, Ч.Дарвин қалыптастырған, эволюциялық жолмен біртіндеп даму теориясына қайшы келеді. Д.Черчвард және тағы басқа ғалымдар қалыптастырған бұл теория адамзат тарихын жердің геологиялық тарихымен байланыста қарайды, сол себепті бүгінгі ғылым жауап бере алмайтын көптеген сауалдарға аталмыш теория ғана жауап бере алады. Жер бетінде кездесетін феноменальдік артефактардың шығу тегін дарвинизм түсіне алмайды. Және түсіндіріп бере алмайды. Мысалы, адамның етін қорек ететін, дамудың ең төменгі сатысында тұрған бір тайпа табылды дейік. Сол табылған жерін атам заманнан бері, мыңдаған жылдар бойы мекендеген. Күндердің күнінде ғалымдар, тайпаның жерінен алып пирамида, немесе асыл таспен безендірілген салтанатты сарайдың сынықтарын табады. Бұндай сарайды турғызу бүгінгі техниканың қолынан келуі де мүмкін, келмеуі де мүмкін. Ал енді осы сарай мен пирамида немесе табылған басқа құрылыстың табиғатынан танылып тұрған өркениеттің деңгейін жер иесі – жабайы тайпаның даму деңгейімен салыстырып көріңіз. Әрине, салғастыра алмаймыз, себебі, арасы жер мен көктей. Ал апаттар теориясы, (ғылыми тілде «катастрофизм теориясы» – «теория катастроф», «теория катастрофизма») салғастырып түсіндіре алады, себебі, өркениеттің, жаратылыс құбылыстарымен бірге ілгерінді-кейінді дамитынын басшылыққа алады. Осы күні бірқатар ғалымдар (мысалы Иммануил Великовски) Библияда айтылатын ақырзаман суреттерінің Қиямет суреттері екеніне күмән келтіреді. Бұндай сұмдық көріністі, адам өз бетінше тұрып елестете алмайды, ақырзаман туралы сол ақырзаманды көзбен көрген адам ғана жаза алады дейді И.Великовски. Демек, Енжілдің пайғамбарлары, жер бетінде болған ғарыштық апаттардың бірінің немесе бірнешеуінің куәсі болған. Му континентінің жойылуын сондай ғарыштық апаттың бірі деп қараңыз, Д.Черчвард келтірген көне жәдігерлердің айтысында Му екі апатқа ұрынған. Алғашында бүкіл құрлық бірнеше рет сілкініп барып тоқтаған. Әрине, қаншама қалалар, алып сарайлар, тағы қаншама құрылыстар қираған. Континеттің халқы қирағанның барлығын қалыпқа келтіреді де, осымен тыным табады. Апат қайталануы мүмкін, келесі апат ақырзаман болуы мүмкін, құрлық жойылып кетуі мүмкін деген ой ешкімнің басына келмесе керек. Сонымен уақыт өтіп, алғашқы зілзала ұмытылып ертегіге айналғанда екінші және соңғы апат басталады. Ғалым келтірген «Троан манускрипты», «Кортестің кодексі», «Лхасаның шежіресі» сияқты көне жәдігерлер континенттің түбіне жеткен апатты былай суреттейді: «Бүкіл құрлық орнынан көтеріліп толқында тұрғандай шайқалды. Жер дауыл кезіндегі ағаштың жапырағындай қалтырады. Алтын сарайлар мен ғибадатханалар, ескерткіштер опырыла құлады. Қалалар тау-тау үйіндіге айналды», «Мыңдаған адамдардың өлім алдындағы айқайынан құлақ тұнды. Барлығы алтын сарай мен ғибадатханадан пана іздеді, алайда жердің жарығынан шыққан өрттен қашып, қайыра далаға шықты. Адамдар қолдарын жайып, «Құтқара көр бізді, Му!» деп жалбарынды». «Бір түннің ішінде алып құрлық бөлек-бөлек сынып, күндей күркіреп мұхитқа батты. Тұтастай өрт алған континент жаханнамның тұңғиығына бойлай берді», «Өрт барлығын жалмады. Му, және оның 64 миллион тұрғыны құрбандыққа шалынып кете барды». Құрлық жойылғанан кейін, енді жаңа зілзала келді. Ол – сексен миллион шаршы километр су, бүкіл Тынық мұхит еді. Жан-жақтан қаумалаған су, аспанмен таласқан алып толқындар бір кездегі ұлы өркениеттің орта тұсына келіп, бір-біріне шапшып барып тыным тауыпты. «Бақытсыз құрлық, адам атты махлұқаттың алғашқы отаны, өзінің байтақ шаһарларымен, алтын сарайларымен, барлық өнерімен, білімімен көрген түске айналды» деп жазады Д.Черчвард. Ал енді осы жойқын апаттан аман қалғандар бар ма еді? Бар болса, олардың тағдырлары не болды? Д.Черчвард бұл турасында былай дейді: «Апаттан аман қалғандар маңайдағы аралдар мен архипелагтарды паналады. Бір-ақ күнде барлығынан айрылған бұлардың қолында ештеңе жоқ еді. Іс жарататын сайман да, киім де, жейтін ас та, ештеңе де жоқ. Тек қана тұлақтай жер мен шетсіз-шексіз мұхит. Олардың бойын билеген үрей мен түңілісті елестету қиын емес. Өркениеттің бар базары жойылды. Енді не қалды? Қарап отырып аштан өлу. Мыңдаған шақырым жерде қалған бұрынғы колонияларға жүзіп баратын кеме де, қайық та, сал да жоқ. Көп адамның, апат әсерінен жынданып кеткеніне ешқандай күмән жоқ, басқалары тезірек өлім тіледі. Себебі, өлім азаптан құтқарады. Бұлар үшін тірі қалудың бір ғана жолы бар еді. Ол – каннибализмге бару, яғни, бір-бірінің етін қорек ету. Осылайша аса биік дамыған өркениет өкілдері жабайылықтың ең төменгі деңгейіне түсті. Өркениетті адамның бұндай астан алғашында жиіркенгеніне ешқандай күмән жоқ, сондықтан олардың көбі аталған жахилдікке бармай аштан өлді деп сенейік. Алайда, ғасырдан ғасыр өтті, ұрпақтар бірін-бірі тоқтаусыз алмастырды. Осылайша аралдардың бейбақ тұрғындары жабайылықтың тұңғиығына бата берді. Дінмен тиянақталған, ұрпақтан ұрпаққа өткен ізгі дәстүрлер ақырында толықтай ұмытылды. Адам санасынан көне абырой мен кісілік өшті. Му деп аталатын ұлы құрлықтың колониялары метрополияның өркениет жетістіктерін тағы біраз уақыт жоғалтпай ұстап тұрды, алайда империяның қамқорлығы тиылғаннан кейін, ақырындап олар да азып-тозды, ақырында жер бетінен жойылды. Ал көне өркениеттің, өлген өркениеттің жұртында жаңа өркениеттер пайда болды». Бұл жерде Д.Черчвард, Мұхитстанның көптеген аралдарын мекендеген, ген тұрғысынан ақ нәсілге жақын, алайда тас дәуіріндегі жабайылықта өмір сүріп жатқан тайпалар, ақиқатында, баяғы жоғары дамыған өркениеттің, Му деп аталатын ұлы империяның мұрагерлері дегенді айтып отыр. Джеймс Черчвард бұл жаңалықты ХІХ ғасырда ашты. Арада ғасырдан астам уақыт өтті. Әрине, жаратылыстану ғылымы осындай ұзақ уақыт барысында бір орнында тұрған жоқ. Дамыды. Техниканың ең соңғы жетістіктерін пайдаланды, үлкен жетістіктерге жетті. Бүгінде жаратылыстану ғылымы, тарих ғылымы Д.Черчвард сияқты пионерлердің айтқандарын, өткен ғасырда күпірлік болып саналған ойларын жарым-жартылай болса да мойындап отыр. Топанға дейінгі көне өркениеттерді зерттеген ғалымдар, Джеймс Черчвардпен бір мәселеде ғана келісе алмайды. Д.Черчвардтың қатесі – бір континенттің апатын бүкіләлемдік апаттан бөліп қарауында. Егерде Му континентінің жойылуы жергілікті апат болатын болса, онда бәрі де басқаша болар еді. Апаттан кейін апта өтпей, империямен екі арадағы қатынастың үзілгенінен, күнделікті пассажирлер мен түрлі тауар тасыған кемелердің келуі сап тыйылғанынан секем алған, империяның басқа жерлерінің, колониялардың тұрғындары, не болғанын дереу анықтауға тырысар еді. Болған жайға қанғаннан кейін тірі қалған адамдарды тасып алып кетер еді. Немесе, басқаша айтатын болсақ, Д.Черчвард айтқан, «Мұхитстан аралындағы жабайы қоғам» пайда болмас еді. Ұлы ғалым осы жерден ғана сүрінген. Ол айтқан, жоғары өркениетті Му континенті адамдарының Мұхитстан аралдарына жетіп, сол жерде жабайыланып примитив деңгейге түсуі бір ғана жағдайда – әлемдік апат бүкіл адамзатты жалмағанда ғана мүмкін. Осылай болғанда ғана, құрлықтардың барлығы күйреп, адамдар бір-бірін құтқармақ түгілі басымен қайғы болып кеткенде ғана, осындай дамыған өркениет іздеусіз қалады. Яғни, Д,Черчвард өз еркінен тыс, бүкіл әлемді қиратып, жайпап өткен, өркениет атаулыны жойған ұлы апат – Топанға келіп тірелген. Алайда, қолындағы мәлімет жетімсіз болғандықтан үлкен тұжырымдарға бара алмаған. Енді әңгімеміздің басындағы қазақ күнтізбесіне қайтып келейік. Көне елдік Д.Черчвард қытайдың жылнамасына сілтеме жасап отырып арғы түріктер өркениеті осыдан 17 000 жыл бұрын өзінің шыңына жетті дейді. Арғы түрік империясы Мудың бас колониясы екен. Джеймс Черчвард келтірген картада империясының жері біздің, яғни түрік халықтарының Отаны – Еуразияны алып жатыр. Жері де, аты да біздікі. Яғни, Арғы түрік империясы – біздің бабаларымыз құрған көне елдік. 17000 жыл… әрине, ақылға симайды. Бірақ, біздің бүгінгі ақылымызға ғана. Совет заманында біздің жазба тарихи ғылымымыз қайыра жаңғыра бастады. Осы жаңадан дүниеге келген, немесе қайыра дүниеге келген тарихи ғылым қалт етпейтін қадағалауда болды. Осы кезде, тоталитарлық тарих, сананың езгісі әсерінен біз «жүз жылдық», «екі жүз жылдық», «үш жүз жылдық» деген «тарихтарға» үйрендік. Бізді осыған үйретті. Одан арыға баруға болмайды. Тіпті, Қазақ Ордасының бес ғасырлық тарихының өзін бізге қимайтын. Ал төңіректегі Қытай, Иран, Индия, Мысыр, Қиыр Шығыс жұрттары ондаған мың жылдық тарихтарын айтып отырады. Және оларға әлемдік ғылымның мойындаған-мойындамағанының керегі жоқ. Ең бастысы – сол жерде тұрып жатқан халық өз тарихына сенсе болды. Арғы түрік империясы, Д.Черчвардтың айтысында Тынық мұхиттан бастап Батыс Еуропаға дейінгі, оңтүстікте Индия, Бирма мен Парсыдан солтүстікте Сібірге дейінгі жерді алып жатыпты. Сібір жақтағы анық шекарасы белгісіз, алайда оңтүстік Сібірден арғы түрік қалаларының жұрттары табылған. Көне Индияның жәдігерлерінде олардың Орталық Еуропаны жаулап Ирландияға дейін, батыс пен оңтүстік тарапта қазіргі Франция, Испания және Балкан түбегіне дейін жеткені айтылады. Еуразияда адам нәсілінің пайда болуын тиянақтайтын археологиялық мәліметтер, ақиқатында, арғы түріктердің Еуропаға жылжуының, Еуропаны жаулауының тарихи куәліктері болып табылады, деп жазады Д.Черчвард. «Арғы түріктердің тарихы – арийлердің тарихы, олардың астанасы қазіргі Гоби шөліндегі Хара-Хото. Арғы түрік империясы кезінде қазіргі Гоби шөл емес – жазыл жазира абат өлке екен. Арғы түріктер биік өркениетке жетті, астрология, тау-кен ісі, тоқыма өндіріс, сәулет, математика, ауылшарушылық, жазу-сызу, медицина – осының бәрі арғы түріктерде болды. Жібек пен басқа мата, тері, ағаш пен металлдан түрлі әшекей, алтын, күміс, қола, қыш мүсіндерді жасауды, арғы түріктер әйгілі Мысыр өркениетінен көп бұрын үйренген. Арғы түрік империясының бір бөлігі Му континенті суға батардан бұрын, ал қалған бөлігі бас құрлықтан кейін жойылды. Пржевальскийдің сүйікті шәкірті, профессор П.К.Козлов, Хара-Хото төңірегінде қазба жұмыстарын жүргізіп, 18 метр тереңдікте таңғажайып қазынаға тап болған. Бұл қазынаны алмақ түгілі қол тигізуге рұқсат бермегеннен кейін, ол, фотоға түсіріп алған. «Санди Американ» журналының рұқсатымен мен бұл фотосуреттерге қол жеткіздім. Осы фотосуреттердің екеуін кітабымда жариялап отырмын, себебі бұл – символға толы бедер» дейді ғалым. «Бұл суреттегі заттардың 17-189 мың жылдық тарихы бар екеніне менің ешқандай күмәнім жоқ. Бірінші фотографияда жібекке салынған сурет тұр; әйел патша мен оның жұбайы. Әуелі әйел патшаның бойындағы символиканы зерделейік. Басына кигені үш айыр тәж. Тәждің ортасында – үш сәулелі шеңбер. Патшаның артында үлкен шеңбер – Күн, желкесінде кішірек шеңбер – Кіші Күн тұр. Үлкен шеңбер – бас патшалық Му, кіші шеңбер – Арғы түрік империясы. Патшаның сол қолында үш айыр аса. Үш айыр – ілкі Отан, Мудың символы. Патша, ілкі Отанның символы – қауызы алақандай ашылған қасиетті лотос гүлінің үстінде отыр. Бұл, патшаның алтын тағы мен қолындағы биліктің ілкі Отаннан, бас патшалық Мудан тамыр тартатынын көрсететін символ. Патшаның жұбайында бұл символдар жоқ. Алайда, оның басындағы тәждің үш айыр болып келуі – бұл да ілкі Отанның сан арқылы бейнеленетін символы. Козлов бірнеше асаның суретін түсірген. Біздің кітабымызда келтірілген екінші суреттегі асатаяқтың, әйел патшаның қолындағы асатаяқтан айырмасы бар; бұл кейінгі вариант, бірақ символика сол бұрынғы күйінде қалған. Асатаяқтың жоғары жақтары үш айыр болып келеді. Үш – ілкі Отанның сандық символы. Сонымен, Азия, Америка, Оңтүстік теңіздердің аралдары мен Жаңа Зеландияның символикасы сол жерді мекендеген халықтардың аңыздарымен астас келеді екен. Бұдан артық, анық, бұдан нанымды куәлік табуға болар ма еді? Кім біледі. Ол үшін көне бабаларымызды көрден тұрғызып, Му континентінің тағдырын өз ауыздарынан айтқызуымыз керек шығар» деп қорытады бұл тарауды Д.Черчвард. Арғы түрік империясы қалай күйреді? Топанның тарихын зерттейтін ғалымдар бұл күнде бір пікірге келген. Біз «Топан суы» деп атайтын, әлемдік өркениетті күйретіп, бүкіл адамзат баласын кері – жахилдікке қарай апарып тастаған планетарлық апат осыдан 11500 жыл бұрын болған. Олай болса біздің жыл санауымыз апаттан 4700 жыл бұрын басталған. Алайда, Д.Черчвард қытай мәліметтеріне сілтеме жасай отырып, Ұлы Арғы түрік империясы осыдан 17000 жыл бұрын өркениеттің шыңына шыққан дейді. Империяның, бас билік, Му континентіндегі орталық өкіметтен қашан егемендік алып шыққаны белгісіз. 16200 жылдық күнтізбе Арғы түрік өркениеті гүлденген кезден сегіз (8) ғасыр бері жатыр. Осы сегіз ғасырда не болды, оны біз білмейміз. Және жорамалдай да алмаймыз. Білетініміз, қандай да болмасын жыл санау, күнтізбе, әлдебір ұлы оқиғадан басталады. Мысалы, қазіргі жыл санау Айса ғалайыссаламның дүниеге келген жылынан басталады. Содан бері 2013 жыл өтіпті. Мұсылман жыл санауы Мұхамед пайғамбардың Мәдинадан Мекеге өткен жылынан басталады. Содан бері 1434 жыл өтіпті. Ал осыдан 16200 жыл бұрын Ұлы Арғы түрік империясында не болды, оны, егерде аяқ астынан бір жазба мәлімет табыла қалмаса, Құдай ғана біледі дейміз. Қолымызда қазақтың есепші қарияларының ауызша айтқан мәліметі ғана бар. Болды. Бірақ, есесіне, көне өркениеттер жайындағы, байырғы жәдігер орталықтарынан табылып жатқан мәлімет ұшан-теңіз. Осы мәліметтерді байыптай зерделеп, батыстың жаратылыстанушы, тарихшы ғалымдарының жазған еңбектері де Құдайға шүкір, жетерлік. Міне, осы жерде біз, байырғы мәдениеттің өзін болмаса да, көзін көргендерді көріп отырмыз. Иә, құрметті оқырман, әлем тарихында Ұлы Арғы түрік мәдениетінің ізі, еткен ықпалы сайрап көрініп жатыр. Сол ізді, сол ықпалды тек оқи білу керек. Топанның қарсаңы және «кітап-адамдардың» пайда болуы Ұлы Арғы түрік империясы әлемдік апаттың келе жатқанын білген бе? Әлбетте. Білген. Бірақ қара халқы емес. Күнделікті тіршілік күйбеңімен жүрген қара тобыр, импрам, тіпті білген нәрсесінің өзін ұмытып қалуы мүмкін. Апат жайын билеуші әулет білген. Олай болса, біле тұра неге тиісінше дайындық жасамаған деген сауал бой көтереді. Осы жерде мынадай бір нәрсені түсіндіріп кеткіміз келеді. Бүгінде дүниеде қаншама сенсациялық оқиғалар болып жатады. Барлық уақыттағыдай. Бұның бірі рас болса, бірі өтірік, пиар-технологиямен қолдан жасалған сенсация екені көп ұзамай аян болады. Бірақ бір қызығы жергілікті үкіметтер болсын, оның сыртында барлығының төбесінен қарайтын әлемдік үкімет болсын, бұл сенсацияларға ешқашан комментарий бермейді. Неге? Халықты дүрліктірмеу үшін. Биліктің бұл тарапта үнсіз қалуының басты бір себебі – осы. Дүрліккен, бұлғаққа шыққан халыққа ие болу қиын, кей жағдайда тіпті тоқтату мүмкін емес. Сондықтан сенсацияның төңірегінде «үнсіздік қабырғасын» орнату, жұртты дүрліктіріп жүрген бұлғақшыл адамдарды амалын тауып көзін жою – биліктің ежелгі пайдаланатын тәсілі. Мынадай бір мысал. Осман империясын ұлы жеңістерге жеткізген уәзір Мехмет паша Соколович (түрікше Соколлу Мехмет), кезінде, әскерді бұлғаққа жібермеу үшін таңғажайып тәсіл пайдаланған. Еуропаға жасалған кезекті жорық кезінде армияны өзі басқарып барған сұлтан өледі. Сонда Стамбулға қайтып келе жатқан Мехмет паша жабық күймеде келе жатқан сұлтанның мәйітімен тірі адаммен сөйлескендей сөйлеседі. Ешкім ештеңе байқамаған, сұлтанның өлгенін ешкім білмеген. Әскерді аман-есен Стамбулға жеткізген Мехмет паша жаңа сұлтанды таққа отырғызып, бүкіл армияны жаңа әміршіге антқа келтіргеннен кейін ғана барып сұмдық хабарды жариялаған. Топанға дейінгі дәстүрлі өркениетте астрономия өте жоғары дәрежеде дамыған дедік. Астрономия дегеніміз, қарапайымдап айтсақ, аспанның тарихы. Нәубет болсын, игілік-нәсіп болсын белгілі бір ретке, ырғақ заңына (бүгінгі ғылымда бұл «ғарыштық цикл» – «космический цикл» деп аталады) бағынады дедік. Яғни, осыдан 11500 жыл бұрын, немесе біздің қазіргі жыл санауымыздан 9487 жыл бұрын, немесе сол Арғы түрік заманынан келе жатқан күнтізбе бойынша 4700-ші жылы империяның билеуші әулеті кезекті ұлы нәубеттің тақағанын біледі. Қондыгер-қаңлылар туралы жазған екі тарихшы бұл жайында азғантай болса да мәлімет береді. Адамдар зілзала нәубеттің келе жатқанын он төрт (14) жыл бұрын білді, бірақ ол нәубеттің қандай кепте келетінін, қай жердің жойылатынын, қай жердің аман қалатынын, болжай алмады, Жаратқан Иенің қай қабиланы құрбандыққа бұйырғанын, қай қабиланы аман алып қалатынын біле алмады. Сол себепті ақырзаман келеді екен, ақыр барлығымыз құриды екенбіз, олай болса Құдайға деген құлшылықта не мән, не мағына бар деп, адамның айтуға аузы бармайтын күнәға батқан пенделер болды. Бұларды патшалар аяусыз жазалады. Ақырзаман келе жатқанын айтып ел ішін дүрліктіріп жүрген жұлдызшы-сәуегейлердің барлығының басы шабылды дейді көне тарихшылар. Содан кейін тағы бір елеусіз ғана, бірақ біз үшін зор мағынасы бар мәліметті сөз арасына қыстыра салады. Патшалар үлемдерді (ғалымдарды) жинап барлығына кітап жаттатты дейді. Ол кітапты не үшін жаттатқаны айтылмайды. Бірақ бізге оның керегі де жоқ. Біз үшін осы бір ауыз сөз, жетіп-артылатын мәлімет. Осы жерде мен «Дәстүрдің эвакуациясы» деген жаңа терминді айналысқа енгізгім келеді. «Эвакуация» – «көшіру» деген сөз. Көне өркениеттің әлемдік апат алдындағы теңдесі жоқ әрекетін бейнелей алатын басқа сөз таба алмадым. Еуропа тілдерінде, орыс тілінде «эвакуация», түрлі апат, соғыс кезінде бейбіт халықты болашақ майданның жерінен басқа жаққа көшіру дегенді білдіреді. Сондай-ақ бұл сөздің мал-мүлік, түрлі дәулетке де қатысы бар. Ал біз аталмыш терминді басқаша мағынада қолданғымыз келеді. Ұлы Арғы түрік империясының әміршілері ғалымдарға бүкіл жазба мұраны жаттатқан. Яғни, Дәстүрді көшіруге, эвакуацияға дайындаған. Бірақ, бұл, бір өлкеден екінші бір өлкеге көшірудің дайындығы емес. Арғы түрік империясы өзінің ұлы мәдениетін заманнан заманға көшіруге дайындаған. Немесе бұдан да түсінікті қылып айтсақ, біздің көне бабаларымыз топаннан кейінгі, ақырзаманнан кейінгі өмірге, тіршілікке дайындалған. Әлбетте, мәдениетті сол жазба күйінде де сақтауға әрекет жасалғанына ешқандай күмән жоқ. Осы орайда мынадай бір оқиға есіме түседі. Ерте көктемнің лайсаңды көңілсіз бір күні еді. Асқар аға, менің Ерік досым үшеуміз консерваторияның фольклор кабинетінде отырғанбыз. Күн жексенбі. Консерваторияда бірді-екілі студент болмаса ешкім жоқ. Әр тақырыптың басын шалған әңгіме ақырында көне мәдениет мәселесіне келіп тірелген.

– Менің ойымша, Мысыр пирамидалары перғауындардың қабырстаны емес, – деді Ерік, – Ол кейіннен қабырстанға айналуы мүмкін. Ал шындығында пирамида – қолдан жасалған тау. Өте биік, жасанды тау. Олай болса пирамиданың ұшар басында жасырын камералар бар. Ол камераларда топанға дейінгі ең негізгі кітаптар сақтаулы тұруы мүмкін. Асекең қатты риза болды. Ол кісінің мынадай әдеті бар еді. Өзі құрметтейтін адамның жанында отырғанда, жайшылықтағыдай сигарет емес, қорқорға гаваналық сигараның хош иісті жапырағын салып шегетін. Бұл жолы да қорқорын тұтатып, жұпар түтінді бұрқыратып, бөлмені ары бір, бері бір кезіп өтті.

– Сен генийсің, – деді содан соң Еріктің бетіне қарап, – Осы күні мысыр өкіметі пирамидалардың ішін ақтаруға тыйым салған көрінеді. Ол жерде не бар екенін біз, әрине, білмейміз. Және көпке дейін білмейтін боламыз. Сенің жорамалың керемет. Арменияның атақты кітапханасы Матенадарана Арарат тауының ең биік жеріне орналасқан Көзбен көре алмадық. Бірақ таныстырғыш әдебиеттен барынша толық мәлімет алдық. Осыған қарап отырып, адамның көңілінде нешетүрлі күмәнді ойлар пайда болады. Армян ғалымдары бұл кітапхананың тіпті Алтын Орда кезіндегі Кавказдағы қыпшақ хандарының кітапханасы екенін мойындамайды. Алғашында Эчмиадзин монастырінің кітап қоймасы болды, артынан Ереванға көшірілді, осылайша Арменияның бас кітапханасы, музейі болды дейді. Осымен әңгіме бітті. Ал ол кітапханадағы қыпшақ тілінде жазылған кітаптар қайдан келіпті, заманында Алтын Орданың билігінен тыс тұрған ол қандай Армян мемлекеті, әрине, бұл сауалдарға жауап жоқ. Және, армян бауырлар, бұл сұрақтарға жауап беруді керек деп таппайды. Ғалым Ақселеу Сейдімбеков «Социалистік Қазақстан» газетінде қызмет етіп жүрген кезінде Арменияға, осы Матенадарана кітапханасына барып қайтқан екен. Бір әңгімесінде – Армянның кітапханасы емес-ау, – деді басын шайқап отырып, – Алтын Орданың ғылыми орталықтарының бірі-ау. Кітаптардың ескілігі сондай, қол тигізсең үгітілейін деп тұр. Копиясымен жұмыс істей беруге болады. Ал түпнұсқалар сенімді қоймаларда тығулы жатыр.

– Тас, қыш кітаптар бар ма? – деп сұрадым. Ахаң сәл үнсіз қалды да, – Кім біледі, – деді, – Қоймаларына ешкімді кіргізбейді. Өздерінің айтысына қарағанда, 5-6 мың жыл бұрын жазылған кітаптар бар екен. Кіріп, өз көзіңмен көре алмағаннан кейін, не айтуға болады? Біз де «кім біледі?» дегеннен басқа ештеңе айта алмаймыз. Осынша құпиялап сақталғанына қарағанда, көлденең жұртқа көрсетуге болмайтын жәдігерлердің жасырулы жатқанына ешқандай күмән жоқ. Ал өзімнің жеке пікірімді білгіңіз келсе, айтайын, құрметті оқырман. Матенадарана – Топанға дейінгі кітаптар сақтаулы тұрған қойма. Армян ғалымдары бұл қойманы кейін, көп кейін пайда болған өз мемлекеттерінің тарихымен матастыра салған. Жазулары кеше ғана пайда болған ел. Месроп Маштоц деген адам 405 жылы армян әліпбиін тиянақтаған екен. Алғашқы армянның жазба мұрасы – Библияның армян тіліне аударылған нұсқасы. Месроп Маштоц пен католикос Саак Партев өз оқушыларымен әуелі аударма жасаған, содан соң төл шығармалар жазған. 405 жыл армян жазба әдебиетінің туған жылы болып есептеледі. Содан бері 15 ғасыр уақыт өтіпті. Олай болса 5-6 мың жыл бұрын жазылған кітап оларға қайдан келді? Және армян ғалымдары бұл кітаптарды тым «жасартып» жіберген. Бұл кем дегенде 12 мың жылдық мұра. Бұндай мұраны сатып алу, айырбастап алу, немесе көшіріп алу мүмкін емес. Бұндай мұра не бар болады, не жоқ болады. Бағына орай армяндарда бар. Тек ақиқатына жетуге өре жібермейді. Ал, шындығында бұл Арарат тауының ең биік жерлерінің біріне аманаттап көміп кеткен Арғы түрік империясының кітапханасы. Көмулі кітап сақталуы мүмкін, сақталмауы да мүмкін. Алайда, Дәстүрдің адамдары кітапты, жазба мұра атаулыны сақтайтын ең сенімді қойма – адамның санасы деп білген. Нәубет, зілзала мәңгі тұрмайды, бір күні аяқталады. Содан соң, өркениетті қалыпқа келтіру кезеңі басталады. Кітаптарды жаттаған адамдар, отырып, жадындағы текстерді, бір әрпін түсірмей қағазға қайыра қотарады. Осылайша кітап қайтадан жаратылады. Міне, көне тарихшылар «Арғы түріктердің патшалары ғалымдарға кітап жаттатты» деп елеусіз ғана айтып кеткен бір ауыз сөздің тасасында осындай сыр, осындай тарих жатыр. Тұтас кітаптарды жаттау, еске сақтау, әлемдік апаттың қарсаңында ғана пайда болған амал ма? Жоқ. Ұлаңғайыр кітапханаларды жадында сақтаған «Кітап-Адамдар» қашанда болған. Ондаған эпикалық жырларды, жүздеген ертегілерді, мыңдаған мақал-мәтелді комментарий-түсіндірмелерімен, арғы-бергі ақын-жыраулардың мұрасыен мүмкіндігінше толықтай есіне сақтаған адамдарды өз көзімізбен көрген едік. Осы күні бірқатар ғылыми еңбектерде арийлердің, немесе кейде атлант деп аталатын әлдебір нәсілдің солтүстіктен оңтүстікке қарай алып көшкіні жайында айтылады. Мерзімі – өте көне, біздің жыл санауымыздан әлденеше мың жыл бұрынғы заман. Әлбетте, батыстың нәсілшіл, толықтай саясатқа бағынған ғылымы бұл жерде де көп нәрсені бұрмалап көрсетеді. Бірақ, қалай қитұрқыласа да ең басты нәрсені – солтүстіктен оңтүстікке қарай бағытталған ұлы көшкінді, ұлаңғайыр жаугершіліктің өзін жасыра алмаған. Иә, солай болған. Бірақ батыстың ғалымдары айтқандағыдан сәл өзгеше. Көшкін Еуропаның, Азияның қиыр солтүстігінен басталмаған. Себебі, топаннан кейін ол жақта тірі жан қалмаған. Жаугершілік баяғы Ұлы Арғы түрік империясының территориясынан басталған. Топаннан аман қалған азынаулақ арғы түріктер арада, шамамен 1500 жыл өткенде ес жиып, айна-қатесіз бұрынғы қалпын таппаса да, көбейіп қайтадан үлкен жұртқа айналады. Содан соң, адамзат баласын түгендеп, қандай тайпа, қабила жойылды, қандай тайпа, қабила аман қалды, осыны анықтау мақсатында, ал шындығында, бұрынғы ұлы өркениетті қалпына келтіру мақсатында оңтүстікке бағытталған даңқты арғы түрік жорығы басталады. Міне, осы күнгі Еуразияның көне тарихына қатысты жазылған еңбектердегі атланттардың, немесе арийлердің Оңтүстікке қарай ұлы көшкіні дегеніңіз осы. Себебің, бұндай жаһандық, геосаяси жоспарды бұрын Еуразияны билеген, осы жаһандық идеяны есінде сақтаған (кітап-адамдар) және алғышарттары келісіп, күші толғанда қайтадан іске асыра алатын тек қана байырғы Ұлы Арғы түрік империясы еді. Мифологиясы өзін қоршаған орманнан сыртқа шығуға рұқсат етпейтін, тыйым салатын, жабайыланып кеткен тайпаларда жаһандық сана, жаһандық, геосаяси идея болмайды. Бұны әлемдік ғылым сансыз рет дәлелдеген. «Кітап-Адамның» кейінгі тағдыры Қазақтың көне аңызында, бүгінде аттары ұмытылған көптеген ұлы кейіпкерлер болған. Солардың екеуін айтайық. Бұлар Құмыра пайғамбар мен Құлайыс пайғамбар. Мені бір нәрсе қатты таңқалдырады. Шоқан Уәлиханов, Мәшхүр Жүсіп Көпеев, Әбубәкір Диваев – осы үш ұлы фольклористің портфельдерінде Құмыра пайғамбар мен Құлайыс пайғамбар жайында бір ауыз сөз жоқ. Нұх пайғамбардан бұрын туған деп куәландырылатын, демек топанға дейінгі мәдениеттің өкілі болып саналатын бұл даңқты екі кейіпкер жайлы аңыз-әңгімелер заманында қазақтың үш жүзінде де айтылса керек. Сексенінші жылдардың аяғында консерваторияның бір мұғалімі мен екі студенті және мен, төрт адам Алматының түбіндегі Жамбыл ауданында тұратын белгілі айтыскер ақын Әсімхан Қосбасаровтың үйінде болдық. Фольклорлық экспедицияның мақсатын анықтап, ежіктеп алғаннан кейін, ақсақал бірде қара сөзбен, бірде өлеңмен ұзақ толғады. Қисапсыз мәлімет магнит таспасына сыймай қалды. Қалғанын құлақпен тыңдадық. Бала кезімде, жасөспірім кезімде талай естіген мәлімет осы жерде де расталды. – Құмыра мен Құлайыс пайғамбар дегенді естігендерің бар ма? – деп алған қария ұзақ-ұзақ әңгіме шертті. – Бұл мәлімет Шоқан Уәлихановтың бес томдығында жоқ сияқты еді ғой, – деді жанымдағы мұғалім. – Бір адам бір халықтың мұрасын тауыса алмайтын шығар, – деді Әсімхан ақсақал. Қалжыңбас екен. – Шоқан Уәлиханов маған келмеді ғой. Келсе айтып беретін едік қой, – деген жымиып. Күлісіп алдық. – Мен енді Орта жүз бен Кіші жүзде болғам жоқ, ол жақта қалай айтылатынын білмеймін, – деді Әсімхан ақсақал соңында, – Ал өзім көргенде мынау біздің Шапырашты ғана емес, Ысты, Ошақты, Қаңлы, Дулат, Сіргелі, барлығында осы Құмыра мен Құлайыстың әңгімесі айтылатын. Келесі күні Дегерес ауылында, сөз ұстаған шежіреші қарт Нүсіпбай Маяковтың үйінде болдық. Қария дастархан басында тосын әңгіме айтты. – Жүсіпбек қожаның «Құбыра пайғамбардың өлімі» деген дастаны бар, – деді шайын сораптай ішіп отырып, – Шама-шарқымша айтып блерейін. – Құбыра ма, Құмыра ма? – дедім мен. – Біреулер Құмыра дейді, біреулер Құбыра дейді, айырмасы жоқ, – деді Нүсіпбай ақсақал, – Жүсіпбек қожа осылай деп, Құбыра деп жазған. Енді Құмыра пайғамбардың есімін пайымдап көрейік (себебі, Құлайыс пайғамбар күйші болған, демек оның есімінің төңірегіндегі аңыз-әңгімеден саз өнерінің тағдырын тануға болады, алайда бұл басқа әңгіменің). Бұрынғы парсы (фарси), бүгінгі иран тілінде «құмыраның» мағынасы «шарап» сөзінен шығарылады. Осыдан біраз бұрын жазылған, қондыгер – қаңлы жайындағы мақаламызда «хаома» (адамды мас қылатын ішімдік атаулы) дегенді айтқанбыз. Осы «хаома» сөзі «хуома – хума – хум» фонетикалық құбылу тізбегінен өтіп «кум» сөзіне айналған. Сонымен парсы-иран тілінде шарап – «кум» деп аталады. Ал шарап сақтайтын қыш ыдыс тиісінше «кумра» (кум-ра) деп аталады. Тамаша версия. Бірақ бізді қанағаттандырмайды. Себебі, парсы-иранның «кумрасы» мен әуелі арғы түріктің, содан кейін қондыгер-қаңлының «құмырасы», әншейін фонетикалық тұрғыдан бір-біріне сәйкес келген түбір сөздер ғана. Екі түбір бір-біріне мүлдем жанаспайтын қайнарлардан пайда болған. Құм менен тас қазақ ұғымында ежелден жазудың, еске сақтаудың т.б. символы болып саналады. Енді осыны таратыңқырап айтайық. Әрине, бұл символдарды қазақ ойлап шығарған жоқ. Арғы бабаларымыз қондыгер-қаңлыдан, ал оларға ұлы арғы түрік жұртынан келген абзал ұғымдар. «Қорқыттың жеті кебі» деген аса көне аңызда Қорқыт бабамыздың бір кебі – тас. Қорқыт, дүниеге жеті түрлі болып келеді. Бір келгенінде, тас болып келеді. Қазақтың ру-тайпалары (немесе арыдағы қаңлы, арғы түрік) биік тастардың, биік құз бенен ұшырымдардың жанында тұрып анттасатын болған. Екі немесе бірнеше тайпа анттасып, серттесіп анда болғанда, өздерінің рулық, тайпалық таңбаларын тасқа қашайды. Себебі, Тас Қорқыт екі рудың антына куәгер. Немесе, бүгінгіше айтқанда, екі рудың н куә болып қол қояды. Құз-жартас жоқ жерде қазақтар жерден қолына ілінген тасты, тас болмаса бір уыс құм, яки топырақты алып, соны ұстап отырып анттасады. Қорқыт-тас, Қорқыт-құм менен топырақ. Тассыз, құмсыз, топырақсыз жер жоқ, яғни, қайда жүрсең де Қорқыт – көз алдыңда, Қорқытпен бірге, берген антың да – көз алдыңда, бүкіл дүние – ұятыңа тіл қатып тұрған белгі, бүкіл дүние – иман менен. Енді бір, бүгінгі ғылымның жетістігінен алынған мәлімет. Компьютердің информацияны есіне сақтайтын тетіктерінің барлығы құмнан жасалады. Неге? Себебі, құм – мәлімет сақтағыш зат. Мынадай бір мысал. Бұл шөл далада сансыз рет болған, және бұдан кейін де бола бермек құбылыс. Шағылдардың арасында шөлден өліп келе жатқан адам кенет жайқалған абат өңірді, сылдырап ағып жатқан бұлақ немесе өзен, шалқып жатқан көлді көреді. Екі өкпесін қолына ұстап жүгіріп барса… ештеңе жоқ. Сол баяғы аптап қуырған шөл дала. Керуен тартқан саудагерлер, далада қалған шопырлар сағым салған суреттің неше атасын көрген. Негізінен, жер бетінен баяғыда көшіп кеткен өркениеттердің көріністері, көне қалалар. Егерде адам сағымнан өз заманының суреттерін көрсе онда оны әлдебір атмосфералық құбылыстармен түсіндіруге болады. Алайда алдыңыздан, міне, 2013 жылы өмір сүріп отырған сіздің алдыңыдан баяғыда жойылған Отырар немесе Баласағұн немесе тұрған орнының қайда екенін ешкім білмейтін Баршынкент шықса… онда не істер едіңіз? Баяғыда жойылған, орны да жоқ қаланың сағым болып біздің бүгінгі заманымыздан қалқып шыққанын атмосфераның қандай құбылысымен түсіндірер едіңіз? Кибернетика ғалымдары жалтақтап отырып мынадай пікір айтады: құм, бұл дүниеде не оқиға болды, соның барлығын кванттық деңгейде «квантавая память) «есіне» сақтайды. Шөл дала, белгілі бір жағдайда, әсіресе қатты ыстық болғанда, осы кванттық суреттерді сыртқа шығарады. Бүгінгі ғылым үшін жұмбақ құбылысты осылай ғана түсіндіруге болатын сияқты. Бір компьютерші айтып еді, компьютердегі чиптың бойындағы осы көне заманнан келе жатқан мәлімет кенеттен «іске қосылып», бүгінгі программамен қақтығысып қалады, сол кезде компьютер көпке дейін істен шығып «қалқып» қалады, көпке дейін қосылмай қояды деп. Топанға дейінгі өркениет, Дәстүрдің адамдары құмның осы түсініксіз қасиетін білген. Сол себепті алғашқы кітапты құмнан жасаған. Яғни, көне дүниеде, арабтың «китаб» сөзі әлі жоқ кезде жазба мұра атаулы «құм» немесе «құмыра» деп аталған. Бұл жерде «құмыраның» құрамындағы «ыр» қайдан келді десеңіз, оның жауабы баяғыда берілген. «Ыр» – бұл «йыртмақ», немесе қыпшақша «жыртпақ», «жырту» деген тұйық етістіктің қысқарған түрі. Көне адам қазіргі «жазу» деген сөздің орнына «жырту» (енді ғана кебе бастаған құм (қыш) тақтаның бетіне ойып, «жыртып», «жырып» әріптің суретін салу) сөзін пайдаланған. Кейіннен папирус пен теріге жазу қалыптасты. Шамасы, содан кейін де тас кітап пен қыш кітап, жаңа кітаппен қатар жасаған болуы керек. Соңыра, заманнан заман озғанда енді «құмыра» деп жазба мұраны сақтайтын, қыштан күйдіріп жасалған үлкен ыдыстарды атаған. Мысалы, Израильдегі Өлі теңіздің жанынан табылған «Құмыран жазбалары» – үлкен қыш құмыралардың ішіне салынған кітаптар. Бұлар бүгінгі текше кітаптар (кодекс) емес – баяғы шиыршық кітаптар (свиток). Енді, осының барлығын қорыта келгенде, Құмыра пайғамбар дегеніміз кім? Егерде кейіннен бір білімді дегдар келіп, Құмыра пайғамбардың кім болғанын қолмен қойғандай қылып айтып берсе – нұр үстіне нұр болар еді. Ал әзірге өзіміздің жорамалымызды ғана ортаға салайық. Құмыра пайғамбар, топанға дейінгі ұлы өркениеттің жазба мұрасының бүкіл тарихи тағдырын бойына жинақтаған жиынтық бейне. Бірақ өмірде болмаған адам. Мәселе, оның өмірде болған, болмағандығында емес. Мәселе, көне адамның осы Құмыра пайғамбар бейнесі арқылы сол даңқты заманның ең асқақ идеалдарын бізге, мына бүгінгі ұрпақтарына жеткізе білгендігінде. Енді Нүсіпбай ақсақал айтып берген Жүсіпбек қожаның «Құмыра пайғамбардың өлімі» атты дастанын қысқаша мазмұндап берейін. Ескерте кететін бір нәрсе: бұл дастан қазақтың үш жүзінде де айтылатын Құмыра пайғамбар жайлы әңгімелердің өлеңмен өрілген нұсқасы ғана. Сюжетінде, ел ішінен өзіміз естіген әңгімелерден ешқандай айырмасы жоқ себепті айтып отырмыз бұл сөзді. Ерте-ерте-ертеде он сегіз мың ғаламның білімін тауысқан Құмыра деген ғалым болыпты. Сол елдің патшасы ғалымды жанына алдырып уәзір етіпті. Сарайдағы басқа уәзірлер Құмыраның патшаға сыйлы болғанын көре алмайды екен, нешетүрлі қитұрқы арқылы патша мен екеуінің арасын ашпақ болған екен талай рет. Алайда, патша ақылды болыпты, уәзірлерінің әрекетін жазбай танып, Құмыраға қарсы жасалған лаңның барлығын тыйып тастап отырады екен. Күндердің күнінде кәрі патша өледі. Сонымен Құмыраның басына азапты күн туады. Жас патша ақымақ екен, уәзірлердің азғырғанына еріп, Құмыраны жанынан қудыртып, ол аз болса терең зындаға салып, аузын бекітіп, үстіне егін айдаңдар деп жарлық береді. Құмыра осылайша жер астында мың жыл отырыпты. Қолында бір дәрісі бар екен, бір иіскесе (басқа нұсқада бір жаласа) бір жыл тамақ ішпей отыра алады екен. Осылайша заманнан заман өтеді. Жер бетінде бұл кезде әлденеше ел, әлденеше патша әулеті ауысады. Содан соң халыққа сұмдық нәубет келеді. Елдің барлығы соқыр бола бастайды. Ең соңында, адамға күн бе, түн бе, бәрібір болыпты, әкесі баласын, баласы әкесін танымапты. Содан кейін, бұл аз болғандай, елдің барлығы саңырау болыпты, анасы өз ұлын, ұлы өз анасын, ағасы қарындасын, қарындасы ағасын көрмейтін, естімейтін болып, бүкіл қабила, айтуға адамның аузы бармайтын қиянаттар істеп, күнәға батыпты. Ел ішінде құдайына сыйынған бір пірадар бар екен, сол адам ғана бұл сұмдық сырқаттан аман қалыпты. Бір күні Жаратқан Ие сол пірадарға аян беріпті. Ей, пәленше, еліңнің осындайға ұшыраған себебін сен білмесең мен айтайын, ертеде, осыдан мың жыл бұрын осы патшалықта Құмыра деген адам жасаған. Ізгілігі, тазалығы, имандылығы сондай, атаусыз пайғамбар еді, он сегіз мың ғаламның тілін білсе де, ештеңе біломеймін, бәрін Құдай біледі деуші еді. Сол адамды ақымақ патшаларың зынданға тастап, көміп тастады. Сенің қабилаң ақылға келер деп мың жыл күттім. Ақылға келмедіңдер. Ақыры осындай қылдым. Енді мен өзім жіберген зауалдан құтылудың жолын айтайын. Пәлен-пәлен жерде, қырық құлаш зынданда Құмыра әлі тірі отыр. Соны шығарып алыңдар. Сонда мен қарғысымды қайырып алам депті. Пірадар сарайға барып, түк көрмей маңайын сипалап отырған патшаға (патша соқыр болса да құлағы естиді екен) болған жайды айтады. Осылайша Құмыра пайғамбар зынданнан шығыпты. Қолындағы дәрісін соңғы рет иіскеп тауысып, өлер шаққа келіп отыр екен. Құмыра келіп, қаланың ортасындағы майданға шығып жар салғанда Жаратқан Иенің әмірімен халықтың көзі ашылып, құлағы жарылыпты. Жұрт, патша бастатып Құмыраның аяғына жығылыпты. Содан соң, сол елдің басынан ешқашан бақ таймаған екен деп аяқтайды Жүсіпбек қожа. Соңғы сөз Байырғы заман шығармаларын зерделеуге бүгінгі әдеби талдау принциптері жетімсіз. Көне дүниенің символдық шығармаларын сол символдық принципте талдау керек. Байырғы аңыз-жырлардағы Құмыра пайғамбар, топанға дейінгі бүкіл адамзаттың ой-өресінің, жазба мұрасының, жалпы мәдениетінің символы дедік. Құмыра пайғамбармен тату болған, оны құрметтеген, жанында ақылшы қылып ұстаған кәрі патша – топанға дейінгі қоғамның символы. Ал кәрі патшаның орнын басқан, Құмыраны зынданға тастатқан, оның атын ұмыттырып, өшіруге тырысқан жас патша – топаннан кейін орнаған, байырғы адамшылықтан, байырғы имани қоғамның қағидаларынан бас тартқан, бұрынғы ескі сара жолдан бөлекше басқа бір жол ашып, сонымен жүрмек болған ақымақ қоғам. Бүкіл елдің, арада мың жыл өткенде тұтастай соқыр, саңырауға айналуы, байырғы дүние салған Дәстүрлі жолдан айныған жұрттың неге ұрынатындығының көрінісі. Ал Құмыра пайғамбардың жер бетіне шығуы және халықтың соқыр-мылқау күйінен арылуы – азған адамзат бұрынғы ескі жолға, Дәстүрге қайтып келе ме деген үміттің символы. Жүсіпбек қожа, топанға дейінгі Алтын Ғасырдың иманды тарихына, топаннан кейінгі Темір ғасырдың ғапыл тарихына куә болған Құмыра пайғамбар жайлы аңыз-әңгімелердің қорытып, бір дастанның ішіне осылай сиғызған екен. Топаннан кейін орнаған қоғамға, адамзаттың ондаған мың жылдық мәдени тәжірибесін бойына жинақтаған, Құмыра пайғамбар деп аталатын Кітап-Адамның керегі болмапты. Керегі болмай қалыпты. Карл Ясперс айтқан «кіндік өркениеттер» бізді сыртқа теуіпті. Әрине, әуелі арғы бабаларымыз түріктер, одан кейін бергі бабаларымыз қондыгер-қаңлылар әрекетсіз қалмаған, екі қолын бос тастап қарап отырмаған. Оңтүстік тарапты, «кіндік өркениеттерді» әлденеше рет жаулапты, бағындырыпты. Бірақ топанға дейінгі дүниенің заңдарына нандыра алмапты. Қондыгер ерлікке толы жүрегімен соғысса, «кіндік өркениеттер» ешқашан тозбайтын, шаршамайтын қару – Ақшамен соғысты. Ақырында қондыгердің семсері майрылды. Әлем ақшаның билігіне көшті. «Кітап-Адамдардың» бұдан кейінгі тағдыры жайында бірер ауыз сөз. Топанға дейінгі дүниеде жазба әдебиет, ауызекі әдебиет, жазба мәдениет, ауызекі мәдениет деген болмаған. Бұл терминдерді, біреуді жоғары, біреуді төмен қойып жаман дәндеген батыс және орыс ғылымы ойлап шығарған. Мәдениетті бұлай бөлу, кәдімгі нәсілшілдіктің ғылымда көрініс тапқан формасы. Көне дүние адамдарының, бүкіл жазба мұраны жаттап, есіне сақтауы, бұл, топанның алдында ғана басталған үрдіс емес. Бұл амал, яғни мәдениеттің ауызша және тас, қыш, қағаз кітапқа таңбаланып жазбаша сақталуы – мәңгі жайт. Белгілі ғалым Ролан Барттың «Хатсыз мәдениет болмайды» («Бесписьменных культур не бывает») деген сөзі бар. Көне дүниеде мынау жазба мәдениет, яғни, жақсы мәдениет, мынау ауызекі мәдениет, яғни, жаман мәдениет деп бөлмеген. Информацияны сақтаудың екі формасы қатар жүрген. Ал қандай да болмасын өркениеттің күйреуінің қарсаңында Дәстүрдің эвакуациясы, Дәстүрді көшіру басталғанда, қағазға жазып қалдырғаннан гөрі еске сақтау әлдеқайда сенімді амал екені белгілі болады. Иммануил Великовский және тағы басқа көне дүниені зерттеуші ғалымдардың пікірінше жер бетінде арасы пәленбай мың жыл болып келетін пәленбай планетарлық апат болыпты. Адамзат пәленбай рет жойылып, пәленбай рет қайта жаратылыпты. Осы, әлсін-әлсін өркениетті, тіршілік атаулыны жалмап кетіп отыратын апаттардан, адамзат, ешқашан ескірмейтін, мән-мағынасы ешқашан жойылмайтын бір ғана ұлағат алып шығыпты. Ол ұлағат, «Дүние – жалған, онда мәңгі ештеңе жоқ. Өмірдің, тіршіліктің тағдыры қашанда қыл үстінде тұрады. Болмыс кез-келген сәтте жойылуы мүмкін» деген екі-үш-ақ ауыз сөзден тұрар еді. Сол себепті көне дүниенің адамы, қашан да болсын қамданып, өзінің жеткен өркени, мәдени жетістіктерін қағазға да таңбалаған, және ең сенімді қойма – өзінің санасына да сақтаған. Содан кейін ғасырдан ғасыр озып, батыс жұртының үстемдігі басталды. Ориентализм (шығыстану), фольклористика деген ілім-ғылымдар пайда болды. Дамудың сатысы деген ұғымдар келді. Тарихи тағдырдың, тұрмыс қалпының әсерінен төл мәдениетін өз санасына сақтаған халықтар «ауызекі мәдениеттегі халықтар» (бұның астарында «дамуын енді ғана бастаған, махлұқаттық тіршіліктен адамдық өмірге енді ғана өткен» деген жасырын пікір тұр) деп атанып, аталмыш мархаматты «дамудың сатысының» ең төменгі тепкішегіне қойылды. (Бұл «сатыдан» мүлдем алып тастаса, бұл «сатыға» мүлдем жолатпай қойса қайтер едіңіз. Осыған да шүкір дейік). Бұл күнде ауызекі мәдениеттің екінші қатардағы, екінші сортты (қазақшасы – екінші сұрып) мәдениет екені қалыптасқан, дау тудырмайтын пікір. Біздің ойымызша, фольклористика я басқа ғылым, қандай да болмасын мәдениетке баға бергенде оның сақталу формасына (ауызша немесе жазбаша) емес, ең әуелі сапасына, ойының өресіне назар аударуы керек. Оның сыртында әлемдік ғылым топанға дейінгі өркениетті мойындап, зерттеудің бағытын, мән-мағынасын, мұратын өзгертуі керек. Солай болғанда ғана бүгінде ғылым үшін шешуін таптырмайтын жұмбақ болып отырған көптеген жайттардың шын сыры ашылмақ. Құмыра пайғамбар әлі тірі деп, ақымақ жас патша әлі ақылға келеді деп сенейік.


Таласбек ӘСЕМҚҰЛОВ

 

Пікірлер