Музей – тарихтың көзі

3000
Adyrna.kz Telegram

Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданында 2005 жылдың қыркүйек айында ауданның құрылуына 45 жыл толуына орай «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында тарихи-өлкетану музейі ашылды.

Музейдің құрылуындағы негізгі мақсат – өскелең ұрпаққа тарихи мұралардың қадір-қасиетін насихаттау, ел мен жерді құрмет тұту сезімін қалыптастыру. Жастарымыздың рухани байлығын дамытып, мәдениеттілігін арттыру. Музейге қойылған жәдігерлер қазақ халқының салт-дәстүрінен сыр шертеді. Олардың арасында көздің қарашығындай сақталып келе жатқан асыл мұралар қаншама. Ордабасы ауданының тарихы жайында да көптеген мәліметтер мен деректер бар.
Музей қорында жергілікті халықтан жиналған жәдігерлер де бар. Атадан балаға берілген кесе қап, кемер белмеу, ағаш табақтар мен ожаулардың әртүрлі нұсқалары. Археологиялық қазбалар барысында табылған қыш құмыралар мен диірмен тастар, т.б. заттар бүгінгі уақыт тұрғысынан алып қарағанда аса бағалы, құнды саналады. Музыкалық аспаптардан домбыра, қыл қобыз, патефон, саз сырнай жинақталған. Олардың жасалу мерзімдері өткен ғасырларға жатады. Қол өнер бұйымдарынан – басқұрлар, құрақ көрпешелер, қол кілемдер, алаша, текеметтер, тұскиіздер, кілем қор­жын, аяққапты атап өтуге болады. Ат әбзелдерінен ер, құйысқан, үзеңгі, құрық қамшы, қамшы, таға, жүген, т.б. әбзелдер бар. Ұлы Отан соғысынан сыр шертетін шежірелік деректер молынан ұшырасады. Соғыс ардагерлерінің ордендері мен медалдары, төс белгілері, суреттері сақталып келеді.
Музей қорындағы бағалы жәдігердің бірі – жүген туралы азды-көпті әңгімелеуді жөн көріп отырмын. Жүген – ат әбзелі. Ауыздық пен тізгін арқылы ат басын ырыққа көндіру үшін қолданылады. Жүгеннің өрме жүген, қайыс жүген деген түрлері кездеседі. Өрме жүген таспадан өріледі, ол қайыс жүгеннен мықтырақ болады. Жүген мен ноқтаны қатар қолданғанда алдымен ноқта, содан соң жүген салынады, шылбырды ноқтаға байлайды. Қазақтың «екі тізгін, бір шылбыр» сөзі осыдан шықса керек-ті. Қазақ халқы қаншама ғасырлардан бері жылқы малын пайдаланып келеді. Жылқы мінсең көлік, қымызын ішсең сусын. Ол қаншама дертке дауа. Бұрынғы ата-бабаларымыз астындағы атына қарай дәулетін білген. Жылқыны тұрмыс жағдайы жақсы кісілер мінген. Оның ер тұрманын, ауыздық пен жүгенін, құйысқанын күміспен күптеп отырған. Музейіміздің қорына алынған жүгеннің тіркеу нөмірі 1263 деп белгіленген. Бұл жүген қайыс­тан жасалынған. Әр жеріне күмістен түй­мешелер қадалған. Күмістердің бетіне өр­нектер түсірілген. Мақаладағы суретте Ор­дабасы ауданының тұрғыны Есебайұлы Жол­дасбектің пайдаланған жүгені бейнеленген.

Мәдина ӘЛІМЖАНОВА, 
Ордабасы ауданындағы 
тарихи-өлкетану 
музейінің қор сақтаушысы

 

Пікірлер