ҚУАНДЫҚ ШАМАХАЙҰЛЫ: Садаға кетіңдер, Алаштан

2641
Adyrna.kz Telegram

Шын алашшыл, хас елшіл, ұлтшыл әрі батыл да батыр азамат Дулат Ақәділді оның көзі тірісінде соңынан ере алмаған, қандықол қарақшылардан қорғай алмаған қазағы соңғы сапарға аттандырғалы отыр. Оның әділ сөзінен, қара қылды қақ жаратын әр кесімінен көзі тірісінде өлердей қорқып қалтырағандар енді, мүрдесінен де үрейленіп жанталаса арпалысып жатыр. Топырақ салуға, соңғы сапарына шығарып салуға келмек болған тілеулестерін жер-жерлерде вокзалдан тұтқындап, ұрып-соғып жәбірлеп жатыр.Марқұмның үйі қаланың сыртында еді. Қазір қаладан шығатын жолдардың бәрі жабық. Бұл да бір сылтау. Бірақ, солай екен деп көмусіз қалмайды. Ел бар, жұрт бар. Десек те, бұл саяси жүйе неге соншама қорқақ? Абай хаким айтқандай "әр надан қорқақ" келеді. Ата-бабалары-большевиктер ғой, "ОЯН, ҚАЗАҚ!" деп қазақ даласын дүр сілкіндірген кешегі Алаш көсемі Дулатовтан да қорқып, оны табан астында тұтқындап атып тастаған. Сол Алаштың ізбасар ұрпағы бүгінгі Дулатты да дәл кешегідей түн қатып келіп, ұстап әкетті, қамады, жанын алды. Алаш азаматына жапқан сол баяғы жаланы жапты. Енді, міне жерлеуінен қорқып қалшылдап отыр. Рухы биік ұлдың мүрдесі жерленгенімен, идеясы өлмейді, содан қорқады. Бір Дулатты өлтірсе де, мыңдаған миллион Дулаттың алдында дәрменсіз екендіктерін олар да сезетін болса керек. Айтып айтпай не керек, қазір өздерін "алашшылмын, алаштанушымын" деп кеудесін соғып жүрген, ресми орындардың жағымпаз жалтақ қортықтары лыққан иттен де көп. Садаға кетіңдер, Алаштан, тойымсыз қорқау арамтамақтар! Қазақ Елі бүгін шын алашшыл, нағыз отаншыл ұлын жерлеп жатыр. Бақұл бол, бауырым!

Пікірлер