Арқарлар ауып кетпесін

4088
Adyrna.kz Telegram

Сонау қиын-қыстау, аштық заманын­да бір аңшы арқар аулап, бүкіл ауылды аман сақтап қалған кездер де болған. Осыған байланыс­ты аңыз-әпсаналар қазақ фольклорында көптеп кездеседі. Өр мінезді, таудың рухы болып табылатын ай мүйізді арқарымыз туралы сөз қозғамай тұрып, алдымен, адам мен арқарға байланысты мына бір аңызды еске салайық. Ақтабан шұбырынды заманында қазақтар қалмақтан жеңіліп жер ауып бара жатады. Еңбектеген баласынан қартайған кемпір-шалына дейін басы ауған жаққа босқан, байтал түгіл бас қайғы дейтін шақ еді бұл заман. Зұлматтың зардабын шегіп, ішерге ауқаты жоқ, «Елім-ай» деп зар жылаған, емшектегі баласы бар келіншек жүдеп-жадап, нәрестесін көтеріп жүруге де әл-дәрмені қалмаған соң күйеуі:

– «Бала белде, қатын жолда» дейді қазақ, қайтесің, қалдыр баланы, ілес көшке, бір жо­таның басына тастап кет, әйтпесе көштің соңында қаласың, – деп келіншекті өз баласын амалсыз қалдырып кетуге мәжбүрлейді.

Әйел бауыр етін қимай тұрса да тастың басында жылап-сықтап, жөргекке ораулы сәбиін жатқызып кетеді. Бірақ, біраз ұзаған соң, жүрегі езіліп баласын ойлайды. Не бол­ды екен деген оймен күйеуінің бар­ма дегеніне қарамастан, тас­тап кеткен жеріне қайта оралады. Жақындаған кезде бір жануар баланың қасынан ұзай береді. Сөйтсе, арқардың аналығы аш баланы емізіп, сүтке тойдырып кетіп барады екен,

Әйел қуанғанынан баласын қолына алып, көшті қуып жетіпті. Сол аман қалған баланың есімі Мотыш екен. Ол адам әулие, өте ақыл­ды, абыройлы ел атасы бол­ған. Ұлы Абай еліндегі тобықты тай­пасының үлкен бабасы атанып, белінен Мотыш деген рулы қауым тараған.

Бұл аңыз қазақ арасындағы арқар­дың қадір-қасиетін айғақ­тай түссе керек. Бүгіндері осы ар­қар­дың негізгі түрлері тек Қазақ­станда ғана сақталып қалған. Себебі, қазақ ежелден көшпелі халық болғандықтан, жануарлар дүниесімен үйлесімді өмір сүрген. Аңшылық, саяткерлік жаса­ғанның өзінде де ерекше аң­шы­лық мәдениеті қалыптасқан. Атамекен жерімізді мекендейтін аң-құс, жануарлардың жойылып кету қаупін төндірмей, бабаларымыз табиғат аясындағы тепе-теңдікті сақтап отырған.

Оған дәлел, ежелгі қазақ аң­шы­лары аң аулау кәсібімен ай­на­лыс­қанның өзінде қасқыр, шибөрі, аю секілді аса жыртқыш, зиян келтіретін аң түрлері болмаса, аңшылықта мылтықты аса пай­да­ланбаған. Малмен көзін ашып өскен қазақ баласына жал­пы тіршілік иесіне, табиғат төлі­не қатыгездік, қиянат жасау – мүл­дем жат нәрсе. Қоршаған орта­ның таби­ғатына және жануарлар дүние­сіндегі алуантүрлілікке қам­қор­шыл мейірімділікпен қарап, оларды қорғап, көбейіп өсуіне жағ­дай жасап отырған. Ұлттық аң­шы­лық жасау тәртібі мұқият сақ­тал­ған, жыл мезгіліне сай қандай аң түрін аулау керектігі реттелген.

Негізгі дәстүрлі аңшылықта жүйрік атпен саятшылық жасау, аң қуу әдісі әдетке еніп, тазы немесе төбет иттерді, бүркітті, ител­гіні, ақсұңқарды, лашынды қосу дәстүрге айналған. Яғни ұлт­тық кәсіби аңшылық дәстүрлі сабақтастықпен дамып, ерте заманнан бері ата кәсіп азаматтарымызды өжеттікке, батырлыққа баулып, патриоттық сезімін оятуға септігін тигізіп, атадан балаға мирас ретінде беріліп отырған.

Ежелгі сақ дәуірі заманында арқар елдігі­міздің рухты символы болып танылған. Оның айғағы – Есік қаласының маңынан табылған Алтын адамның бас киімінің ең жоғары бөлігіндегі алтыннан құйылған арқар мүсіні. Сондай-ақ, Шығыс Қазақстандағы көне Берел қазбаларынан, көшпелі көне тайпалардың жәдігер ескерт­кіш­терінен арқар, көкбөрі, аққу бейнесіндегі мүсіндерді кездес­тіруге болады. Тіпті, арқар адырна, сазген, қобыз, шертер секілді саз ас­паптарында да бейнеленген. Қарап отырсаңыз, қазақ жеріндегі тас­тар мен жартастардың бетінде арқарлардың пет­роглифтері бейнеленген суреттер өте көп кездеседі.

Арқар қазақ табиғатына, қазақы болмысқа бір табан жақын жануар. Қазақ оны қой­ға ұқсас жануар ретінде жоғары бағалаған және аса бір мейі­рімділікпен қара­ған. Бүгінгі күнге дейін келген өзі­міз­дің дәс­т­үр­лі киіздерде, текеметтер­де, кі­лем­дерде арқар мүйізді ою-өр­нектер кеңінен орын алған.

Арқарлар дүние жүзіндегі ең ірі қой тұқым­дас жануар, олар­дың құлжаларының салмағы 170-200 кг-ға дейін жетеді. Негізінен таулы ай­мақтарды, ұсақ жоталарды, бұй­рат­тарды, қыста қары аз, азы­ғы мол далалық белдеулерді мекендейді.

Маусымдық қоныс ауыстыруы да қызық. Көктемде бір не екі қозы туады. Ал қыста биік таудан төмен түсіп, көршілес аласа тауға тұрақтайды, не­гізінен қысы жайлы жерге бейім. «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар» дейтін атам қазақтың сөзі содан шыққан.

Қорғалмаған табиғи ау­мақтарда мекендейтін арқар­лар­ға кейде адамның өзі де қауіп төндіреді. Адам факторынан туындаған келең­сіз жағдайларға байланыс­ты ар­қарлар бұл күндері басқа жақ­­тарға ауып кетуге мәжбүр етіліп жатыр. Тағы бір түйткіл жеке мен­шіктегі малдарды арқарлар жайылатын жерлерге жаюдан туындайды. Малымен бірге иттері, техникасы, басқа да қондырғылар дыбыстары тыныштықты бұзуы салдарынан арқарлар жазғы жайылымға таудан түсе алмайды. Сөй­тіп, қыс­та жайылатын жерінде еріксіз қала береді. Мұның өзі арқарларға үлкен жайсыздық әкеліп жатыр.

Өкінішке қарай, арқарлар жайылатын тау жоталарында өсетін емдік шөптерді жинаушылар және туристердің рұқсатсыз келуі де олардың емін-еркін жайылуына нұқсан келтіріп отыр.

Жалпы, арқар Орталық Азия­ның он бір мемлекетінің аума­ғында мекендейді. Бүкіл Орта Азия мем­лекеттерінде арқардың он түрі болса, соның бесеуі қазақ жеріне бауыр басқан. Мұны ұлт­тық байлығымыздың бір белгісі деп танығанымыз және ерекше мақ­та­нышымыз деп білгеніміз абзал.

Қасиетті жерімізді мекендейтін арқардың түрлерін атап айтсақ, Қазақстан арқары, Алтай арқары, Қара­тау арқары, Тянь-Шань ар­­қары, Үстірт арқары болып келе­ді. Бұрын Қызылқұм арқары бол­ған, бірақ бұл арқардың түрі көр­шілес Өзбекстан шегіндегі ерекше қор­ға­латын аумақтарда сақ­та­лып қал­ған, кейде шекарадан өтіп, Қазақ­­стан жеріне келіп-кетіп те жүреді.

Айта кету керек, ерте заманда қазақ жерінде жосып жүретін жабайы түйе, жабайы сиыр (тур), сол­тү­стік бұғысы, жабайы жылқы тар­паң, тұран жолбарысы сияқты аңдар бұл күндері толық жойылып кеткен.

Аталған арқар түрлерін қорғап, сақтап қалу үшін әлі де мемлекет тарапынан қамқорлық қажет. Осы мақсатта ерекше қорға­ла­тын табиғи аумақтарды шұғыл түрде ашып, табиғат қор­ғау жұмыс­тарын одан әрі күшей­ту керек. Әсіресе, Шығыс Қазақ­стан­­дағы Тарбағатай таулары бұл рет­те әлі де толық зерттеліп бол­маған, табиғи алуантүрліліктер мен мүм­кін­­діктерге өте бай аймақ. Оның ішінде арқар мен маралдың шо­ғыр­ланған жері. Аю, сілеусін бар. Қар барысы болуы мүмкін деген жорамалды да жоққа шығаруға болмайды. Өйткені, қар басқан биік Тарбағатай таулары бір шеті Алтай тауларымен ұштасса, екінші шеті Жоңғар Алатауына ұласады.

2015 жылдың қорытынды санағы бойынша, Қазақстандағы ар­қар­лар саны 15710 басқа жетті. Әрі ол алдыңғы жылдарға қара­ғанда 7 пайызға өскен. Бұған көңіл демдеуге болады. Бірақ, соған қа­ра­мастан, мына жаhандану зама­нын­да шет мемлекеттермен өзара қарым-қатынас нығая түс­кен­діктен, шетелдік бизнес өкілдерінің және жұмысшы ресурс­тарының елімізге көптеп келуіне байланысты табиғат байлығын, оның ішінде жан­уарлар дүниесін сақтап қалу мәселесі күрделеніп, алаңдаушылық тудыруда.

Мысалы, кейбір елдерде, әсі­ресе, Қытай мемлекетінің фармацевтикасында киік­тің мүйізіне, бауырмен жор­ғалаушыларға сұраныс көп. Сондықтан да бра­коньер­лерді астыртын қаржыландыру асқына түсіп, киіктерді және бас­қа аңдарды заңсыз аулау, яғни браконьерлік азаймай тұр. Бұл – нарықтағы сұраныс көбейген сайын браконьерліктің де өршуі­не жағдай туғызып отыр деген сөз. Сол сияқты, арқар мен киіктің мүйізі мен етіне қызығушылықтың шыжығынан браконьерлік фактілер тіркеліп тұрады. Браконьерліктің тыйылмауына табиғат қорғау заңдарының әлсіздігі де бір себеп болып отырғанын несін жасырамыз. Ұсталған жағдайда айып­­ты­лар жауапкершіліктен оңай құты­лады. Соның салдарынан дәндеген браконьер қаскөй қарақ­­шы­лығын қоймай, қайталап ұсталып жатады.

Браконьерлермен күресті одан әрі жандандыру үшін біріншіден, табиғат қорғау саласындағы меке­мелерді мемлекет тарапынан заман­ға сай техникамен және байланыс құралдарымен жабдықтау қажет. Екіншіден, жан­уарлар дүние­сіндегі пайда болатын ауруларды зерттеп, профилактикалық шаралардың қолға алынғаны дұрыс. Үшіншіден, жеке инвесторларды тарту арқылы аңшылық шаруашылықтар ашып, туристік рекрациялық аймақтарды үлкей­ту құба-құп. Төртіншіден, мем­­ле­кет­тік ерекше қорғалатын таби­ғи ау­мақтардың санын көбейту керек. Сөйтіп, арқар да, басқа аң­­дар да өзге жаққа аумай­тын­­­­дай жайлы табиғи мекендер кө­бей­­се, түз тағыларының өсіп-өніп, көз қуанышымызға, көңіл жұбанышымызға айнала берер еді.


Игілік Әмірғалин,
Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы
және жануарлар дүниесі комитетінің сарапшысы

 

Пікірлер