Сүйкімі кеткенше билікте отыру кімге пайда?

2256
Adyrna.kz Telegram

Владимир Путин кезекті рет президент сайлауына түсуге кетәрі емесін мәлімдеді. Бұл туралы ол 10 наурызда Мемлекеттік думада айтқаннан кейін, депутаттар Ресей конституциясына тиісті өзгерту енгізуді қолдап дауыс берді. Путиннің өзі ұсынған заң жобасын депутаттар екінші оқылымда қабылдады.

"ЗАҢДЫ ҚАЛАҒАНЫМЫЗША ӨЗГЕРТЕ БЕРЕМІЗ"

Ресей президенті парламенттің төменгі палатасының отырысына келмек бұрын Мемлекеттік дума мүшесі Валентина Терешкова Владимир Путиннің кезекті рет сайлауға түсуіне мүмкіндік беру үшін оның осыған дейінгі президенттік мерзімдерін "жоюды" және Конституциядан президенттік өкілеті аяқталған адамның осы қызметке қайта сайлануын шектейтін бапты мүлде алып тастауды ұсынған. 67 жастағы Путин екінші ұсыныспен келіспесе де, бірінші ұсынысты құптады. "Ондай түзетуді Конституциялық сот қарауы керек" деді ол.

– Бүгін айтылған ұсыныстардың – [парламентті] мерзімінен бұрын тарату, президентті сайлауды Мемлекеттік кеңестің құзіретіне беру, президенттік мерзімдерді жою – ешбірінің Конституция мен құқыққа ешқандай қатысы жоқ, - деді "Сибирь.Реалии" сайтына (Азаттықтың Орыс қызметінің жобасы) конституциялық құқық жөніндегі маман, заң ғылымдарының докторы Елена Лукьянова.

Конституциялық сот қандай қорытынды шығарады? Бұл сот осы мәселеге байланысты 1998 жылы екі мерзімнен артық болмайды деп ұйғарған. Бұған дейін де пікірін өзгерткен, көреміз қалай болатынын. Енді Конституциялық соттың шешімінің де, президент сөзінің де, депутаттардың айтқанының да құқыққа еш қатысы болмайды. Бұл – Ресейді басқару жүйесіне және мұндай шешімдердің қалай қабылданатынына қатысты мәселе. Мұның парламентке де қатысы жоқ.

– Конституциялық соттың шешіміне қарсы шағымдануға бола ма?

– Жоқ. Мұның да Ресей аумағында әлі күшіне ие және өзгермеген Конституцияның құқықтық құрылымына ешқандай қатысы жоқ.

– Егер түзетулер бойынша дауыс беруге азаматтардың аз ғана бөлігі қатысса, оның заңды күші жоқ деп танылуы мүмкін бе?

– Жоқ, үш адам қатысып, екі адам жақтап дауыс берсе де түзетулер мақұлданды деп есептеледі.

– Ал егер қарсы дауыс берсе ше?

– Оған дейін бұл түзетулерді парламент қабылдап қоятын шығар және тіпті субъектілердің үштен екісі мақұлдауы мүмкін. Түсінбесіз бе, заңда мұндай дауыс беру қарастырылмаған. Қазір олар қабылдайтын әлдебір заңның Конституцияны өзгертудің заңды (легитимді) тәртібімен еш қабыспайды. Заңды қалағанымызша өзгерте береміз. Диктатура мен тоталитаризмді әлі енгізген жоқ, бірақ қызу талқылап жатыр.

"ПУТИН ҚАРТАЙЫП, СҮЙКІМІ КЕТЕДІ"

Саясаттанушы Аббас Галлямов қазір болып жатқан оқиға болашақта елдегі наразылықты тек күшейтеді деп санайды.

– Мұндайды күткен жоқпын немесе қайран қалып отырмын демеймін, бірақ ел біржолата кері кетпес, президент ақыл-ой мен парасаттылығын жоғалтпас деп үнемі сенгің келеді ғой. Ол мұндайға барады деген ешқандай белгі болған жоқ қой, керісінше, ондайға бармайды деуге жанама себептер болды. Ол соңғы 2-3 айда мұның қажеті жоқ деген пікірін бірнеше рет айтқан. Бүгін Мемлекеттік думада тіпті өзінің осыған дейінгі айтқанын түзегендей болды: қазіргі жағдайды СССР-мен теңестіргенім дұрыс болмады дегендей сыңайда сөйледі. Бірақ барлығы ең нашар сценарий бойынша өрбіді, біз күткендегідей емес, оның ар-ұятынан гөрі билікке құмарлығы басым болып шықты. Ол екі ойлы болды, бірақ парасатын сезім билеп алды деп ойлаймын. Мұның дұрыс емесін ақыл-ойымен түйсінген де болар, бірақ осы орыннан айырылғысы келмеген сезімге бой алдырды.

– Яғни әлдебір сыртқы оқиғаның қатысы жоқ па?

– Жоқ, олар тек адамның болмысын айқындайтын құрал ғана. Ал билікке құмарлық – ішкі сезім.

– Ендігінің бәрі нақ осы сценарий бойынша өрби ме? Конституциялық сот, Мемлекеттік дума, сосын азаматтар да бұл түзетулерді мақұлдай ма?

– Иә, әрине.

– Сонымен тағы да кезекті алты жылға жалғаса ма?

– Неге? Алдымен 2024 жылғы сайлауда бақ сынауы керек.

– Сонда сайлауға шынайы бәсекелестерді қатыстырады деп ойлайсыз ба?

– Оны көше шешуі де ықтимал. Биліктен қуылған диктаторлардың көбі наразы жұрт көшеге шыққан соң биліктен айырылған. Оның кезекті мерзімге қайта сайлануға талпынысы халықтың көшеге шығуына түрткі болуы мүмкін. Елдегі институттар күйрегендіктен мұны институттардың аясында шешуге мүмкіндік қалмаған. 2024 жылға қарай наразы көңіл-күй күшейетінін түсіну керек. Қазірдің өзінде сайлаушылар арасында Путиннің рейтингі 50 пайыздан төмен (44-45 пайыз деңгейінде). 2024 жылға дейін бұдан да төмен құлдырайтыны даусыз. Путиннің өзі қартайып, сүйкімі де қалмайды, өзгеріс, жаңаруды талап еткендер көбейеді.

Осыдан екі аптадай бұрын Конституцияға өзгертулер енгізу жөніндегі жұмыс тобының теңтөрағасы, сенатор Андрей Клишас пен Мемлекеттік думаның мемлекеттік құрылыс және заңдылық комитетінің басшысы Павел Крашенинников осыған дейінгі президенттік мерзімдер "жойылуы" мүмкін екенін жоққа шығарған еді. Крашенинников заң тұрғысынан мұндай мәселе қозғауға негіз жоқ деген болатын.

Наурыздың 10-ы күні Мемлекеттік дума отырысына қатысып, Путиннің сөзін тыңдағандардың арасында Ресей федерациясы коммунистік партиясы (КПРФ) тізімі бойынша Новосибирск және Томск облыстарынан сайланған депутат Вера Ганзя да болды.

– Ең әуелі мұның жақсы ұйымдастырылып, пысықталған спектакль екенін айтқым келеді. Аяқ астынан емес, келісіп-пішілген шешімдер қабылданды. Заң жобаларын қабылдау кезінде ешқашан белсенді болып көрмеген "Единая Россия" (Ресейдегі билік партиясы – Азаттық.) фракциясының өкілдері шығып, небір сөздер айтты! Сосын Валентина Терешкова шығып, алдына қағазды жайып қойып, ұзақ сөйледі, яғни ол маңызды зор мәселе жайлы сөйлеуге дайындалып шықты. Аяқ астынан сөйледі деуге ауыз бармайды, барлығы керемет дайындалған. Путин де дайын күйде келіп, жазылғанды оқып берді.

– Путин Мемлекеттік думаны мерзімі бітпей жатыр таратуға қарсы болды ғой, бұл туралы не ойлайсыз?

– Зейнетақы реформасын және сол тәрізді көптеген халыққа қарсы заңдар қабылдаған Мемлекеттік дума тараса, көзіме жас алмаймын. Бұл Мемлекеттік дума федерация деңгейіндегі барлық органдардың ішіндегі ең улысы.

– Ал бүгін екінші оқылымда қабылданған түзетулер туралы не айтасыз?

– Біз "қатарынан" деген бір сөзге бола елдің 20 жылғы тағдырын тәлкекке салатын шешім қабылдаған саяси алаяқтыққа куә болдық. Қазіргі биліктің сөзіне сенуге болмайды. Бұл өткенге ой жүгіртіп, қорытуға мүмкіндік бермейтін алашапқын болды... Біз төбеден түскендей болған қосымша түзетулерді бағалап үлгермедік... Кім елдің негізгі, басты заңын осылай қабылдайды? Оны талқылауға бір ай аз болады, ал біз ертең үшінші оқылымда қарамақшымыз... Ақыр соңында бұл түзетулер біздің қолымызға қандай болып тиеді? Әлде белшемізден бататын бір нәрсеге айнала ма... Және неліктен жұрт сәуірдің 22-і күні шикі-шала Конституцияға дауыс беру керек?.. Бұның заңдылығына қатысты сұрақ көп.

– Президенттік мерзімдерді "жоюды" қолдайсыз ба?

– Жоқ! Путин бе, Иванов па, әлде Петров па, мейлі қандай керемет адам болса да, заңның аты – заң. Оған бағыну керек. Ал оны айналып өтетін саңылау іздеу – ар-ұяты барға лайықты қылық емес деп санаймын. Мен нақты бір фамилияға қарсы емес, принципті түрде келіспеймін. Егер президент үшін жеке артықшылық енгізетін болсақ, ондай президентке басына император тәжін киюден басқа амал қалмайды.

Владимир Путин 1999 жылы тамыздың 16-сы күні Ресей премьер-министрі болып тағайындалды, 2000 жылғы қаңтардың 1-інен бастап Ресей президентінің міндетін атқарды, 2000 жылдың наурызында Ресей президенті болып сайланды. 2008 жылдан бастап төрт жыл Ресей үкіметін басқарды. 2012 жылы қайтадан Ресей президенті болып сайланды. Қазірге дейін ол президент қызметінде 17 жылға жуық отырды.

Азаттық радиосы

 

Пікірлер