Қазақ өнерінің қара нары

3325
Adyrna.kz Telegram

Осыдан 115 жыл бұрын, 1905 жылы 15 наурызда әнші, режиссер, драматург, Қазақстанның Халық әртісі Қанабек Бәйсейітов дүниеге келді.

Алматы облысында туған ол жастайынан ән салып, «әнші бала» атанған. 1920 жылдан қызметке араласа бастайды. Ауылдағы сауат ашу мектебінде оқытушы болған. Қазақ педагогикалық техникумын бітірген. Осы техникумда оқып жүргенде, 1926 жылы техникум өнерпаздары қойған Ж.Шаниннің «Арқалық батыр» спектакліндегі Арқалық рөлін ойнап, актерлік талантын байқатады. 1927 жылы ұйымдастырылған жастар театрының режиссері болды. 1929 жылы Қазақ драма театрына қабылданды. Актерлік қызметімен қатар, пьесалар («Озбыр болыс», «Зәуре», «Тартыс», «Келіншек», т.б.) жазып, орыс жазушыларының бірнеше пьесасын қазақшаға аударды. Қазіргі Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында М.Әуезов пен И.Коцыктың «Айман - Шолпанында» Арыстанның тұлғасын сахналады. Төлеген, Тарғын, Абай, Арыстан хан сияқты түрлі сипаттағы опералық образдарды сомдады. Ол Қазақ опера және балет театрының (Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры) алғашқы режисерлерінің бірі ретінде «Абай», «Қамар сұлу», «Қыз Жібек», «Дударай», «Даиси», «Евгений Онегин», «Князь Игорь» операларын сахнаға шығарды.

Көптеген кинофильмдерде ойнап, драматургия саласында да жемісті еңбек етті. «Беу, қыздар-ай», «Ой, жігіттер-ай» комедияларының, «Достық жолымен» балетінің және «Айсұлу», «Алтын таулар» атты опералардың либреттоларын (Қ.Шаңғытбаевпен бірге) жазды. Оның «Құштар көңіл» кітабы қазақ, орыс тілдерінде жарық көрді.

Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған. Қазақ руханиятының қалыптасуы мен дамуына зор үлесін қосқан тұлға 1979 жылы қайтыс болды.

Қосымша дерек: алғашқы деректі фильм, алғашқы концерт, тіпті бірінші қазақстандық телехикая да кәстрөлдегі ерітінді арқылы жарыққа шықты. Телехикая «Абай даңғылы, үйдің нөмірі» деп аталды. Басты рөлді Қанабек Бәйсейітов сомдаған.

Пікірлер