КОРОНА ВИРУСТАН да құтылармыз, КОРОВА ВИРУСТЫ қайтеміз?

2941
Adyrna.kz Telegram

"Сиыр сипағанды білмейді" - деген атам қазақ. Біздің кейбір шенеунік, шенділер сыйлағанды білмейді. Тойып алып, күйіс қайтарып жатса болды. Өзінің креслосы халыққа қызмет ету үшін екенін білмейді-ау солар. Елдің қамын ойлаған боп, халықтың қамын жеген боп көріну, көлгірсу, кейде көсемсу бәрінің бет пердесі ғана. Кейбірінде ол да жоқ. Жап-жас болып, "лауазымыма бас ұр" - дегенді сазбеттенген түрімен көрсетіп, бет-жүзі бүлк етпей безеріп отырады. Әйтеуір күйіс қайырса болды. Өзі командасына кірген бастығы аман болса болды. Соның артын иіскеп, сиыр сияқты шалшыққа да, балшыққа да емірене мұрын тығып, өз науасындағы шөптен бұрын өзгенің әгәродына бас сұғып, соның бір уыс болса да шөбінен тарта жемей үйіне қайтпайды. Сиыр борсыған су болса да бір иіскемей өтпейді. Бұлар да солай, тұмсық тықпайтын жері жоқ. Өнерден бір шөкім хабары жоқ болса да өнерпазға өктем сөйлейді.
Бір дөкеймен қатар тұр едім, айналасы соған қол қусырып, өтірік күліп, ол болса жарты әлемді өзі билеп тұр еді, жанымыздан өтіп бара жатқан бір топ жас мені көріп шулай амандасып, суретке түсіп, мәз боп кетті. Олар дөкейді танымады, мойын да бұрған жоқ. Дөкейім сұрланып, менімен қоштаспай, көлігіне мініп кетіп қалды...
Интеллигенттік дегеннен қазіргі шенеуніктің көбінде тек кәстөм-шалбар ғана. Мәдениет, әдеп, парасат мүлде жоқ! Сол корова вирусқа мен мойсұнуым керек пе? Атаңның басы! Күйісіңді қайтарып, бір ыңқ етіп ал да жата бер. Асқар Тоқпановшалап айтқанда : "Артым көрсін сендерді!"

Уот тәк!

 

Асқар Наймантаев

Пікірлер