Журналистер тоқалдан туған сияқтымыз

541

Еліміздегі әлеуметтік жағынан ең аз қорғалған топтың бірі – журналистер.
Олар карантин жарияланған елдегі барлық ақпаратты үй көрмей, түз жайлап, табанынан таусылып, өмірін қауіпке тігіп, дамылсыз жеткізіп жатыр.
Олар карантин жарияланған қалада, ауылда, мекемеде камералары мен ноутбуктарын арқалап жүр, маскамен-маскасыз. Олар қауіпке толы қоғамдық орындардан, көше-алаңдардан дамылсыз хабар беріп жатыр.
Олар өздерінің кәсіби журналистік қызметіне адал.
Сөйте тұра, олардың бұл мемлекеттегі құқықтарынан міндеттемелері көп болып тұр. Рұқсаттарынан тыйымдары басым түсіп жатыр.
Қазақстандағы журналистердің құқықтық, қауіпсіздік мүмкіндіктері шектеулі. Әлеуметтік кепілдіктері жоққа тән.
Ақиқаты осы!
Меніңше, біздегі құзырлы министрлік, Үкімет пен Президент Әкімшілігі, тым құрығанда карантин уақытында, журналистердің жеке бас қауіпсіздігін күшейтуге, әлеуметтік жағдайларын оңалтуға көңіл бөлуі тиіс.
Мемлекеттік, мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдарының құрылтайшылары мен басшыларына «карантин уақытында журналистердің еңбек ақысын көтеру туралы» кешіктірмей пәрмен берілуі тиіс.

p.s. Үйде, теледидар мен компьютердің алдында отырып, әріптестерім кешке шаршап-шалдығып үйлеріне қайтады-ау деп ойланамын.
Азық-түлікке ақшалары жетпесе не болады? Ауру жұқтырып келсе ше?..

 

Талғат Ешенұлы

Пікірлер
Редакция таңдауы