Ауыл шаруашылығы дағдарыстан аман шығарады

3027
Adyrna.kz Telegram

Пандемияның экономикаға ықпалы туралы аз айтылып жатқан жоқ. Әлемде де, жекелеген мемлекеттерде де. Мысалы тек ақпан деген қысқа айдың өзінде әлем экономикасы 50 млрд доллар жоғалтқан. Ал 2008 жылы болған дағдарыс кезіндегі шығын - 26,7 млрд. құраған. Екі есеге жуық көп зардап. Біріккен Ұлттар Ұйымының сауда және даму жөніндегі конференциясында жарияланған баяндамада осылай делінген.

Халықаралық валюта қорының басшысы К.Георгиева да бұл дағдарыс 2008 жылдағыдан да ауыр болып, дүниежүзі Ұлы депрессиядан бері көрмеген қиыншылықты бастан кешіретінін ашық айтты. Ал халықаралық еңбек ұйымының болжамына қарағанда пандемия кесірінен әлем бойынша 5 миллионнан 25 млн.-ға дейін жұмыс орындары жойылуы мүмкін. Бүгінде жер бетінде 800 млн. астам адам аш отыр. Коронавирус індетінің беті қайтар түрі көрінбесе, бұл көрсеткіш ұлғая береді. Сондықтан қазір БҰҰ бастап азық-түлік саласын дамытатын фермерлерді инвестициялау туралы айтып келеді.

Меніңше, ауыр дағдарыстан кейін әлем ауылшаруашылық саласына жаңа көзқараспен қайта оралатын сияқты. Себебі тарихта ондай мысалдар аз емес. Мысалы 1970 жылдардың ортасындағы мұнай дағдарысынан соң Тайвань еліндегі зауыттарда істейтін 200 мың жұмысшы фермерлікпен айналысып кеткен. Біздің елдегі энергетика саласында жұмыссыз қалған адамдар болса, Тайвань зауыт жұмысшылары сияқты ауылшаруашылығына барар ма еді? 70 жылдардағы дағдарыстың жалғасы ретінде: Майкл Липтон деген экономист «Латын Америкасы 1950, 1960, 1970 жылдары ауылшаруашылығына көңіл бөлмегендіктен сол дағдарыстан аямай опық жеді»,- деп жазады.

Қазір қай мемлекеттің басшылығы болмасын алдында экономика және халық денсаулығы деген екі мәселе тұр. Осы дағдарысты зерттеп, зерделей келе деп ойлаймын, біздің Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та 31 наурыз күні жасаған мәлімдемесінде қолдау жасалатын салаларды атап өтті. Маған ұнаған жері - Ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге де қолдау көрсетіледі дегені. Бюджеттен 70 миллиард теңге бөлінеді екен. Демек, осы салаға икемі бар, жұмыссыз қалған азаматтарға биыл егін егіп тәуекелге бару тиімді.

Бірақ ескерілуі қажет ең басты мәселе бар. Жер саясаты және оның дамуы бойынша әлемдегі мықты маман боп саналатын Клаус Дейнингердің тұжырымдамасына сәйкес, осы саладағы дамудың бастапқы сатысы - жерді әділ бөлу екен. Оның айтуынша, Жапония мен Оңтүстік Корея осы мәселені өте тиянақты әрі уақтылы шешіп алған көрінеді. Қазір эксперимент жасайтын емес, тиімді әрі дайын тәжірибені қолдану сияқты.

Таңжарық Түсіпбекұлы

Пікірлер