ҚУАНДЫҚ ШАМАХАЙҰЛЫ: Наразылық нота ресми түрде дұрыс тапсырылды

2677
Adyrna.kz Telegram

Біздің өкімет Қытайға наразылық Нота берді. Өте дұрыс! Еліміздің тұтастығына, тәуелсіздігіне қарсы айтылған қытай басылымдарының әрбір сөзі ресми өкіметінің позициясы ретінде танылуы тиіс. Себебі, ҚХР-да барлық медиа құралдары Компартияның қатал цензурасы аясында қызмет етеді. Қытай өкіметі ресми түрде рұқсат бермеген ешбір мақала жарыққа шықпайды. Саяси идеологиялық тәртіп солай. Қазақстанның дербестігін ыдыратуға бағытталған, отарлықты насихаттаған "Соху" сайты - Қытай өкіметі мен орталық партия комитетінің ресми органы. Сол себептен біздің СІМ наразылық Нотасын беруі заңды әрекет. Қазір бәзбіреулер "Қытайға бекер нота берілді, енді, Қытайды біз сынасақ, олар бізге қарсы нота береді, ауызымыз жабылатын болды" дегендей бос байбалам салып жатыр. Мүлде олай емес. Біздің Конституция бойынша цензураға тиым салынған, сөз бостандығына кепілдік берілген. Сондықтан, Қытай тұрмақ өз өкіметімізді де сынай аламыз. Тек жала жаппасақ болды. Мейлі, "Алтай, Тарбағатай, Шәуешек, Күйтін - біздің жеріміз, Шығыс Түркістан - Қазақстанның құрамдас бөлігі" деп тарихшыларымыз айтып жатса да түбі шындыққа жанасады. Оған қай қытайдың талағы тарс айырылса да тарихи ақиқатты жоққа шығара алмайды. Бұл жердегі айырмашылық орасан. Егер біздің елде Қытайға қарсы шындықты әшкере етіп "Егемен Қазақстан" мен "Казправда" мақала жазса, өкіметтің ресми позициясы деп қарастырып, олардың нота жолдауы ықтимал. Ал, басқаларға ондай талап жүрмейді. Біз әсіресе, мемлекеттік емес әрбір медиа құралдары бұл жерде өз еліміздің Конституциясын негізге ала отырып Қытай "ә" десе, "мә" дей беруімізге толық қақылымыз. Сондықтан, бұл жолы біздің өкімет тапсырған нотаны беталды талқылап оған жағымсыз баға берудің еш қажеті жоқ. Наразылық нота ресми түрде дұрыс тапсырылды.

Пікірлер