ШЫМКЕНТ: ЖОЛ САПАСЫ БАСТЫ НАЗАРДА!

2384
Adyrna.kz Telegram

Қала аумағындағы жол мәселесі алдағы бірнеше жылда кезең-кезеңімен шешімін табады. Шымкенттің құрамына енген 41 елді мекеннің де инфрақұрылымы қайта қаралады. Миллионды қаладағы жолды жөндеу жұмыстарына биыл қазынадан 25 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінген. Бұл қомақты қаражат. Оны уақытында әрі мақсатты игеруіміз қажет, деді шаһардағы жол құрылысымен танысқан қала әкімі Мұрат Әйтенов.
Мердігерлер компаниялар мен техникалық қадағалаушы ұйымдардың өкілдерімен жүздескен қала басшысы жолдың сапасын құрылыс біткен соң емес кемшіліктерді алдын-ала анықтап, жою керектігін ескертті.
– Бұған дейін жол салынып болған соң барып сапасы тексерілетін. Қазір құрылыс жүріп жатқан кезде бақылауға мүмкіндік бар. Ол үшін арнайы жылжымалы зертханалар жұмыс істеуде. Заманауи құрылғы олқылықты дер кезінде анықтап береді, дейді «Жол активтер сапасы орталығы» филиалының директоры Мұхтар Дүйсенбеков.
Қала әкімі аталған орталыққа жол құрылысының сапасын қатау бақылауға алуды тапсырды.
Шымкенте жалпы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 2 976,6 шақырымды құрайды. Оның 1 758 шақырымына асфальт төселген.
Қалада биыл 417,6 шақырым жолда құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оған бюджет есебінен 25,6 млрд.теңге бағытталған. Оның 5,1 млрд. қаржысы республикалық, қалған 20,5 млрд. теңгесі жергілікті бюджеттен қаралған. Бұл қаржыға 294 шақырым жол мен 6 көпір және 1 жолайрық салынуда.
Бүгінде қалалық маңызы бар магистралды көшелердің 75,3 шақырымында құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде Д.Қонаев даңғылы жалғасының құрылысы мен айналма жолының қайта құру жұмыстары қамтылған. Ірі жобалар қаладан шығатын барлық бағыттарды қамтып отыр. Атап айтқанда Ташкент, Түркістан және Алматы бағыттарына шығатын жолдар жөнделуде. Оған қоса қала жолдарында көлік кептелістерін болдырмау мақсатында, 4 жолайрықтың құрылысын жүргізу жоспарлануда.
«Нұртас» шағынауданында биыл 18,8 шақырымды құрайтын 11 көшенің күрделі және орташа жөндеу жұмыстарына 1,1 млрд., ал, «Бозарықтағы» 6 көшеге 230,8 млн. теңге қаржы қаралды.
Облыстық маңызы бар ҚХ-82 автомобиль жолының 18,1 шақырымына күрделі, 8 шақырымы қайта құрылымдаудан өтіп жатыр. Сайрам су өзенінің үстіне салынып жатқан көпір қыркүйекте пайдалануға берілмек.
«Сайрам» шағынауданында 6 көшені орташа жөндеуге 164,8 млн. қаралса, «Базарқақпадағы» 3 көшені орташа жөнделіп жатыр.
Қала әкімі Мұрат Әйтенов осы аталған жол құрылысының жұмысымен жеке-жеке танысып шықты. Тұрғындармен жүздесіп көпшіліктің көкейінде жүрген сауалдарға жауап берді.
Шеткі тұрғын алаптардың ақсақалдары қоғамдық көлік, жол, жарық мәселелері бойынша атқарылып жатқан жұмыстар үшін қала әкіміне ризалығын білдіріп, ақ батасын берді.

Пікірлер