ҚУАНДЫҚ ШАМАХАЙҰЛЫ: Қытай компартиясы қартайды

3289
Adyrna.kz Telegram

Қытай компартиясы қартайды, күні өтіп барады. Кезінде қытайлық коммунистер азаматтық соғыстан ығыр болған Қытай елінің басын біріктіре алды. Бірақ, Мао Зе Дунның қоғамдық-саяси сынақтар зертханасы Қытайды әбден әлсіретті. Дэн Сяо Пин ғана жығылған Қытайды орнынан тұрғызды.
Енді, коммунистік партияның күні батып барады. Жемқорлық, парақорлық, аз ұлттарға көрсетіліп жатқан зорлық-зомбылықтары олардың соңғы тұяқ серпулері ғана болса керек. Әлем алдында олар өздерінің былық-шылығын әбден айпарадай ашып бітірді. Бұл партияның ендігі жерде алып Қытайды ары қарай алып жүре алмайтыны белгілі болды. Шыңжаңда жасап жатқан жауыздықтары үшін өркениетті Батыс әлемі қытай компартиясына лайықты сыбағасын береді, әлі де ол алда. Аз ұлттар үшін ғана емес, жалпы күллі қытай халқының қолында дәулеті бар, экономикалық бостандықты сезінген орта және жоғарғы топтар үшін қытай компартиясы дамуды тежегіш керітартпа күш.
Түбінде тұтас Қытайды бөлшектеп ыдырататын Тибет, Шыңжаң, Ішкі Моңғолия емес, керісінше, Гуандон, Шанхай, Фужиан және солармен Сычуан, Юнань, Хунань, Гуанши болып шығуы бек мүмкін.
Мейлі, қытай халқы бөлшектенбесе де, енді, бұл елді қандықол компартия басқара алмасы анық. Тайвандағы Гоминдан партиясы аралдан шығып, құрлыққа келу ықтималдылығы басым. Себебі, Гоминдан дегеніміз өзінің заңдық мәртебесінен қапияда айырылып қалған саяси партия. 1988 жылдан бастап демократиялық саяси күшке айналған.
1949 жылы аралға қашып барып, бас сауғалаған кәрі-құртаң басқарушылары әлде қашан о дүниелік болып, қазір олардың екінші және үшінші буыны саясат тізгінін ұстап отыр. Саяси күш ретінде қытай компартиясы қаусаған шалға айналып, алжи бастады. Ал, Гоминдан осы аралықта мейлінше жасарып, демократиялық ашық қоғаммен үйлесіп қызмет етуге қабілетті болып алды...

Қуандық Шамахайұлы

Пікірлер