Сардоба, Рогун, АЭС

5072
Adyrna.kz Telegram

Алапат апат болып, қалың ел суға кетіп жатқанда билік ойнап жатқандар Өзбекстанға нота жібереміз бе, жоқ па дегенді де ақылдаспапты. Нотамызды дайындап қойдық деген вице-министрдің сөзіне қарағанда, шекарада салынып жатқан су қоймасы жөнінде Қазақстан "бірнеше рет" сұраса да Өзбекстан жөндем жауап бермепті. Бірі келіп, бірі кетіп жатқан шенеуніктер сірә, "біз сұрадық, міндетімізден құтылдық" деп жылы жауып қойса керек. Табандап тұрмаған, жеріне жеткізбеген. Әйтпесе, халықаралық заң нормасын бұзды деп Біріккен ұлттар ұйымына арызданар еді, әлемнен бейтарап сарапшы шақырар еді. Іздедім, ондай жоқ. Сардоба салынса, тым болмағанда Сырдария суалмай ма, Кіші Аралға зар болмаймыз ба деген де есеп-қисап жоқ.

Сардобаның мәселесі екі жемқор жүйенің арасында жалған ағайынгершілікпен, бәлкім, сен іш, мен іш салтанатты дастархан басында өзара достық пен татулық үшін нетіп тұрғанда шешіліп кетсе, таңғалмаймын.

Ислам Каримов Тәжікстанға Рогун ГЭС-ін салдырмаймын, керек болса соғысамыз деп өмір бойы көнбеп еді. Рогун салынса, біріншіден Өзбекстанға Әмударияның суы жетпейді, екіншіден 335 метр биікке, сейсмикасы өте қауіпті тауға салынатын, "Орталық Азияда теңдесі жоқ" Рогун ГЭС-і жарылса Орталық Азияны жоқ қылады. Биіктігі он метр топан су көзді ашып жұмғанша өзбек, қазақ жерін қала-моласымен қоса түгел шайып кетеді. Бұл тұрғыда өзбек диктаторының ұстанымы бізге де тиімді болған. Елбасы да, Түрікменбашы да, Тәжікбасы да, қырғыз президенттері де Каримовпен қырбай боп кетті. Каримов өліп, бәрінің құдайы берді. Мирзияев Назарбаевтың лидер екенін мойындай салды. Есесіне 2017 жылдары Жетісайдан жер алып, басқа жерден жер бере қойды. Сардобаның ашылғаны да сол кез. Біздің жұрт пәлендей наразы боп, өтірік болса да бұлданбапты.

Мирзияев Рахмонға да Рогуныңды салсаң сала бер деді. Сөйтіп енді бірер жылда Орталық Азияның дәл төбесіне алапат су жиналатын болды. Ауған содырлары еріккенде Тәжікстанға кіріп шыға салатынын және жемқор тәжік диктатурасын ескерсек, тау басындағы ГЭС-тің қауіпсіздігіне еш кепіл жоқ.

Мирзияевтің өзі де қарап отырмай, Қазақстан шекарасынан 40 км жерге атом электр стансасын салатын болды. 2018 жылы Ресеймен қол алысты. 2028 жылы атом светін жағып отырады.
Балқашқа АЭС салдырмаймыз деп шуладық қой? Шардара су қоймасының дәл түбіне салғалы жатқанын байқамаған сияқтымыз. Сірә, сонау алыста, бізге қатысы шамалы деп ұқсақ керек. Өкіметіміз "әу, бұларың қалай, халықаралық заң, пакт, акт деген бар емес пе деген екен, Өзбекстан "оған қол қоймадық" депті. "Саған қол қойдық" дегені. Сонымен әңгіме тәмам болған. Қатты айтуға батпаймыз, лидер екенімізді мойындап қойғаны бар, арғы жағында Путин тұр бір қап компроматымен дегендей.
Ал, енді топырақ төгіп, тас үйіп, бетон құйып, қарапайым бөгет сала алмаған, цементін сатып, арматурасын шарбаққа пайдаланған Өзбекстанның жемқор жүйесі жоғары технологиялы АЭС-ті ұстап тұра ала ма?

Бұл АЭС салына қалса, сосын жарыла қалса, билік ойнап, ойыны осылғанның көкесі сонда болады.

Асылхан Мамашұлының Фейсбук парақшасынан

Пікірлер