АҚШ сенаторлары Тоқаевтан Макс Боқаев пен Әсет Әбішевті босатуға үндеді

3136
Adyrna.kz Telegram

АҚШ конгресінің 12 сенаторы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып, "сөз еркіндігі мен жиналу еркіндігіне құқығын пайдаланғаны үшін" сотталған белсенділер мен адам құқығын қорғаушыларды дереу түрмеден босатуды сұрады. Бұл туралы "Адырна" Centralasia.org порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Сенаторлар хатында азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Әсет Әбішевті атап көрсеткен.

"Адамдар бейбіт жиналу, топтарға бірігу, ой-пікірін білдіру еркіндігіне құқығын пайдаланғаны үшін ешқашан сотталмауы тиіс. Біз сізді осындай заңды әрекеттері үшін сотталған азаматтарыңызды босатуға шақырамыз" деп басталған сенаторлар хаты.

АҚШ заң шығарушылары аталған азаматтарды COVID-19 пандемиясына байланысты дереу шығару керек деп санайды. Олардың сөзінше, түрмеде вирусты жұқтыру қаупі жоғары, ал жазасын өтеушілерді ертерек шығару коронавирустың тарауын тоқтатуға көмектеседі.

Атыраулық белсенді Макс Боқаев 2016 жылғы жер митингісіне қатысқаннан кейін билік оны "әлеуметтік араздық тудырды", "жалған ақпарат таратты" және "митинг өткізу заңдарын бұзды" деген айыппен бес жылға соттаған.

Алматы тұрғыны Әсет Әбішев Қазақстанда сот шешімімен тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысына қатысы бар деген айып бойынша 2018 жылы төрт жылға сотталған. 2019 жылы 13 ақпанда апелляция соты үкімді өзгеріссіз қалдырған. Бұрынғы банкир, қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов жетекшілік ететін ҚДТ-ны Қазақстан соты "экстремистік ұйым" деп таныған. Еуропарламент 2019 жылғы резолюциясында бұл ұйымды "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған. Құқық қорғаушылардың сарапшылар кеңесі былтыр Әсет Әбішевті Қазақстанның саяси тұтқындар тізіміне қосқан.

Президент Тоқаевқа АҚШ сенаторы демократ Боб Менендес жазған хатқа республикашыл сенаторлар Мит Ромни мен Том Тиллис және демократ сенаторлар Дик Дурбин, Ричард Блументал, Роджер Уикер, Боб Кейси, Кирстен Джиллибранд, Шеррод Браун, Патрик Лехи, Бен Кардин және Крис Ван Холлен қол қойған.

Дәл осындай хат Орталық Азияның өзге үш елі – Түркіменстан, Өзбекстан мен Тәжікстан президенттеріне жіберілген.

Пікірлер