Серік Елікбай. Шыңғыс ханның шындығы

3282
Adyrna.kz Telegram

Осы сот болады дегелі біраз уақыт болды. Мен елден, ел менен сұрайды. Осыны бір шешіп тастау керек деді танысым. Соңғы рет. Бұл сұраққа қайта оралмайтын болып.

Әйтеуір осы сот болар күн де жетті-ау. Сот алды ығы-жығы халық. Бірден көзге түсері көпшілік екіге бөлініп алған. Бір жағындағылардың қолында «Шыңғысхан жасасын», екіншілері «Шыңғысхан жойылсын» деп жазып алыпты. Шыңғысхан жойылсын дегеннің қасында бір топ орыстар жүр. Қолдарында том-том кітап. Міне, біздің бәлен деген ғалым былай деген. Жоқ, бәлен деген академигіміз былай деген. Егер ақша берсеңіздер миллиондап, доллармен... Қатқан кино түсіріп береміз. Қайырхан... Қай меценат көп ақша берсе, соның руы жасаймыз. Әкел қолыңды. Әйтпесе аналар жаққа кетіп қаламыз.

Шыңғысхан жасасын деген жақта бір топ қытай жүр. Бұлар да шу-шу етеді. Бұлар да кино түсірмек. Кітап жазбақ. Көзілдірікті қытай езеуреп болмайды. Атын қараңызшы. Шыңғысхан. Бұл қазақтың аты ғой. Біз де қанша қазақтар отыр, моңғолдар жүр. Шыңғысхан жайлап алған жердің бәрі бізге ортақ. Не бөлініп жарылары бар. Қазақ-қытай бірігейік... Құдай да ортақ. Мұнай да ортақ.

Сәлден кейін кіріңіздер деген соң, бәрі сот залына ұмтылды. Шыңғысшыл топ мұртты жазушы ағамның бастауымен оң жаққа отырды.

Шыңғысханға қарсы жұрт мұртсыз ақын ағамның бастауымен сол жаққа жайғасты.

Сот келеді, тұрыңыздар.

Сот жігіт кірді. Түрі қазаққа ұқсамайды. Қасында отырған сыбырлады «Ассамблеяға айтып әрең сұрап алдық. Мына жігіттің бойында қазақтың, ұйғырдың, орыстың, қытайдың қаны бар. Істі әділ шешеді деп отырмыз».

Бірінші сөзді мұртты ағам алды. «Сіздер білесіздер, мен Шыңғысханды ертеден зерттеп жүрмін. Шығарған еңбегімнің кіріспесін «Жабай»сайтына беріп едім. Кейін қайта алдым. Шыңғысханшылар бірігіп, «Дабай» деген сайт ашсақ деп отырмыз. Шыңғысхан - қазақ. Ол қазақ тілінің қорғаушысы. Маған, бізге қарсы шыққанның бәрі қазаққа жау. Қарсы шыққанды Құдай табады».

Екінші жақ шуылдап кетті. Мұртсыз ақын ағам ортаға шықты. Бірден өлеңмен бастап кетті. Жыр тақырыбы « Тарих бізге қарап қақима немесе бір таудың басындағы оқиға» деп аталады. Ақын ағам ұзақ оқып, шаршап, асқынып тоқтады.

«Менің айтарым Шыңғысхан Отырарды ойран етті. Қандай қала еді... Пауза. Сол қалада не жоқ еді... Кітапхана, монша, жылу жүйесі, туалетная бумага... Тфу... Болған. Мен ертең депутат болғанда осы мәселені қозғаймын». Ешкім үндемей қалды. Алды да, «сайлау» деп бәрі күбірледі.

Сот ағасы қазір ортаға Шыңғысханның аруағын шақырамыз деді. Ел гу ете түсті. Тоқтаңыздар! Қайырханды да шақырдық. Қазақтардың ішінде ол жоқ. Парсының ба, арабтың ба ішіне сіңіп кетіпті. Ал қараша дегеннің аруағы атымен жоқ. СИК, РНН-ін Шыңғысхан оңбаған жағып жіберіпті.

Өзіңізді таныстырыңыз.

Мен ақ әулиемін. Сары әулие жоқ. Ешкімнің қара әулие болғысы келмейді. Көк әулие болып еді. Скинхерттер өлтіріп тастады.

Мен бәрін білемін. Алланы да, Христосты да, Будданы да мойындаймын. Таңертең мінәжат етіп шоқынамын, кешке Намаз оқып ұйықтаймын. Қазір мен трансқа кіремін. Ақ әулие аса таяғын лақтырып жіберді. Ах... ух... Көзін ашты да «сен... сен ештеңеге сенбейтін бейтарап жансыңдар, содан соң журналистер шықсын» - деді. Қорықпаңыздар. Менің қазір денеме Шыңғысхан рухы кіреді. Мен емес, хан сөйлейді.

Әулие қатып семді. Секірді... Сәлден соң қып-қызыл көзін ашты. «Сендер кімсіңдер», - деді.

Біз қазақтармыз... сізден сұрайық дегеніміз... Сіз қазақсыз ба?

Мұртты ағам даусы дірілдеп, «Хан-ием, мына жұртқа айтыңызшы. Сіз Қайырханды азапқа салғаны үшін, қазақтықтан кеткені үшін өлтірдіңіз ғой. Хан-ием?!».

Ақ әулие – Шыңғысхан көзін ашты да, - Қазақтар, сендер неге мені мазалайсыңдар? Немене басқа жұмыстарың жоқ па?

Мұртсыз ақын ағам сұрады: «Сіздер неге Қайырханды өлтірдіңіздер?».

Ақ әулие – Шыңғысхан: «Неге өлтірдің. Мен туған бауырымды, мені хан жасаған Тоғырылды, досым Жамуханы да өлтірдім. Билік үшін. Бүгін не бастықтарың ешкімді өлтірмеді ме?».

Ары қарай сырыл араласып кетті. Қайта сөйледі.

Бұның бәрі билік үшін. За власть. За власть. Если нет другие вопросы идите к черту. Ну и казахи... займитесь со своими проблемами!

Сот залы тып-тыныш. Есін бірінші сот ағасы жиды.

Суд закрыт..., – деді шыңғырып. Ел ақырын шығып кетті. Есіктің алдында бос бөтелкелерді жинап екі орыс жүр екен...

Керекуден Серік Елікбай

Пікірлер