Екі қолға бір күрек таппай жүрсеңіз..

3370
Adyrna.kz Telegram

Бүгінгі таңда көпшілік «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасы» бойынша Жұмыспен қамту орталықтарының халыққа қызмет етіп жатқанын білмейді. «Адырна» ұлттық порталы бұл орталық туралы толық мәліметті назарларыңызға ұсынады.

 

Жұмыспен қамту орталығының мақсаты қандай?

 

Халықты жұмыспен қамту орталықтары халыққа және жұмыс берушілерге тегін қызмет көрсетеді. Орталықтың негізгі мақсаты - еліміздегі жұмыссыздық мәселесін жоюға атсалысып, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын жүзеге асыру. Елімізде 200 халықты жұмыспен қамту орталығы бар.

 

Жұмыспен қамту орталығы кімдерге жұмыс ұсынады? Еңбекақы мөлшері қанша?

 

Орталық 16 жастан бастап зейнетақы жасына дейінгі  жұмыссыз азаматтарға көмек көрсетеді.  Еңбекақы мөлшері - 85 000 теңге.

 

Жұмыспен қамту орталығына қалай тіркеледі?

 

Жұмыс жасауға ниеті бар жандар жұмыспен қамту орталығына баруы тиіс. Олар төмендегі құжаттардың негізінде жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркеле алады:

 

1) жеке басын куәландыратын құжат;

 

2) еңбек қызметін растайтын құжат (бар болған кезде);

 

3) білімі, біліктілігі, арнайы білімінің немесе кәсіптік даярлығының болуы туралы құжат (бар болған кезде);

 

Тіркелгеннен кейін орталық 10 жұмыс күні ішінде азаматқа жұмыстың табылуын күтеді.

 

Жұмыссыз ретінде онлайн түрде тіркелуге бола ма?

 

Иә. Ізденуші электрондық цифрлық қолтаңбасы (ЭЦҚ) болған кезде "электрондық үкімет" (egov.kz) веб-порталы арқылы электрондық нысанда жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркеле алады. Оның деректері автоматты түрде тіркелген жері бойынша жұмыспен қамту орталығына жіберіледі.

 

Белгілі бір мамандығы (кәсібі) жоқ адамдарға қандай жұмыстар ұсынылады?

 

Жұмыспен қамту орталығы мамандығы (кәсібі) жоқ тұлғаларға уақытша сипаттағы қоғамдық жұмыс орындарына, әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналасуды және қысқа мерзімді кәсіптік оқытудан өтуді ұсынады.

 

10 жұмыс күні ішінде азаматқа лайықты жұмыс табылмаса, ізденуші не істеуі керек?

 

Егер 10 жұмыс күні өткеннен кейін, азаматқа сол уақыттың ішінде жұмысқа орналасуы үшін лайықты бос жұмыс орындары табылмаған жағдайда,жұмыс іздеуші кәсіптік бағдарлау бөліміне барып, оқу үшін мамандықты таңдауға тестілеуден өтуі қажет.

 

Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту дегеніміз не?

 

Кәсіптік оқыту еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар мен дағдылар бойынша кәсіптік даярлау, қайта даярлау және біліктілікті арттыруды қамтиды.  Қысқа мерзімді кәсіптік оқытудан өтетін азаматтар оқу, стипендия, жол жүру ақысын төлеу бойынша мемлекеттік қолдаумен қамтамасыз етіледі. Оқытудың ұзақтығы мамандықтың ерекшеліктеріне байланысты бір айдан алты айға дейін құрайды.

 

Жұмыс іздеп жүрген адам өзіне лайықты жұмыстың табылғанын қалай біледі?

 

Ізденуші өзіне лайықты жұмыстың бар екені туралы ақпаратты жұмыспен қамту орталығының қызметкерінен біледі. Ол лайықты жұмыстың бар екені туралы ұсынысты алғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде жұмыспен қамту орталығына баруы керек немесе байланыс құралдары арқылы ұсынылған лайықты жұмысқа келісетіні я одан бас тартатыны туралы хабарлауы тиіс.

Диана АСАНОВА,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер