Берекені кетірген бетперде

2539
Adyrna.kz Telegram

Қазақ атам өз заманында қайғы-қасірет әкелетін  ауру-сырқаудың атын атамаған. Себебі, жамандық шақырады деген наным бар. Бекер емес. Бұл - қазіргі уақытта сәнге айналған психологтарға ай бойы табанынан таусылып жүріп тапқан табан ет, маңдай терінінің ақысын уыстап төлеп, аузы ашылып тыңдап жүрген көп кеңестің бірі және бірегейі. Олар үнемі жаман ойлама, жақсылықты ғана ойла, ғажайыптарды арманда дейді. Пенделікпен  құдды бір адамның басына кіріп-шықпайтын керемет ақылды алғандай солай істеуге тырысады немесе үнемі солай жасауға көшеді және көбі соған дағдыланады. Оған себеп – ақша төлеп қойды. Рас қой. Ал сол ақылы кеңестерді қазақ атам тегіннен-тегін, түгел ұрпағының тәбиесіне жететін қылып  баяғыда айтып кеткен. Соны сәл ойланып, миын іске қосса кез келген қазақтың текке қолданып, қажетіне жарататын мүмкіндіктің бар екенін қаперге де алмайды. Айтпағым бұл емес.

Елімізде аты жаман індет тарады деп аласапыран болғалы да бақандай бес ай өтті. Екі рет күшейтілген карантиндік режимге көштік. Қанша адам жақынынан айырылып, зар жылап, запар шегіп қалды. Тіпті, абайсызда аты жаманның құрығына ілініп қалып, құтыла алмай о дүниелік болған жандардың жақын-жуығы мен ағайын-туысына көңіл айтып, жұбатып та үлгере алмай қалдық... Қапияда қайтқан жандардың жаны жәннатта болсын.

Ел еңсесі езіліп, «Қайда барсаң да Қорқыттың көріндей»  қасіреттен көз ашпаған күйге жетті. Ал «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген, жоғарыда айтқанымыздай, тегін кеңесті, қазақы қағиданы қаншалықты ұстандық? Ойлап көріңізші. Жай ғана мысал, аты жаман бәледен сақтану шаралары туралы барынша барлық ақпарат құралдарында айтылды. Оның ішінде бетперде тағу, қолды тұрақты жуу, антисептикпен өңдеу – сақтанудың алғышарттары болды десек өтірік емес. Алайда сіз осы сақтық шарасына қаншалықты мән бердіңіз? Дәріханаларда бетперде мен дәрі-дәрмектің жоқ болғаны, қолға түспей қат болғаны, қымбаттағаны басқа әңгіме.

«Басқа түскен баспақшыл» жанын сақтап қалу үшін ел жоқтан бар жасап, қолдан да тігіп киді. Дұрыс, бірақ сол бетперденің гигиеналық талаптарын сақтадыңыз ба? Үнемі жуып, үтіктеп, дәрігерлер айтқандай спиртпен өңдеп қолдандыңыз ба? Бір реттік бетперделерді аты айтып тұрғандай бір-ақ рет тағу керек те, бір реттік дорбаға орап қоқысқа тастау керек, солай ғой. Ал сіз оны неше рет, қайда барғанда тағып жүрдіңіз? Тіпті, соның өзін жуып тағып жүрмін дегендерге айтар сөз таппаған кезіміз болды. Бір бетпердені тозығы жеткенше сақтап, дүкенге кіргенде, автобусқа отырғанда, көпшіліктің арасында жүргенде ғана тағып, қалған уақытта қалтаға салып қойып жүргендер ше? Түте-түтесі шығып кеткен, кір-кір бетперделерді ұялмай тағып жүргендердің де талайын көріп, бәкім күлдіңіз, болмаса, қасына жоламай ішкі түйсіктің бұйрығымен қашқан да шығарсыз.

Ал осындай қалыпта жүріп аты жаман алқымнан алғанда, жан ұшырып дәрігерге жүгінгенде кімді кінәладық?! Әрине, тым кінәмшілміз ғой, кімнен көрерімізді білмей бізді қорғамаған, үйімізге бетперде мен дәріні әкеп бермеген, алдына отырғызып ақыл айтпаған үкіметті қарғадық, шақыра қалғанда келе қоймаған жеделжәрдемнің жеті атасын жездей қақтадық, аурухана мен дәріхананың алдындағы ұзын-сонар кезек үшін күйіп-пістік. Өтірік деңізші?!

Аурудың бар және аса қауіпті екенін біле тұра, «сенбеймін» деп елді сеңдей соғыстырғандар, онымен қоймай өзі сол бәлені таратушы болғандар ше?

Карантинді біз үшін емес, өздері үшін қойды деп ел қырылып жатса да қыдырып, түнгі клуб, ресторан, кафені түгендеп, тойханаларға тығылып той тойлап,  соңынан жаппай ауырып, бармағын тістеп қалғаны қаншама? Олар үшін аты жаманмен алысып күн-түн демей дүрліккен дүние жүзі ойын ойнап, дабыл қағып, күллі әлемді  шулатқаны бекер болды ғой.

Соның салдарынан өзі ауырғанда ғана шынымен бар, тәж-тажал бар екен ғой деп етегі жасқа толғандар да аз болмады. Жай ғана бетперденің дүйім елдің берекесін кетірертінін ойлаған да жоқ олар. Көзбен көріп, құлақпен естіп отырсыздар ғой, дәрігерлер дабыл қағып, тегін кеңестер түгелге дерлік ақпарат құралдарынан айтылып жатқанда құлақ асып, ден қоюға, жауапкершілікті сезініп, әркім айналасындағылардың, тіпті өзінің амандығы үшін күресуге кім кедергі болды?

Ушығып тұрған жағдайды көре тұра әлі күнге дейін  жаны біреудікі сияқты басқасын былай қойып, сол бетпердені тағуға құлықсыз жүргендерді көргенде зығырданың қайнап, соншалықты қаперсіздігіне налисың. Пайдасы тимейді екен, елге қиындық та келтірмей жүруге неге болмайды екен деп жетіп барып, желкелегің келеді. Оны тыңдаса жақсы-ау, бәле іздегендерге тап болсаң өзің жауырды жаба тоқып әрең жүргенде онымен айтысып-тартысып, айқайласып тұратын шама бар ма, мына аласапыран уақытта?

Аты жаман тарағалы бері  ел арасында жүргенде азды-көпті көргенімізді жаздық, ағайын. Жалпы, бізді өлтіретін немқұрайлылық пен салақтық, өзімшілдік мен өркөкіректік екен ғой деген ойға келдік. Қарапайым бетперденің осынша қажет боларын, керек қылмағанда осынша әуре-сарсаңға саларын кім білген?!  Әуелі әр адам өзін қорғаса, сақтық шараларын қатаң сақтаса «еліміз сіз бен біз естіп, көріп отырғандай бас көтертпес қиын жағдайға тап болмас еді-ау» деген ой мазалайды. Бір сәт ойланып көріңізші, сіз осы кеселден қалай сақтанып жүрсіз?!

Жанбота Сұлтанмұратқызы

Пікірлер