Абай есімін арқалағандар

2561
Adyrna.kz Telegram

Қуан қазақ! Алғаш рет тойлағалы отырған 10 тамыз Абай күні барша қазақстандықтарға құтты болсын! Мерекеге орай еліміздегі Абай есімін арқалап жүрген азаматтарды сауалнамаға тарттық. Сауалнама кезінде өте қызықты әрі салмақты жауаптарға тап болдық. Хош, азаматтарға ұлы ақынның есімі қалай әсер етті?

 

Бірі Абайға батылдығымен, тапкырлығымен, шыншылдығымен ұқсаса, бірі өзін Абаймен салыстыра алмайтынын айтты. Сауалнамаға мал дәрігері де, мұғалім де, құрылысшы да, көлік жүргізушісі де, журналист те қатысты. Бәрі де ерекше есімге ие болғандары үшін қуанатынын жеткізді Бір қызығы, Абай есімі өмірді дұрыс сүруге септігін тигізіп, өмірге деген құштарлығын арттырған. Абайдың ақылдылығы себепті өздері де Абайдай тұлға болуға ұмтылған. Мәселен, Аханов Абай деген азамат ұлы ақын секілді шығармашылыққа бет бұрған жан екен.

Ендеше, Абайлардың Абай жайлы жауаптарына үңіліп көрелік!

Абай есімін арқалап жүру қиын ба?

Абдраим Абай:

-Ұлы тұлғаның есіміне кір келтірмей жүру оңай емес. Егер қателік жіберген болсаңыз сіздің атыңыз төрткүл дүниеге танымал Абайдың есімі екендігін есіңізге салады.

Абай Омар, дизайнер:

-Абай есімі берілген соң теріс қылықпен айналысуға да ұяламын. Сондықтан ақын есімін кірлетпей жүруді өзіме парыз санаймын.

Абай Аймағамбет, Курсив.кз сайтының журналисі:

-Танысқан кезде елең етіп қарайды. Қазаққа бағыт-бағдар беріп тұрған тұлға ғой. Сол себепті есімнің өзі жауапкершілік жүктейді. Абай есімін арқалап жүрген азаматтардың жаман жолға түсуге хақысы жоқ сияқты көрініп тұрады. Бірақ, әрине, өмір жолы әрқилы. Өзім білетін Абайлардың ішінде жаман Абайды кездестірмедім. Бәрі де үлкен жетістіктерге жетіп жүр. Әркім өз саласында мықты болу керек. Құрылысшы Абай мен жазушы Абайды салыстырып, бірі жоғары, бірі төмен деу дұрыс емес. Сондықтан қай Абай болмасын өз саласында білімімен, жауапкершілігімен бағалану керек.

Абай есімін арқалау біреулер үшін қиын болса, кезекті кейіпкеріміз Абай Мырзағалидің (тарих магистрі) ойынша Абай болу өте оңай:

Ақынның “Өзіңе сен өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап” дегені бар ғой. Сол себепті өзіңе сенімді болсаң, ештеңе де қиын емес.

Ұқсастығы: Абайдың көшпелі өмірді жаңаша өмірге түрлендіре білгені сияқты мен де цивилизацияға дұрыс көзқарас қалыптастыра алатындығым ұқсайды деп ойлаймын.

Абайдың қай қасиетін өз бойыңыздан көре аласыз?

Тоқтаров Абай Тоқтарұлы, жеке кәсіпкер:

-Бизнес саласында жүрсем де,  шығармашылықтан алыс емеспін. Аздап ақындығым да бар. Осы жасымда хакім Абайдай өлең жазып, еліме өнеріммен танылмасам да, келешекте туған жерге қызмет жасаудың амалын жасап жүрмін. Өз заманымда Абай Тоқтаров деген атымды қалдыру мақсатым және солай боларына сенімдімін!

Сәдуақасов Абай, ҚазҰУ, журналистика факультетінің оқытушысы:

-Жастайымнан Әуезовті көп оқып, Абайдың қыр-сырын зерттеуге тырыстым. Шынайы өмір мен кітаптағы ақпарат кейде ұқсамауы мүмкін.  Цензураға байланысты кейбір мәліметтердің алынып тасталғанын байқадым. Ауыл ақсақалдарынан Абай жайлы сұрап білген кезде көп нәрсеге таң қалғам.

Абайдың “Баланы оқытуды жек көрмедім” дегеніндей, мен де Абай сияқты ағартушылыққа бет бұрдым.  Ақын Абайға 30 пайыз ғана ұқсайтын шығармын. Сабақ беріп, білім саласына келгендігім ұлы Абайға тартқан деп ойлаймын. Ара тұра проза, әңгіме жазамын. Жеке кітап етіп шығару жоспарда бар.

Қызықты факт: Қазақ зиялылары туралы көрініс қойғанбыз. Сол кезде Абайдың рөлін берер ме екен деп дәмеленген едім. Бірақ Ыбырайдың рөлі бұйырды.

Абай Аймағамбет, Курсив.кз сайтының журналисі:

-Абайдың қасиеті Абайтанушылардың өзі Абай тұлғасын ашуда терең бойлай алмай келе жатыр. Құнанбайдай қажынының баласы  Абай шығыс және орыс әдебиетімен кеңінен таныс болып, білім іздеумен өткен адам. Сондықтан мен де ақын Абай секілді  материалдық игіліктердің соңынан емес, рухани құндылықтарды арттырумен өмір сүріп келемін. Ал ғұламалық қасиетін өзімізбен салыстыру ыңғайсыз нәрсе. Проза, әңгімелер жазып жүремін. Шығармашылықтан алыс емеспін.

Қызық факт: Мен Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Абай ауылында дүниеге келгем. Ата-анам сонда жұмыс бабымен көшіп барып, сол ауылда туылғандықтан ырымдап, мені Абай деп атаған. Барған мектебім де Абай атымен аталады. Тұрған көшем де Абай көшесі. Өмірімде осындай сәйкестіктер бар.

Статистикаға жүгінер болсақ, елімізде 18 232 Абай бар екен. Ұлы ақынның туған жері Шығыс Қазақстан облысында 378 Абай есімді азамат өмір сүреді. Бүгінгі күні ең үлкен Абай 92 жаста болса, ең кішкентайы әлі 1-ге де толмаған.  Ол 2020 жылдың 20 қаңтарында Сарыағаш қаласында туған. Соңғы онжылдықта (2009-2020) Абай есімі 2470 рет таңдалған. Елімізде Абай есімін арқалағандар Түркістан облысында (415), Алматы (321)және Нұр-Сұлтан (273) қалаларында жиі  кездеседі.

 

Аяулым ӘБІЛДА,

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер