Беларусь: Кім жеңді, не болып жатыр, не болады?

2679
Adyrna.kz Telegram

Беларусьта болып жатқан оқиғаларға қатысты Фейсбуктің қазақ сегментіндегі пікір әрқилы, әралуан. Бірі митингке шыққан халықты қолдайды, бірі айыптайды, бірі қарғайды, тілдейді, енді бірі мүсіркейді. Негізі, бұл пікірлерді екі топқа бөлуге болады:

а). «Лукашенко жақсы ғой, елді сонша тонаған жоқ, колхоз-совхоздарды таратқан жоқ, өндіріс бар, Путиннен ыққан жоқ, мемлекетшіл ғой, халыққа не жетпейді?» деген пікір.
ә). «Лукашенко – узурпатор, сайлауда қаралық жасады, халықтың даусын ұрлады, орнынан кету керек» деген пікір.
Бірінші топ – тоғышарлау, әсіресақ, мейлінше консерватор. Екінші топ – либерал-демократиялық көзқараста. Оны «Беларусь халқының еркін өмір сүруге хақы бар», «Лукашенко, кет!», «Жыве Беларусь!» деген пікірлерден байқауға болады.
Бірінші топ халықтың сайлау нәтижесіне қарсылығын, митингке шығуын қолдамайды, тіпті айыптайды. Литваға кетіп қалған Светлана Тихановскаяны кінәлап, «Шырпы жағып, өрт қойып, елді арандатып, отқа итеріп, өзі қашып кетті» деген сыңайдағы пікір де айтылып жатыр.
Жалпы, бұл көзқарастағы адамдардың өзін іштей екіге бөлуге болады:
1.Беларусьтағы жағдайдан, жалпы саясаттан хабары жоқ, хабары болса да, тым салғырт, барынша тәубашыл жуас топ. Бұлар – ынжық және үргедек. «Бәрі бітті, осылай болатыны әу бастан белгілі еді ғой» деп, бірден ұнжырғасы түсіп, салы суға кетіп, сарыуайымға салынып отырғандар бар.
2.Беларусьтағы дүрбелеңді дабыралап, «Әне, көрдіңдер ме, не болып жатқанын?» деп қаттырақ айқайлап, құдды сол ертең бізде болатындай төндіріп, айна-қатесіз Қазақстанға таңып, жаны ашығансып, шынында, қоғамды үрейлендіріп, қорқытуды көздейтін Ақорданың пропогандашы тобы. Мұны көршісінің үйі өртеніп жатқанда соның жалынына бас үйтіп жүрген қарау адамның тірлігіне теңеуге болады.
Шынтуайтында, Беларусьта жағдай олар айтқандай емес. Беларусьтар бұлай болғанына, жағдайдың аяқасты шиеленісіп, тым ушығып кеткеніне еш өкінбейді деуге болады. Оған дәлел – ереуілдің төрт күн бойы тоқтамауы, тіпті өршуі. Оған дәлел – көшедегі адамдардың сөзі. Олар 26 жыл бойғы авторитарлық биліктен шаршағанын, саяси көлгірліктен, жалғандықтан қажығанын айтады. Олар өзгерісті қалайды. Олар еркіндікке ұмтылды. Хақын талап етті. Осы жолды өздері таңдады. Енді қандай қиын болса да шыдауға, төзуге бейіл, мақсатына жетпей тынбауға бет бұрды, соған бекем бел буды. Мүмкін, арасында бар шығар, бірақ дені С.Тихановскаяны кінәламайды. Негізі, ол өз миссиясын атқарды: сайлауда жеңді; сайлау комиссиясының қорытындысымен келіспейтінін мәлімдеді; қолында бар хаттамаларды сайлау комиссиясына тапсырды. Енді оны «амбразураны кеудесімен жаппады» деп кінәлау тіпті орынсыз сияқты. «Жанын пида етіп, өліп кету керек еді» деген – тым радикал, жанықас түсінік, ескі советтік-революцияшыл саяси клише. Онсыз да ол солай істеді.
Жалпы, саяси практикалық тарихта диктатуралық режиммен күресте С.Тихановская феномені мен бұл беларус революциясы соны сабақ, тың үлгі болды деуге болады.
Осы жерде бір нәрсені нақтылап, басын ашып айту керек, ол – С.Тихановская елден өзі кеткен жоқ, оны кетірді. Қысым жасады. Былайша айтқанда, дәу БелАЗ-бен сүйреп немесе сүріп-итеріп шекарадан шығарып жіберді десе болады. Лукашенкоға солай тиімді болды. Ол «Тихановская кетсе, халықтың сағы сынады, райынан қайтады» деп есептеді. Бірақ қателесті. Бұл қоғамды ашындырмаса, рухын түсірген жоқ. Өйткені, енді беларусты тоқтату мүмкін емес еді. Төрт күнде 6 мыңға тарта адам ұсталып, қамалды. Өлгендер де бар. Милицияның, ОМОН-ның, әскердің қатыгездігінде шек жоқ, ұрып-соғып, атып, құдды қойға шапқан қасқырдай былағайды салып, білгенін істеп жатыр. Бірақ Лукашенко тағы оңбай қателесті: қатыгездіктің қорқыныш емес, өшпенділік тудыратынын, ал өшпенділік ерегес, егеске итермелейтінін, ол кекке ұласатынын ескермеді. Қол қатып, шоқпар сілтеген бірінші күні-ақ ол әп-сәтте жиіркенішті адамға, монстрға айналды. Ондай адамға Беларуста, билікте екібастан орын жоқ екенін, енді онымен бірге өмір сүре алмайтынын бәрі түсінді. Оны түсінбеген, түсінсе де түсінгісі келмейтін бір адам бар, ол – Лукашенконың өзі. Халық ол айтқандай қан тілеп майданға шыққан жоқ, өзі қантүленіп, қиян-кескі қырғын, майдан жасап отыр. Ол тіпті халықты «қорқытып, қалпақпен ұрып алам» деп ойласа керек. Бірақ ол ойлағаны болмады, болмайтын да сыңайлы. Шынында, халық емес, Лукашенко қорқып тұр. Бейбіт халыққа күш қолдану – соның айғағы. Саясатшы да, саясаттанушы да, саясатқа қатысы бар адам да, қатысы жоқ адам да, қойшы-қойманшы да, қазақ та, орыс та, басқа да, бәрі білу керек бір факт бар, ол – Беларус халқына қарсы қылмыс, қастандық жасалды және ол әлі жалғасып жатыр. Батьканың ендігі тірлігінің бәрі – зая. Ол сынған құмыраны қалпына келтіре алмайды. Бәлкім, сынған құмыраны қалпына келтіруге де болар, бірақ халықтың сынған көңілін бүтіндеп, сенімін қайтару еш мүмкін емес.
Осы орайда, «Кім жеңді, кім жеңілді? Кім кінәлі? Лукашенконың қатесі не, кінәсі не? Оппозиция қандай қате жіберді? Халықтың кінәсі бар ма?» деген сауалдарға аз-кем болса да тоқталып, жауап іздеген жөн.
Әрине, халық жеңді, бірақ оны Лукашенко мойындағысы жоқ. Әлбетте, Лукашенко жеңілді, бірақ оны тағы да бетпақтанып мойындағысы жоқ. Кінәлі – әрине, авторитарлық-диктатуралық билік. Ұркеппе, кекірт саяси тоңмойындық осындай жағдайға жеткізді, осындай қылды.
Лукашенконың қатесі – уақыт пен кеңістіктің заңын ескермегені, яғни заман мен қоғамды мүлде ойламады. «Осылай бола береді, осылай бола берсе» деді. Оған дәлел – украин журналисі Гордонға берген сұхбатында ол президент болудан басқа өмірді елестете алмайтынын айтты. Оның кінәсі – заманы өтсе де, өзіне ғана керек, өзіне жайлы режимді сақтап қалу үшін жанталасып, уақытты тоқтатуға тырысуы.
Оппозицияның қатесі – сайлаудан кейін не болатынын, жағдай қалай өрбіп, қалай өрістейтінін, онда не істеу керегін ескермеді, сараламады, яғни «б» жоспары жасалмады. Бәрінен бұрын биліктің осынша әпербақан дойыр, диктатураның осынша қызылкөз дүлей екенін есепке алмады. Әйтпесе, мұнша дүрбелең болмас па еді?!
Халықтың кінәсі бар ма? Бар. Ол – осындай тиранның шығуына қоғамның жол бергені. Бұл – 26 жыл бойғы саяси салғырттық пен әлеуметтік дәрменсіздіктің салдары. Бірақ «ел толқыса, хан тағында тұра алмайды» дегендей, Лукашенконың тағының астындағы, тіпті табанының астындағы Беларусь жері қозғалып кетті. Енді оған Беларусьтан орын жоқ. Әрқашан тирандардың тағдыры, диктаторлардың ақыры осылай аяқталады.
P.S.
Жалпы, бұл Беларусь дүрбелеңі қазақ қоғамына сабақ болса игі. Өйткені, біздің кешегі саяси ареалымыз да, бүгінгі өрісіміз де бір; ол да, біз де – ТМД, ЕуАзЭС, ОДКБ, ШЫҰ сияқты саяси, экономикалық, әскери ұйымдарға мүшеміз, яғни, бір желіге байлаулы, бір көгенге матаулымыз; оларда 26 жыл бойы билік өзгермесе, бізде 29 жыл бойы өзгерген жоқ; олар Конституциясын 1994 жылы өзгертсе, 1995 жылы біз де өзгерттік; оларда азды-көпті өндіріс бар, бізде ол жоқ; біздегі әлеуметтік әділетсіздік, біздегі жемқорлық олардан бетер, одан зор болмаса, кем емес. Қысқасы, біз бір батпақта отырмыз. Тіпті біз – қазақ батпақтың ең тереңінде, оппа-ұйығына белшемізден батып отырмыз. Бірақ біздің бағымызға орай, ол ми батпақтан шығуға әлі де уақыт, мұрша бар. Дегенмен, цейтнот – ол санаулы сәт, өлшеулі мұғдар. Егер сол сәт уыстан сусып кетсе, сол мұғдардың орайын келтіре алмасақ, Беларусь сияқты қиян-кескі майданға, шытырман шырғалаңға тап болу – бір мұрсат. Шытырманға ұрынбай, шырғалаңға шатылмай, кесапатқа килікпеудің мың сан жолы, мың сан айла-амалы, жүз сан әдіс-тәсілі бар. Соны тек Ақорда да, қазақ қоғамы да ескерсе етті, жөн қам-қарекет қылса етті.

Бақытжан Қосбармақов

Пікірлер