Өзім ғана біліп қоймай, өзгеге де үйретемін

690

- Ақниет Русыланқызы, ең алдымен уақыт бөліп сұхбат беруге келіскеніңіз үшін айрықша алғыс айтамыз. Әңгімеміздің басында өзіңзді таныстыра кетсеңіз. Қайда туып өстіңіз, қайда білім алдыңыз?

- Менің есімім Ақниет. Сіздерге де рахмет. Мен Ақтөбе қаласынанмын, Астана қаласында білім алдым. 3 жылдан бері адамдарға ағылшын тілін үйретіп келемін. Қазіргі таңда біздің @world_english_kz онлайн курсты 2000-нан астам үйренуші сәтті аяқтады. Мамандығым- филолог. Америкада жүріп ағылшын тіліне қатты сіңісіп кеттім. Кейін осы тілді үйретемін деп шешім қабылдадым.

- Қадыр Мырза Әлінің мақал болып тараған “Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте” деген өлеңі бар. Ағылшын тілін үйренуге не түрткі болды? Және бүгінгі деңгейге жету үшін қанша уақыт жұмсадыңыз.

- Ағылшын тіліне 11-сыныптан қызыға бастадым. Бірақ алғашқы 1 жыл онша үйрене қоймадым. Себебі нақты қажеттілік болмапты. Кейін, қалай Америкаға барам деп шешім қабылдадым, тіл үйрену процесі тез әрі нәтижелі жүре бастады. Сондықтан, сіздерге кеңесім, тіл үйренбес бұрын нақты қажеттілігіңізді анықтап алыңыз. Мысалы, Мен ағылшын тілін шетелде , Единбургте оқу үшін үйренемін  не аудармашы боламын деген сияқты нақты мақсат болуы керек. Ол сізді үнемі алға жетелеп тұратын күш болады. Сол Америкаға барам дегенге шейін 2 жыл оқыппын. Барам дегеннен кейін 1 жыл оқыдым. Негізі нақты жоспармен, жүйемен жүрсең 1 жылда өте жақсы деңгейде меңгеруге болады. Естіген боларсыз, оқып жүргеніме 5 жыл болды, әлі сөйлемеймін дейтіндерді, бұл сол жүйе жоқтығынан болады. Үйреніп келе жатады да, жартысынан тастап кетеді, ал тіл ұмытылады, кейін басынан бастауға тура келеді. Менде алғашқы 2 жылда солай болды. Ал, 3-жылды толықтай тіл үйренуге жұмсадым.

- “Ағылшын тілін үйрену керек еді” дегенді жастардың бәрі айтады. Бірақ, бәрі жалғастырмайды. Бұл табансыздық па жоқ әлде үйрену әдістемесіндегі қателіктің себебі ме?

- Әдістен емес, әр адамның өзіне, ниетіне байланысты. Үйренем, деген адам жауапкершілік алуы тиіс, өз- өзіне талап қоя алуы тиіс. Бізге келетін студенттер жазады, мотивация жетіспейді деп. Бірақ мен айтамын, мотивация уақытша нәрсе. Бұнда тек өз-өзіңе жауапкершілік алып, тәртіп болуы тиіс. Біз студенттерге мотивация да береміз, бірақ ол тез бітіп қалады. Сондықтан, талап қоямыз. Егер 3 сабақтан артық үй тапсырмасын жібермесе, топтан шығарамыз дейміз. Себебі, бізге де, студенттерге де нәтиже керек қой. Бізге студенттер осы себеппен де көп келеді.

Бірақ, әдістен де қате болуы мүмкін. Ал, ол қатені тауып, тіл үйренудің өзіне тиімді жолын табу- бұл үйренушінің жауапкершілігі. Қазір, ағылшын тілін үйренудің әдістері өте көп. Барлығына жүгіре беруге болмайды. Үйренуші өзіме ұнайды деген 1-2 әдіспен жүріп отыруы тиіс. Тіл үйрену жеңіл түрде, сүйікті іс түрінде болуы керек. Мысалы, маған кітаппен үйренген ұнамайды. Маған, кино және әнмен үйренген ұнайды. Тиісінше, өзіме ұнайтын нәрсемен айналысқандықтан ақпаратты жеңіл қабылдаймын.

- Кейбір қоғамдық ортада жастар ағылшын тілі магистратураға түсу үшін ғана керек секілді сезінеді. Ағылшын тілін білу арқылы сіз бен біздің замандастарымыз нақты не ұтады?

-  Үйренушілер көбіне бәрі үйреніп жатыр сосын үйренемін немесе мақтан үшін оқиды. Ағылшын тілі нақты не үшін қажет екенін білмейді. Расында, ағылшын тілінің беретін мүмкіндіктері көп. Шетелде білім алу қазір өте қолжетімді. Тегін грант ұсынатын оқу орындары көп. Тіпті, Еуропаның кейбір елдерінде білім алу тегін. Ең басты шарты- ағылшын тілін білу. Сол сияқты, статистика бойынша ағылшынша білетін мамандар екі есе жоғары жалақы алады екен.Шетелде жұмыс жасауға мүмкіндік береді. Менің бір танысым, Вьетнамға мұғалім болып қайтты. Сол сияқты оқу бітіргенде жұмыс іздеп қонақ үйге барғанмын. Мені қабылдаған шетелдік маман ауысыммен келген екен. Өз- өзіңді көрсетсең, ағылшынша жақсы сөйлей алсаң, сен де бара аласың деді. Саяхаттаудың өзінде ағылшын тілі үлкен плюс. Мен үшін, менің саяхатымнан қызықты естеліктердің барлығы адамдармен байланысты. Ал адамдармен ағылшынша сөйлесесің. Әр елдің адамдарымен танысқан- дүниетанымыңды өзгертеді. Мүмкіндіктер толып жатыр, тек ақпарат іздену керек

- Ағылшын тілін үйренуде немесе АҚШ-қа барғанда қандай бір қиындықтар, естен кетпес қызықты оқиғалар болды ма?

-   Аса қиындық болмады. Кішкене тілдік барьер болды. Америкаға барарлы үйде өзіме сенімді болып шыққаныммен, тілдік ортаға бірден сіңісіп кете алмадым. Ұялу, қорқу болды. Сондықтан, тіл үйрену үшін ең бірінші тілдік барьерді жеңу керек. Оны білмесең, қанша жерден 10000 сөз біл, грамматикадан мықты болып тұрсаң да, сөйлей алмайсың. Өзімнің басымнан өткендіктен 2 айлық курсты практикалық ағылшын тіліне негіздедім.

Шыны керек, маған ортаға сіңісіп, сөйлеп кетуге ортаның өзі көмектесті. Американдықтар өте ашық, көшеде бір- бірін танымайтын адамдар сөйлесіп, дос болып кете береді. Жүздері жарқын, үнемі күліп жүреді. Адамдары ашық болғасын, мен де ашыла бастадым. Көшедегі адамдармен адамдасып, кездескен жандармен танысып бастадым. Олар сені дұрыс сөйлемедің деп ешқашан да сынамайды. Өйткені, Америка әр жақтан жиналған адамдар. Яғни, ағылшын тілі көбісінің ана тілі емес. Сондықтан, акцентпен сөйлеу, қате жіберу - қалыпты нәрсе.

Кейін өзім практика жасайтын адам іздеп бастадым. Күнде кофе алуға баратын Старбакстың кассирін дос қылып алдым. Жұмыстағылармен барынша ашық болуға тырыстым, барлығымен жақын дос болып кеттім. Кездесулерге бардым, кинодағыдай вечиринкаға бардым

Қалып барады... үйсіздермен (бомж) сөйлескен маған жақсы практика болды. Жұмыстан қайтатын жолда үнемі толып үйсіздер отыратын. Басында қорқатынмын, өйткені үйге шейін артымнан жүретін. Сөйтсем, “сен қорықпа бізден, мынау қауіпті көше болғандықтан шығарып салып жатырмыз” дейді. Сосын босқа қайтпай осылармен практика жасайыншы дедім. Бомж дегенге артық нәрсе ойламаңыздар, онда бомж болу- өмір салты және қалыпты нәрсе. Мен әңгімелескен бомждарда өз хикаялары бар, қызықты жандар болатын.

- Ақниет, жалпы ағылшын тілін үйренуде орта маңызды ма? Ортасыз үйренуге бола ма?

- Орта маңызды. Бірақ ортасыз үйренуге де болады. Себебі, барлығымызда бірден шетелде тұруға мүмкіндік бола бермейді ғой. Сондықтан, ол ортаны өзің қалыптастыру керексің. Айтпақшы, айналаңды ағылшын тіліне қоршау тез нәтиже береді. Тек оны күнделікті әдетке айналдыру керек. Қалай орта қалыптастыруға болады: шетелдік достар табыңыз. Мысалы, Speaky қосымшасы арқылы әлемнің әр жерінен практика жасайтын дос табуға болады.  Ағылшынша кино көру арқылы сол ортаға енуге болады. Ағылшынша ән тыңдау, күнделік жазу, өз-өзіңді видеоға түсіріп ағылшынша сөйлеу, телефоныңды ағылшыншаға ауыстыру сынды әдістерді қолдансаңыздар болады.Мен үйреніп жүргенде ағылшынша практика жасауға бар мүмкіндікті іздедім. Астанаға келген Американдықтарды тауып алып, сол кісілермен араластып, қосымша арқылы шетелдік достар таптым, яғни, үйреніп жүріп өмірде бірден қолданған тез нәтиже береді.

- АҚШ-та білім алдыңыз, өмір сүрдіңіз. Екі ел жастарының білімге, өмірге деген көзқарасында ұқсастықтар бар ма?

- Американдықтардың өмірге көзқарастары тым еркін. Маған осынысы ұнайды. Сенің не кигеніңде, қалай өмір сүретінінде ешкімнің шаруасы жоқ. Және ол стіденттік өмірде де байқалады. Өз көзқарасыңды қорғай аласың, қай жағынан алсақ та таңдау жасай аласың. Мұғалімдермен де еркін сөйлесе аласың. Тіпті мұғалімдер сенімен бірге ланч ішуге қарсы болмайды.

- Әлеуметтік желіде өте белсендісіз, видеолар, қысқа посттар салып, тіпті, супермаркетте жүріп те оқушыларға сабақ түсіндіріп жүреді екенсіз. Бұл үлкен жауапкершіліктің көрнісі деп есептеймін. Курс туралы айта өтсеңіз.

- Иә, оқушылардың барынша жан- жақты болғанын қалаймын. Ағылшын тілінің беретін мүмкіндіктерін пайдаланса екен деймін. Курсқа келетін болсақ, 2000-нан аса студенттеріміз бар. 80% нәтиже көрсетеді. Ол, сол арнайы жүйенің, дұрыс жоспар және қойылған талаптың нәтижесі. Біз арнайы кітаптар арқылы оқытпаймыз. Курсты өзім жинаған тәжәрбиеге сүйене отырып, ең қажетті ақпараттарға негіздедім. Сонымен қатар, кері байланыстың болуын, үйренушілердің практика жасауын басты орынға қоямыз. Яғни, әр үйренуші куратормен жеке жұмыс жасайды.

- АҚШ университеттеріне қалай оқуға түсуге болады? Оқу ақысы, грант саны қанша, емтихан түрі қандай формада өтеді?

- АҚШ- қа оқуға түсу оңай нәрсе емес. Бірақ, мүмкін. Тек ақшасы барлар, тым ақылдылар түсе алады деп ойлаудың қажеті жоқ. Ақпарат ізденіп, мақсат қойып жұмыс жасаса, барлығының қолынан келеді. Түсудің қандай жолдары бар? Шетелде оқығыңыз келсе 1-2 жыл бұрын ертерек қимылдағаныңыз жөн.Біріншіден АҚШ университеттеріне қатысты ақпарат ізденіп, қызықтырған оқу орындарының жеке сайтына кіру, жеке сайттарында стипендияға қатысты мәлімет болады. Сонда этап- этап бойынша барлық ақпарат көрсетіледі. АҚШ оқу орындары тегін білім ұсынбайды. Бірақ, стипендия барынша көп бөлінеді. Және ол стипендия өзінің лайықты екенін көрсеткендерге беріледі. Ал, өз- өзіңді көрсетудің жолы- ерекше әрі нақты жазылған мотивациялық хат.  Мотивациялық хатты шетелдік кез келген оқу орны сұрайды. Толығырақ, ізденіп көріңіздер. Бұдан бөлек “Fulbright” бағдарламасы бар. Тегін білім, әуе билеті, тұратын үй, 2000$ көлемінде стипендия ұсынылады. Жалпы шетелге түсудің негізгі шарттары: ағылшын тілін білу (IELTS, TOEFL), мотивациялық хат, рекомендациялық хат және жақсы үлгерім. Ең бастысы, әр нәрсеге икемді болып, ақпарат іздеп , уақытылы қимылдау.

- Ағылшын тілін үйренсем деп жүрген замандастарыңызға не айтасыз?

- Тек сәттілік тілеймін! Ең бастысы - табанды болсаңыз, нақты қажеттігіңізді анықтап мақсат қойсаңыз, өз- өзіңізге талап қоя білсеңіз, қалғаны өздігінен жүреді.

- Әңгімеңізге көп рахмет, сізге толағай табыс тілейміз. Еңбегіңіз жемісті болсын.

- Сізге де рақмет. Барлығыңызға сәттілік тілеймін.

Нұрбол Мұратбекұлы,

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы
Басқа материалдар