Салымшылар құқығын басты назарда ұстаймыз – Д.Тілеуберліқызы

2497
Adyrna.kz Telegram

Қазір елімізде баспаналы болудың сан түрлі жолдары бар. «Адырна» ұлттық порталының тілшісі «Тұрғын үй жинақ банкі» Алматы қаласы филиалы директорының орынбасары Данагүл Тілеуберліқызы Түсіповамен баспана алу төңірегінде сұхбаттасты.

- Данагүл Тілеуберліқызы, биыл Алматы қаласы бойынша «Тұрғын үй жинақ банкіне» қол жетімді баспана алу үшін қанша өтініш түсті?

- Өткен жылы Алматы қаласы бойынша 10700 ден астам адам несие алып, үйлі болды. Салыстыру үшін айта кетсек, 2018 жылы банк 8 мың адамға несие берді. Ал биылғы биылғы жылдың  басынан қазіргі кезге дейін несие берудің барлық бағдарламалары бойынша 3500 адам тұрғын үйге несие алды.

-Тұрғын үй құрылысы жинақ банкінің артықшылығы қандай?

-Көп бағдарламаларды банк арқылы жүзеге асыратындықтан халықтың  сенімі артуда және ипотека бойынша басқа банктермен салыстырғанда пайыздық мөлшерлемесі өте төмен болып келеді. Өз кезегінде пайыздық мөлшерлеменің төмен болуы – барлық клиенттерді қызықтырады.

Қазіргі уақытта  салынып жатқан үйлерге үлес сатып алу арқылы қатысуға болады. Банк салымшыларының құқығын қорғау үшін тек қана кепілі бар құрылыстарға  рұқсат береміз. «Тұрғын үй құрылысы салынуының кепілдендіру» қорына кім үлесші болса, сол қордың кепіл затын қандай да бір компания алса, сол объектіні біз өзіміздің салымшыларымызға ұсынып, оларға салынып жатқан кезінде сатып алу мүмкіндігін береміз. Бұл бағдарламада бөлек пәтерді қойып, кепіл зат беру қажет емес. Несиені қордың кепіл затының негізінде береміз.

 

-Алматы қаласының жастарына баспаналы болудың қандай жеңілдіктері бар?

«Алматы жастары» бағдарламасының үшінші кезеңі жүзеге асырылуда. Бұл бағдарламаға Алматы қаласы әкімінің қолдауы өте күшті болды. Алыңғы екі кезеңге қарағанда үшінші кезеңде қаржыландыру бірнеше есеге көбірек болды және «Алматы жастары» бағдарламасына банк тарапынан да ақша бөлінді. Өкінішке қарай, бағдарламаның аясында өтініш қабылдау мерзімі аяқталды. Сондықтан біз кім өтініш тапсырып үлгерді солардың ішінен тұрғын үй басқармасы өздері сараптама  жасап, барлық талаптарға сай адамдардың тізімін толтырып, біз сұраған белгілі бір мөлшерде бізге тізім береді және клиенттерге бағыттама береді. Аталған бағдарламаның аясында биыл екі кезеңдік өтініш қабылдау болды. Алғашқы өтініш наурыздан мамыр айына дейін қабылданып, онда 3 мыңнан астам Алматы жастары өтініш тапсырды. Екінші кезеңі 22 маусым мен 2 шілде аралығында өтіп, 5 мыңнан астам азамат өтініш тапсырды. Қазір өтініш тапсырушылар ішінен таңдау жасалып, банкке шақырылуда. Мәселен, 500-ден аса Алматы жастары банкке құжаттарын тапсырып, өзінің банк тарапынан төлем қабілеттілігін растау құжатын алды. 200-ге жуық адамға несие берілді. Жыл соңына дейін 1000 пәтерге несие беруді мақсат етіп отырмыз.

Алматы жастарының тағы да бір мүмкіндіктері – тұрғын үй құрлыс жинақ банкінен шот ашып, өзіне ақша жинап бастағаны дұрыс деп ойлаймын. Қазір мемлекет тарапынан жастардың үйлі болуына мол мүмкіндіктер қарастырылуда. Мысалы, Алматы жастары 5 жылға жалға үй алып, сонда тұру арқылы өздерінің болашақ үйлеріне ақша жинау мүмкіндігін алып отыр. Пәтерді жалға беру ақысы өте төмен деңгейде.

 

-Жастардан басқа қандай санаттағы адамдарға тұрғын үй жеңлдігі қарастырылған?

-Тұрғын үй қарым-қатынастары заңына сәйкес:

-   жас болса да бюджеттік бөлімшелерде жұмыс істейтін немесе мемлекеттік лауазымда жұмыс істейтін азаматтар;

- белгілі бір категорияларға жататын көп балалы отбасылар;

- мүгедек балаларды тәрбиелеуші және толық емес отбасылардың табысы белгілі бір мөлшерден аспайтын азаматтар  атында үй болмаған жағдайда Алматы қаласында тіркеуде болса, осы заң аясында үй алу кезегіне тұруы мүмкіндігі бар.

Бұған жас немесе орта және үлкен жастағы адамдар да қатыса алады.  Әкімшілікте кезекте тұрған адамдаға арнайы  «5-10-20» бағдарламсы ашылып жатыр. Бұл бағдарламаның аясында көп азаматтарға үй ала алатын мүмкіндік бар. Негізгі шарты: әкімшілікке кезекке тұру керек және табысы 1/3 тұрмыс деңгейіне арналған минимумнан аспау керек. Ескерте кетейін, бұған табысы үлкен деңгейдегі азаматтар қатыса алмайды.  Тек табысы орташа (жалақысының 50-60 пайызы несиеге жету керек – авт.) деңгейдегі жанұялар ғана қатыса алады. Қазіргі кезде «Несиелік тұрғын үй» деген бағдарлама жұмыс жасауда. Мұның алғашқы жарнасы – 20%. Жоғарыда аталған бағдарламалар «Нұрлы жер» бағдарламасынан бастау алады.

Сұхбатыңызға рахмет!

 

Әңгімелескен Гүлвира Асқарқызы,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер