СЕРІК ЖАНБОЛАТ: Мен неге Лукашенконы қолдаймын?

2639
Adyrna.kz Telegram

Міне, қазір, Азиядағы Қазақстанның өзінде біраз адам бөркін аспанға атып, Белоруссиядағы жағдайға қуанып жатыр. Сондағы дәйектері "Лукашенко -диктатор" екен. Әрине, негізгі ақпарат көзі - Ресейлік басылымдар. Мен Белоруссияда болған жоқпын. Қандай диктатор екенін білмеймін.

Ал, сол Белоруссиядағы ереуілге қоса елігіп отырған біздің ағайынның өзі сол жерде болды ма екен? Технологиясы әбден ескірген зауыттары мен қалың орманы, жерінің басым бөлігі сор-батпақ, қазба байлығы атымен жоқ Белоруссия деген мемлекет жүнжімей, тоз-тозы шығып кетпей, тәуелсіздігін қалай сақтап отыр деген сұрақ қойып көрдік пе? Бір жағынанда байлығы шалқып тасыған Евродақ, бір жағында қайтсем түбі бір жұтып аламын деп азуын керген Ресей. Лукашенко Евродақпен араз. Өйткені, өздері Америка фермерлерімен алысып жатқан Евродақ Белоруссия өнімдерін өлсе кіргізбейді. Сапалық стандарттары да басқа. Ресей жұдырықтай Белоруссияны қыспаққа алып отырғанына қанша жыл?!

Евразиялық одақтың мүшесі болса да кеденмен бунап тастады. Лукашенко кішкентай елміз деген жоқ, Ресеймен қырқысып жүріп, өнімдерін барынша өткізіп жатыр. Сүт өткізу үшін бір айқайлайды, ет өткізу үшін тағы айқай шығарады. Газға байланысты өз ұстанымына Ресейді кәдімгідей көндірді. Белоруссия өнімдері Қазақстанда да аз емес. Белоруссиядағы реформалар байыппен, біртіндеп жүзеге асып келеді. Ол кешегі Қытайдағы Дэн Сяо Пиннің, алыстағы Пиночеттің реформаларына ұқсайды. Бәлкім, қазір өзіндік өнім өндіруді жеделдетіп жатқан Өзбекстанға ұқсауы да мүмкін. Белоруссия дағдарыс жылдары бұрынғы зауыт, фабрикаларды түп-тамырымен құртып, қара метал ретінде арзанға сатқан жоқ Біраз жыл консервациялап қойып, енді жаңа технологиямен ақырындап іске қосып жатыр. Совхоз, колхоздарды да талан таражға салып таратып жібермеді. Ілдебайлап күн көріп, жан сақтады. Енді міне сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге қолы жетіп, Евразиялық одақтан нарқыңды, базарыңды аш деп талап етіп отыр. Өйткені тауарды өткізу керек. Оған Ресей көнбейді.

Белоруссияда ауылға көшкен адамға үй береді, жер береді, ақша береді. Тек өнім өндіруге күш сал. Мен мұны бір белорустан өз құлағыммен естідім. Ол Минскідегі үйін тастап ауылға көшіп кетіпті. Жағдайы жақсы, енді қалаға көшпеймін дейді. Белоруссия халқы неге қатты шалқып өмір сүрмейді? Өйткені олар шет елден оңды-солды қарыз алып, олай-бұлай шашқан жоқ. Ақылы жеткен, қолынан келетін, тың технологиясын тапқан, ертең нарықта өтететін өнімді өндіріп, біртіндеп дамып келеді. Елдің алатын табысы да соған сай онша көп емес. Бірақ, жұтап жатыр деп те айтуға болмайды. Сондықтан да Лукашенко ел тәуелсіздігі жолында жалғыз тал ағаш үшін де алыса кетеді. Менің ойымша, осы сайлауды оның 80 пайыз алуы заңдылық. Осылай барын жоғалтпай дамып, күшті ел қатарына жететінін сезінген басым көпшілік Лукашенкоға дауыс берді деп ойлаймын. Ал, онда демокраия ұранымен бүкіл елді аласапыран қылып, дүрліктіріп жүрген кімдер? Олар да аз емес. Мен олардың ортасында болған жоқпын. Бірақ, өз ойым былай: Белоруссия әл-әуқаты күшті, әлеуметтік жағдайы шешілген батыс Европаныңның құрсауында тұр. Польша, Литва, Эстония, Латвия. Олар да Белоруссия сияқты елдер. Бірақ, Евродақтың байлығы оларды асырауға жетіп тұр. Ал, белорус халқы олармен күнде қоян-қолтық араласып жатыр. Әсіресе, жастар. Сол алаңдағылардың біразы бұл күндері Европадан ағылып келіп жатса таңқалуға болмайды. Оларды кім санапты дейсіз? Біз неге осылардай өмір сүрмейміз, біз неге осындай жалақы алмаймыз, біздің әлеуметтік жағдайымыз неге төмен деген сұрақ жастарды күнде мазалайтыны анық. Ол заңдылық. Және көрме сияқты керілген үлгі.

Геосаясаттың мағынасына кім терең бойлай берсін? Бізді тежеп отырған Лукашенко-диктатор. Ең қысқа, нақты жауап осы. Онда Лукашенконы кетіру керек. Оның үстіне, айнала қоршаған азулы елдер де от көсемей үнсіз отыр дегенге сену қиын. Барынша үрлеп жатқан шығар. Лукашенко олардың тамағына ине болып қадалып отырғанына қанша жыл?! Ресейдің аңда-саңда ақпарат шабуылының тиегін қалай ағытатынын әбден көрдік..Онда Лукашенко неге президент орынтағына жабысып кетпей отыр? Өйткені, өзіне сенген, дауысын берген сайлаушыларды кімге тастап кетеді? Оның үстіне, Белоруссияны қиын жағдайдан алып шығатын тұлға кім? Кішкентай ел болса да өз күшімен, елдің ерік-жігерімен, мықты тәуелсіз ұстаныммен дамып келе жатқан елдің ертеңі не болады? Ертең жабайы нарықтың талауына түсіп, тәуелсіздіктің арқасында жеткен әжептәуір жетістіктері талан-таражға түсіп кетпесіне кім кепіл? Онсыз да Ресейдің жол қартасына қол қоймаймын деп тартысып отыр еді. Енді елді арыстанның көмейіне өткізіп жібермей көлденең тұратын мықты тұлға кім болады? Менің ойымша, біз жиырма жылдан бері ел тәуелсіздігі үшін кіммен де болса алыса кететін, жанқияр патриот ретінде білетін Александр Лукашенконы ұстап тұрған осы ғана. Жағдай бұдан әрі қалай өрбиді? Оған да болжам жасай алмаймын.

Мен тек өз ойымды айттым: Лукашенконы қолдаймын. Мәселе оның қанша жыл басқарғанында емес, елін қандай жетістікке жеткізгенінде емес пе? Әйтпесе, мемлекетін ұзақ жылдар бойы басқарып, озық елдер қатарына қосып кеткен саясатшылар аз ба тарихта? Ататүрік, Дэн Сяопин, Ли Кун Ю, Аугусто Пиночет, Конрад Аденауэр...Ұзақ басқару мен жетістікке бастаудың да айырмасы бар екенін ұқсақ керек.

 

Серік Жанболаттың жазбасынан

Пікірлер