Қазақ неге жеті атаға дейін қыз алыспайды?

9588
Adyrna.kz Telegram

Жеті атаға толмай қыз алыспау – ата-бабамыздан бері келе жатқан қатаң құқықтық заң-ереже. Бұл – ауру тудыратын генетикалық өзгерістердің, физиологиялық және психологиялық ауытқудың алдын алу үшін жасалған сақтық шарасы.

Яғни, үйленетін азамат қалыңдықты жеті таудан асып, жеті өзеннен өтіп тапса, ерлік саналған. Бұл ұрпақ саулығын, қан тазалығын, тектілікті сақтаудың ең ұлы әрі ең сенімді жолы ретінде әлемде мойындалды.

“Жеті жарғыдағы” жеті ата мәселесі

Жеті жарғының некелік қатынастар туралы бабында балиғатқа толумен қатар, екінші шарт – бұл болашақ жұбайлардың жеті атаға дейін туыстық қатынаста болмауы талап етілген. Онда балиғат жасы 13 болып белгіленген. Сонымен бірге атастыру, айттыру, құда түсу, ғашықтық және басқа да жолмен қосылудың ережелері айқындалды. Қалыңмал берудің тәртібі де ру басылары мен ақсақалдардың келісімімен халықтың әлеуметтік жағдайына қарай оңтайландырылды. Бұның қазақта “бай байға, сай сайға құяды” деген мәтеліне айналғаны белгілі.

Жеті атаға жетпей қосылғандарға қолданылған жазалар

Теріс бата – әке-шешесі, не қатты назары түскен ақсақал алақанын теріс қаратып жайып, лағнет айтып, қарғыс дұғасын оқыған.

Жеті атаға толмай қосылған жастардың мәселесін ру басшылары мен ақсақалдарының жиналысы шешіп отырған. Алдымен 3-5 ретке дейін ескерту жасаған. Егер екі жас ақсақалдардың, әке-шешенің шешіміне қарамай үйленсе, қашып кетсе ең алдымен "теріс бата" берген. Сонымен бірге қайда қашып кетсе де тауып алып, жазалап, тіпті, өлтіріп отырған.

Мұндайдан елді шектеп, халыққа үлгі ету үшін “тас ату” арқылы да қия басқандарды жазалап отырған. Онда әр үйден бір адамнан шығып, бір кесек тасты елді қара бет еткен қылмыскерге атқан. Бұл діни жазалау түріне ұқсап кетеді.

Кейде төрт жаққа керіп, жерге жатқызып байлап қойып, үстінен қоралы қойды арлы-берлі өткізу арқылы малдың тұяғына таптатып өлтірген.

Елден аластау – кейде осындай ауыр қылмыс жасаған екі жасты байлап, елден алыс жерге апарып, тентіретіп қоя берген. Бірақ өлтірмеген.

Бұдан тыс асау жылқының құйрығына тағып, сүйретіп жіберген жағдайлар да болыпты.

Жеті ата туралы әдебиетте не бар?

Кейбір ғашықтық жырлар “Жеті атадан қыз алыспау” заңынан соң туындаған. Бұл туралы “Қалқаман – Мамыр” ғашықтық жырын айтуға болады. Онда Қалқаман мен Мамырдың арасындағы туыстық қатынас жеті атаға толмағандықтан ақсақалдар жағынан үйленуге шек қойылады. Сонымен ғашықтардың арасында трагедия туғаны белгілі. Сол себепті Мамырды туыстары атып тастаған – міне бұдан қазақтың жеті ата қағидасының өте қатал заң екенін көруге болады.

"Қалқаман – Мамыр" – 1722 жылы болған тарихи оқиғаға байланысты шығарылған дастан. Авторы Ш.Құдайбердіұлы. Жас жігіт Қалқаман мен ару қыз Мамыр бір-біріне ғашық болып қосылғанымен, олардың бір рудан шыққандығына байланысты, екі жас "дәстүрді бұзғаны үшін" өлім жазасына кесіледі. Мамыр өз туысы Көкенайдың қолынан қаза табады. (Уикипедия ашық энциклопедиясынан алынды).

Қазақ жеті атаға толып, қыз алысуға рұқсат болғанда қандай жоралғы жасаған?

Баяхмет Жұмабай, этнограф, жазушы:

"Әрине, бұл жағдай екі жастың өзара махаббатынан туындайтыны белгілі. Мұндай кезде ауыл ақсақалдары мен билері ақылдасқан. Егер екі жастың туыстық байланысы жеті атаға толса, жеті рудан билер мен ақсақалдарды жинап, "Ақсарбас" айтып, мал сойып, батасын беретін болған. Сонымен бірге жаңа шыққан руға ру атын, ен-таңбасын, аруақ-ұранын белгілеп берген. Міне осы баталасудан кейін бұл екі ру бір-бірінен қыз алысатын болыпты".

Руды сұрау – үлкен ұлағат

Жастардың өзара ру сұрасуы жиі кездесіп жатады. Осы арқылы өз тектерін біледі әрі танысқан қыз-жігіт туыстық байланыстың алыс-жақындығын да айырады. Міне, бұл жастардың тіл табысып, өзара сөз байласуына ықпал етеді.

Смағұл Арайлым, студент: “Интернетте бір жігітпен таныстым. Байқағаным, қазір жігіттер ең алдымен сөйлесетін қызының руын сұрап алады. Бұл мені қуантты. Сосын не болды дейсіз ғой. Екеуміз де бір рудан екенбіз. “Менікі болмай қалды, ә?” деп әзілдеп қойды. “Ештеңе етпес, тағы бір ағам бар екен” деп жылы жаба қойдым.  Меніңше, ру сұрасу ерсі емес, тіпті міндетті нәрсе.  Бауыр басып қалғаннан кейін білсе, екі жасқа да айырылысу қиын болуы мүмкін. Сол себепті  болашақта өміріңді бірге өткізетін адамның тегін білу керек”

Қарақалпақ және ноғай мен құмық, аз башқұртта бұл салт жоғалуда

Өйткені бұл халықтар XVI – XIX ғасырға дейін қазақтан бөлінбеген туысқан ұлыстар еді. Олар қазір өздері тұрған орталарына байланысты бұл салттан айырылып бара жатыр.

Қарақалпақтар мен ноғайлар Кеңес одағы құрылғаннан кейін қазақтан алыстай бастады. Туысқандар арасында қыз алыспау дәріптелсе де жеті атаға дейін деген қағиданы ұстанбайды екен. Онсызда саны аз болған соң амалсыздан өзара қыз алыса берген. Қарақалпақтар сөйтіп ақырындап өзбектердің салтын қабылдай бастады.

Жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрі ұрпақ саулығы үшін үлкен мәнге ие екені аян. Көпшілігі мән бермегенімен келешек ұрпақ үшін бұл дәстүрдің маңызы мол. Сіз не дейсіз?

 

 

Аяулым ӘБІЛДА,

“Адырна” ұлттық порталы

 

Пікірлер