"Тарихта өз халқына оқ атқан президент ретінде қалғым келмейді". Жээнбеков орнын босатты

2693
Adyrna.kz Telegram

Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков президенттік қызметінен кетті, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі. Ол отставкаға кететіні жайлы мәлімдемесін 15 қазанда яғни осыдан бірнеше сағат бұрын  мемлекет басшысының ресми сайтында жариялады.

Жээнбеков үндеуінде "билікке жабысып" отырмайтынын, "Қырғызстан тарихында өз халқына оқ атқан, қан төккен президент ретінде қалғысы келмейтінін, сондықтан отставкаға кетуге шешім қабылдағанын" жазды. Оның сөзінше, "Қырғызстандағы бейбітшілік, тұтастық, халықтың бірлігі мен тыныштығы бәрінен жоғары". Жээнбеков "жаңа үкімет құрамы бекітілсе" де, "Бішкектегі әлеуметтік-саяси жағдай тұрақсыз болып тұрғанын" айтты.

"14 қазанда Жогорку Кеңеш үкімет құрамын бекітті. Мен тағайындаулар туралы тиісті жарлыққа қол қойдым. Бірақ бұл елдегі жағдайды реттеген жоқ. Өкінішке қарай, агрессия басылмады, менің тез арада отставкаға кетуімді талап ету әлі жалғасып жатыр. Қазіргі жағдай екі тараптың қақтығысына жақындады. Бір жағында – наразылар, екінші жақта – құқық қорғау органдары" деп жазылған Жээнбековтің мәлімдемесінде.

Жээнбеков екі тарапты арандауға берілмеуге шақырды.

"Әскерилер мен милициялар мемлекеттік резиденцияны қорғау үшін қару қолдануы тиіс. Бұл жағдайда қан төгілетіні анық. Мен екі тарапты да арандатуға жол бермеуге шақырамын" деді ол.

Жээнбеков елдің жаңа тағайындалған премьер-министрі Садыр Жапаровты және басқа да саясаткерлерді өз жақтастарын Бішкектен әкетіп, ел астанасында тыныш өмірді қалпына келтіруге шақырды.

Жээнбеков басында отставкаға кетпейтінін, елдің легитимді президенті екенін айтып келген. Кейін парламент сайлауы өтіп, елдегі жағдай құқықтық арнаға түскен соң ғана биліктен кететінін айтқан.
Пікірлер