Өзгені бақытты қылуға тырыспаңыз

4618
Adyrna.kz Telegram

«Бақытты күндер саған келмейді,

Сен өзің оған қарай жүруің керек»

(с)Мәулана

Гарвард университетінің профессоры Джон Ачор өзінің "Бақыт басымдығы" атты еңбегінде адамдардың өмірде белгілі бір жетістікке жетуінің, қадамдарының сәтті болуының, кәсіптік баспалдағының алға қарай өрлеуінің 70%-ы оның біліктілігіне, біліміне яки таланты пен талабына емес, адамның өзін қаншалықты "бақытты" сезінуіне байланысты екендігін айтыпты.

 

Адамдардың бақытты болуына екі фактор әсер етеді: сыртқы және ішкі. Сыртқы дегеніміз - сенің жақындарыңның, достарыңның жаныңда болуы, олардың қиын сәтте сені қолдауы. Одан бөлек материалдық жағынан толық қамтамасыз етілген болсаң, яғни ақша, үй, жұмыс, қалағаныңды жасай алуың барлығы дерлік сыртқы бақыт факторларына жатады. Ал ішкі фактор қандай болады? Ішкі фактор- сенің сыртта болып жатқан жағдайларға қарамастан, өзіңнің ішкі балансыңның тұрақты болуы, өзгеше айтқанда көңіліңнің бір орында болуы. Көбіне өзін-өзі түсінген, ұққан, жан дүниесімен үндесе білген адамның бақыттылық деңгейі жоғары болып жатады. Қанша сыртқы факторларың толыққанды болып тұрғанымен, ішкі тұрақтылық толық қалыптаспай жатып, бүтіндей бақытты болу мүмкін емес.

 

Расында да, байқайсыздар ма? Біздің өмірімізде жақсы жаңалықтар толассыз ағылып, көңіл-күйіміз көтеріңкі болған сәттерде жасаған әрбір ісіміз максималды түрде өзінің өнімділігін көрсетеді. Яғни, мұның себебі - біздің бақыт коэффицентіміздің жоғары болуы.

 

Көбіне біздің санамызға "бақыт" ұғымы материалды құндылықтармен немесе нақты бір анық затпен сіңіп қалғандықтан мұндай теорияны қабылдау қиынға түседі. Асылында, санаға сіңген стереотиптерді жадымыздан өшіріп, жан-жағымыздағы көріністерге көз жүгіртіп, кішкене нәрсеге қуана білсек және ең бастысы шүкіршілік етуді ұмытпайтын болсақ, өміріміздің қалай түрлі-түске боялғанын аңғармай да қаламыз.

 

Ішкі бақыт факторын қалыптастыру үшін қажет:

- Өзіңнің өмірдегі миссияңды ұғу;

- Ішкі өзіңмен тілдесу, түсіну;

- Айналадағы келеңсіздіктерге мән бермеу;

- Бір сәт жаныңа тыныштық беру;

- Барлық нәрседен жақсыны көре білу;

 

Сыртқы өнімділікті арттыру үшін ішкі тұрақтылықты қалыптастыру қажет. Яғни, алдымен өзіңізді бақытты қылуға тырысыңыз. Өзіңіз бақытты болмай, өзгені бақытты ету мүмкін емес. Себебі, ішкі гармония терезе артындағы әлемге де үлкен септігін тигізеді.

 

Сөзімді Қадыр Мырза Әлидің өлең жолдарымен аяқтасам:

"Бір құдірет бізді өмірге жолдайды.

Біз өмірді түсінбейміз,

Сол — қайғы.

Туа сала таудай бақыт күтеміз,

Ал шынында бақыт үлкен болмайды."

Шынында, бақыт үлкен болмайды. Бақыт- кішкене ғана көңілімізде жасырылған.

 

Ақбота ТҮГЕЛБАЙҚЫЗЫ

Пікірлер