Алаштың Ыбырайы (Видео)

3518
Adyrna.kz Telegram

Осыдан 179 жыл бұрын, яғни 1841 жылы қазақтың аса көрнекті ағартушы педагогы, жазушы, этнограф, фольклоршы Ыбырай Алтынсарин (шын аты - Ибраһим) дүниеге келді. Туып-өскен жері - Қостанай облысының Қостанай ауданы, Арқарағай ауылы. 1889 жылы осы өңірде, Тобыл өзенінің жағасынан топырақ бұйырған. "Адырна" ұлттық порталы "Кел балалар, оқылық!" деп күллі қазақ даласына жар салған ұлы ұстаз туралы шағын өмірбаян ұсынады.

1850 жылы Орынбор шекара комиссиясының қазақ балалары үшін ашқан мектебіне оқуға түседі. Мектепті бітірген соң, Орынбор шекара комиссиясында әскери старшина болып қызмет атқаратын үлкен әкесі Балғожа Жаңбыршыұлының хатшысы болады (1857-1859). Орынбор облыстық басқармасында тілмаштық қызмет атқарады. 1860 жылы Орынбор бекінісінде (Торғай) қазақ балалары үшін мектеп ашу тапсырылады, әрі сол мектепке орыс тілінің мұғалімі болады.

Сөйтіп, ол меценаттың қаражатына мектеп ғимаратының құрылысын бастауға кіріседі. Ол мектеп 1864 жылы 8 қаңтарда салтанатты түрде ашылып, 16 оқушы қабылдайды. Кейін мектептің жанында интернат құрылады.

Алтынсариннің мектептегі жұмысы жақсы бағаланды. 1864 жылы 22 қаңтарда Торғай қаласындағы Орынбор бекінісінің басшысы Орынбор мен Самара генерал-губернаторына «ордалықтар ашқан мектептің шынайы қуанышпен және ризашылықпен өткенін» хабарлады. Ал бұл мектептің мұғалімі Алтынсарин туралы: «Алтынсариннің үлгі болатын тәрбиесі мен көрнекі қамқорлығының арқасында мектеп өте жақсы және таза… Қырғыз оқушыларының аз уақыттағы жетістігі, қысқа мерзімде жақсы үміт беріп, осындай керемет Торғай мекемесінің жемісін жегізетіні және өздерін ақтайтынына сенімдіміз» делінген.

Алтынсариннің өзі 1864 жылы 16 наурызда: «Қойды қуған аш қасқыр секілді, мен қызу түрде балаларға білім беруге кірістім. Және осы балалар үш айдың ішінде, тіпті орыс және татар тілдерінде оқып-жазуды үйреніп алды. Бір сөзбен айтқанда, бұл жақсылар курс аяқталғанша, 4 жылдан кейін бір нәрсе үйреніп, лайықты сөйлей алатын болады деп үміттенемін. Сондай-ақ, кейін олар жемқор болып шықпас үшін, бар ынта-жігеріммен тіпті олардың моральдық әрекеттеріне де әсер етуге тырысамын» деп жазған.

Оның қаламынан «Қыпшақ Сейіт», «Киіз үй мен ағаш үй», «Асыл шөп», «Шеше мен бала», «Бай мен жарлы баласы», «Таза бұлақ» секілді әңгімелер мен  новеллалар туған.

Ыбырай Алтынсарин өмірінің соңғы жылдары Николаевскіде (Қостанай) тұрды. Ол бүкіл ғұмырын ағартушылыққа арнап, ешқашан дүние-мүлікке қызықпаған. Ол тек жеке қаражатынан кішкентай көлдің жағасынан бір қабатты ағаш үй ғана тұрғызып, онда 1889 жылға дейін, қайтыс болғанға дейін қарапайым өмір сүрді.

Айта кету керек, 1989 жылы ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің 150 жылдық мерейтойы атап өтілді. Оның өмірі мен шығармашылығына арналған көптеген ғылыми, тарихи-педагогикалық шығармалар жарық көрді. Ал Арқалық қаласында Алтынсарин мұражайы ашылып, Тобылдың жағасында ағартушының күмбез тәрізді тас ескерткіші тұрғызылды.

 

 

 

Пікірлер