Абат-Байтақ кесенесі – бірегей сәулет өнерінің ескерткіші

3465
Adyrna.kz Telegram

 

Ақтөбе облысы бойынша «Қазақстанның киелі жерлері географиясына» республикалық деңгейде енгізілген 10 нысанның бірі – Абат-Байтақ қорымы

Академик Әлкей Марғұлан көшпелі өркениеттің ерекшеліктерін, өзіне тән дүниетанымы мен бейнелеу өнерін талдай келіп «Ең көркем құлпытастар, сұлу күмбездер, кешендер, сағана тамдар Сағыз өзені бойында, Қобдада, Маңғыстауда сақталған» деп бағалаған екен.

XIV ғасырдың соңы - XV ғасырдың бас кезінде салынған Абат-Байтақ кесенесі Ақтөбе облысының Қобда ауданындағы Талдысай кентінен оңтүстікке қарай 12 шақырым жерде Қобда өзенінің аңғарында орналасқан.

Абат – Байтақ кесенесі туралы алғаш рет XVIII ғасырда подпоручия және инженер Ригельман айтқан болатын. Толық түрде ескерткіш Я.Я.Полферовтың Орынбор ғылыми архивті комиссиясының мүшелерімен және ғалым Жозеф Кастаньемен суреттелген.

Оның құрамына шикі кірпіштен салынған мазар мен 200-ден астам құлпытас кіреді. Олар қабір үйіндісі мен шикі кірпішті қоршаулардың батыс жағында орнатылған. Абат Байтақ құлпытастары әртүрлі үлгілермен, композициялық және әшекейлік-сәндік бірегейлігімен, оймыштардың тартымдығымен ерекшеленеді. Көптеген ескерткіштерде араб әрпімен қазақ тілінде жазылған мәтіндер мен таңбалар ойылып түсірілген. Олардың тарихи-этнографиялық маңызы өте зор. Қорымда Кіші жүздің табын, кете, шекті, ожырай, байбақты және басқа да рулардың өкілдері жерленген. Профессор С.Әжіғалидың зерттеулері бойынша мавзолейдің қалыңдығы 3 метр, биіктігі 5 метрге жуық қасбеті (портал) болғандығын дәлелдеді. Мавзолейдің жалпы биіктігі 16 метр болған, қазіргі сақталып тұрған биіктігі 14,5 метр. Кесене үстінде 11 қырлы тұғырға орнатылған шошақ күмбез бар, ал негізгі тұрқы төрт бұрышты. Сыртқы тұрқының ауданы - 9,52 х 9,8 м. Құрылыстың сәулеттік құрылымы оның төрелерге тән екенін байқатады.

Халық аузындағы аңыздарға қарағанда, кесене атақты ойшыл Асан қайғы жыраудың ұлы Бесқопа аңғарында кенеттен қайтыс болған Абат батырға арналып, бүкіл аймақ халқының қатысуымен тез арада тұрғызылған. Сондықтан, оның атына «Байтақ» деген сөз қосылған («кең»).

Бұл кесене Сары Қобда өзенінің бұрынғы  аумағында тұрғызылған. Сол кездегі заман ағымына сай бұл ескерткіштің алыстан келе жатқан жолаушыға жарқырап көрініп тұруы үшін төбесіне алтын жалатқан бояулармен өрнектер салынуы мүмкін деген болжам бар.

Абат-Байтақ кешені аңызға айналған көненің көзі ғана емес, халықтың адал перзентіне деген сүйіспеншілігінің, ерлік пен мырзалықтың да белгісі.

Пікірлер