Оңдасын Оразалин жылыту маусымының өтуіне бақылау жұмысын күшейтуді тапсырды

1945
Adyrna.kz Telegram

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен жиында өңірдегі жылыту маусымының өтуіне байланысты сұрақтар талқыланды. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдері бейне байланыс арқылы қатысты.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов тұрғындар қатты отын пайдаланатын елді мекендерді үнемі тексеріп тұру керек және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет деп есептейді.
Оның сөзінше облыстың аудандарында модульді қазандықтар салу және талапқа сай емес қазандықтарды алмастыру шаралары қабылданып жатыр. Сонымен қатар өрт сөндіру бекеттерін салу сұрақтары да шешілуде.
Өңір басшысы Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдері осы сұрақты үнемі бақылауда ұстап, жылыту маусымы кезінде коммуналдық желілердегі техникалық бұзушылықтарды жою шараларын жедел қабылдауды тапсырды.
Сондай-ақ, жиында өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға қатысты мәселе де қаралды.
Жағдай тұрақты, алайда облыс басшысын халықаралық жүк тасымалдаумен айналысатын көлік жүргізушілері алаңдатады. «Жайсаң» көлік бекетінде Түркістан облысының екі тұрғыны мен РФ азаматынан ПТР тестінің оң нәтижесі анықталды. Олар тұрғылықты жерлері бойынша ем қабылдайтын болады. Алысқа қатынайтын көлік жүргізушілерінің өңір тұрғындарымен байланысуына жол бермеу үшін іс-қимыл алгоритмін әзірлеу жоспарланып отыр. Соған сәйкес, тасымалдаушылар өңірдің аумағынан шығып кеткенше арнайы қызмет мамандары еріп жүретін болады.​ Оңдасын Оразалин жергілікті әкімдік, полиция және тауарлар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаменттерінің өкілдеріне көлік өтетін жерлердегі бақылау жұмысын күшейтуді тапсырды.

Пікірлер