Шымкентте жақсы жаңалық орын алды

2756
Adyrna.kz Telegram

Шырайлы шым қалада табиғатты көркемдеп, тұрғындарының тынысын ашып, көздерін жайната түсетін тағы да бір жақсы жаңалық болды. Осыған дейін де оңтүстік өңірі жайқалған табиғаты жағынан өзге қалалардан ерекшеленіп тұрса, енді көркіне көрік қоса түспек. Себебі, Шымкентте А.Асқаров атындағы дендрологиялық саябаққа 10 дана қырғауыл құсы әкелініп, саябақ аумағына ұшырылды.

Мамандардың айтуынша, саябақтың фаунасын ұлғайтып, табиғи ортаны қалыптастыру және тепе-теңдік сақтап қалу үшін бұл құстар Сырдария-Түркістан өңіраралық табиғи паркінен жеткізілген. Дендросаябақ қаланың қақ ортасында орналасқан «кіші орман» болып есептеледі. Сондай-ақ, ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесі берілген. Сондықтан өзіне тән тыныс-тірішілігімен қоса аң-құстары мен жабайы жануары болғаны дұрыс.

 

Қазіргі таңда саябақ аумағындағы 3 га жасанды көлде жабайы аққу, қаз, үйрек жерсіндірілген. Қойнауында балықтың бірнеше түрі кездеседі. Сонымен қатар, саябақта 84 қырғауыл, 50 тиін, 23 қоян,10 таус (павлин), 5 жібек және бентамка тауығы, 4 цесарка, 3 теңбіл бұғы, 4 кер бұғы, 1 ергежейлі қой бар. Аталған аң-құстар арнайы бастырмаларда, қорада және еркіндікте жүреді. Олар жем-шөппен толық қамтылған.

 

Д.Аманжолұлы, Шымкент Ақпараттық Коммуникациялық Орталықтың көмегімен дайындалды

 

Пікірлер