«Жұрттың жынысын емес, министрдің ақылын ауыстыру керек»

4421
Adyrna.kz Telegram

Еліміздің Денсаулық сақтау министрі гендерлік сәйкестілігі бұзылған адамдарды медициналық куәландыру және жынысын ауыстыру туралы ережені бекітті. Бұл ережеге сәйкес  гендерлік ауыстыруды 21 жасқа толған және қабілеті бар гендерлік сәйкестілігі бұзылған адамдар жүзеге асыра алады. Мұны психикалық, мінез-құлқында ауытқулары бар, аурулары бар адамдар жасай алмайды.
Ендігі жерде еркек әйелге, керісінше, әйел еркекке айналғысы келсе, бұл ниетіне ешбір кедергісіз қол жеткізе алады. Тек жынысыңызды ауыстырмас бұрын ең алдымен психикалық денсаулығыңызды тексертіп, психиатр маманның анықтамасын алуыңыз қажет. Әрмен қарай арнайы комиссиядан өтесіз. Комиссияның құрамы: үш психиатр, олардың біреуі сексопатология саласында арнайы білімге ие; уролог; гинеколог; терапевт; эндокринолог; психолог мамандарынан жасақталады. Осы комиссияның шешімі еркектің әйелге, әйелдің еркекке айналу ниетінің шешімін шығарады.

Лұт пайғамбар жапқан қақпаны қайта ашатын ереже

Қазақ қоғамы министр Цойдың бекіткен бұл ережесіне қатысты түрлі пікірлерді қарша боратты. Әрине, қоғамның басым бөлігіне министрдің ережесі ұнай қоймады. Солардың бірі Түркістан облысының тұрғыны, наиб имам Мұхит Бақытұлы: «Мұндай шаруалар медициналық тұрғыдан қажет те болар. Мысалы, денсаулығына байланысты жынысын ауыстыру қажет адамның бұл қадамға баруына дауымыз жоқ. Алайда ой санасы бұзылған, дүниеге еркек болып келіп, әйелге айналғысы келетін кейбір еріккендер үшін бұл ереже Лұт (ғ.с) заманының қақпасын қайта ашумен тең сияқты. Пайғамбарымыз Лұттың (ғ.с) тұсында адамдардың азғындалғаны сонша, еркек пен еркек, әйел мен әйел жыныстық қатынасқа түсіп, зинақорлықтың сұмдық көрінісі белең алыпты. Сол кезде Алладан хабар келіп, Лұт Пайғамбарға алысқа қашып кету бұйырылады. Пайғамбарымыз өзі өмір сүрген ортаны тастап, елдің шетіне шыққан сәтіне артына соңғы рет қайырылып бір қарайды. Сол кезде әлгінде ғана жын-ойнақтың ордасына айналып, шат-шадыман тіршілік кешкен мекен отқа оранып, лаулап жанып жатыпты. Бұл нені білдіреді? Алланың бергенін өзгерту, Алланың бергеніне қарсы келу-пенденің құзіретінде емес. Егер қарсылық етер болсаң, әлбетте оның жазасы да өте ауыр болмақ. Жалпы, Алланың бергенін ауыстырам деп тыраштану психикалық ауытқулары бар адамға ғана тән дүние ғой. Адами санасы бар адам, дене мүшесінің барына шүкір етіп, сол аманатты сақтауға тырысады емес пе? Денсаулық сақтау министрлігінің бұл ережесінен кейін осыған дейін тасада бас бұғып жатқан түрлі гейлер мен лесбианкалардың бас көтеруіне, өздеріне заңдық құқық талап етуіне соқтыруы мүмкін ғой. Осы жағы да өте қауіпті деп ойлаймын»,-дейді.

Жынысын өзгертуден несіне қорқасыз?

Сәния Бектұрғанова Еуропадағы белді университетте әлеуметтанушы мамандығы бойынша білім алып жатқан қазақстандық студент. Сәния жаңа ережеге қатысты: «Негізінен әр адамға таңдау құқығы берілуге тиіс. Әйел еркекке айналғысы келе ме, басқаға айналғысы келе ме, өзі шешуге тиіс. Министрліктің бұл ережесінен кейін қазақстандықтар жаппай жынысын ауыстыруға көшпейтіні анық. Біріншіден, бізде менталитет деген нәрсе бар. Мың жерден жыныс мүшесін ауыстырғысы келгенімен, көбінің батылы, ұяты жібере қоймайды. Екіншіден, жынысын өзгерткенде тұрған не бар? Мысалы, дәл сізге жынысын өзгерткен адамнан төнетін қауіп бар ма? Жынысын өзгерту жұқпалы ауру емес қой?! Үшіншіден, бұл мәселеге ең алдымен қазақстандықтардың діни сенімі үлкен қарсылық беруі мүмкін. Өйткені Ислам дінімізде өзіңе берілгенді өзгерту Алланың қалауына қарсы шығу деп саналады. Ал негізінен, әр адам өз күнәсіна өзі жауап беретінін ескерсек, жаңа ережеден жаға ұстарлық жағдай көріп тұрғаным жоқ», -дейді.

Арнайы заң қабылдауды ұсынады

Бізбен тілдесу барысында аты-жөнін түбегейлі жасырын көрсетуді сұранған қарағандылық Дария (аты-жөні өзгертілген) осындай ереженің аса қажеттілігіне тоқталып: «Өмірге қыз болып келгеніммен, тұла бойымда қызға, әйелге тән қылаудай қасиет жоқ. Ең ақыры жүрегім де басқаша соғады. Қыздардың жүрегі еркек деп соқса, менікі керісінше, әйел деп соғады. Еркектерге мүлде қызықпаймын. Бала күнімнен қыздарға, әйелдерге ынтыға қараймын. Бойымдағы осы өзгерісті байқаған шешем мені емдетемін деп басын тауға да, тасқа да соқты. Түк шықпады. Алайда Қазақстан сияқты елде жыныс мүшеңді ауыстыру былай тұрсын, оны ойлаудың өзі қиямет екенін білесіз. Осылайша жасым отыздан асса да жалғыз өмір сүруге тура келді. Интернет байланысы жоқ кезде жағдайымыз өте қиын еді. Өзім сияқтыларды табу, дұрыс тану қиын еді. Ал қазір интернеттің арқасында мен сияқтылардың біздің елде аз емесіне көзім жетті. Жаңа ережеге аса қуанып, селт ете қоймадым. Неге? Себебі, жыныс мүшеңді ауыстыруға медицина рұқсат бергенімен, қоғам сені қабылдай қоя ма? Меніңше, ақыры осылай рұқсат берген екен, енді сол жынысын өзгерткендерді өзгелермен теңестіріп, құқығын да қорғайтын заң бекітуі керек. Біз сияқтыларды түсіну неге сонша қиын? Мысалы, христиан дінінің өкілі мұсылманды жек көрсе де, құрметтейді ғой?! Болмаса, шешеңіз сіз қалағандай дәрігер емес, мұғалім болғаны үшін сіз шешеңізден бас тартпайсыз ғой? Солай ма? Жынысын ауыстыруға қарсы шығып, атойлайтындарды жабайы, әлі адами санасы жетілмеген деп қараймын. Әйтпесе, онда тұрған не бар?»-деп күйінеді.

Болашақта жынысы белгісіздер көбеймесін

«Былай қарсақ, расымен, жынысын ауыстырғанда тұрған не бар деп ойлайсыз. Ештеңе де жоқ. Қалаған адам барлық жерін өзгерте берсін. Алайда бұл мәселенің көпшілік мән бере бермейтін бір тұсы бар. «Сынықтан басқаның бәрі жұғатынын» білетін халықпыз ғой. Бүгін пәленшенің жынысын ауыстырғанын естіп, білген баламыз ертең еліктеп, елітіп «мен де әйелге айналғым келеді» демесіне кім кепіл? Біз өзі еліктегіш халықпыз. Сол еліктегіштік қасиетіміз дәл осындай керексіз дүниелерге келгенде, қарқынды жұмыс істейтінін ұмытпайық. Төрт ұл таптыңыз дейік. Төртеуі де өз жынысын өзгертем деп әйелге айналса, ұрпақсыз қалмайсыз ба?Түптеп келгенде, қазақтың қанында жоқ дүниені ереже етіп енгізу тұқымымызды тастаққа жаймасын. Маған салса, жұрттың жынысын емес, осы ережені енгізген министрдің ақылын ауыстыруға ереже қабылдар едім», -дейді зейнеткер атамыз Әуелхан Шонжан.

Тақырыптың тұздығы

Серік Әбікенұлы, журналист:

«Кеше балама: Ой, рақмет! Дәу жігіт бол, үбірлі-шүбірлі бол! - деп жатып селт ете қалдым. Цой осылардың сорын қайнатайын деп тұр-ау. Келін деп әкелгені бірдеңесвистит болып шықса қас масқара ғой, Құдай сақтасын. Әлде олардың құжтына "бұрын еркек болған" деп таңба басар ма екен?

Өмір Шыныбекұлы, мұғалім: Жыныс ауыстыру туралы қауесет шыққалы бала күнде қариялардан естіген мынау әңгіме есіме түсе береді.

Баяғыда бір қазақ айдалада жолаушы жүріп келе жатса, бұтаның арасынан маңыраған лақтың даусын естиді.

Отардан қалып қойған төл болар тауып ала кетейін деген ниетпен, бұтаның арасына кіріп әлгі лақты ұстап алдына өңгеріп алады.

Алдында лақ, оңай олжа тапқанына мәз, өз ойымен өзі келе жатып "Есің кетсе ешкі жи,

Ешкі жиып, есің жи!" - деп ыңылдап отырып, -Әй, осы еркек пе, ұрғашы ма көрейін деп, лақтың шабына қолды салып жібереді.

Сөйтсе әлгі лақ басын бұрып, адамша -Уысың толды ма? - дейтін көрінеді

***

Аузы-басы қисайып, естен танып жатқан әлгіні жүргіншілер тауып алыпты деседі.

Беті аулақ...

"Қыз" деп алғаның "экс-еркек" боп шықса сонда көресің, жігіттер..

Аузы-бастарың қисайып жатпасын...»

Жынысын өзгерту туралы ережеге қол қойылды, ереже өз күшіне енді. Әрі қарай қалай боларын уақыт көрсетеді. Десек те, Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда басқа мәселе құрып қалғандай, дәл осы ережені бекітуінде не астар бар? Қоғамның назарын бұру манипуляциясы ма, жоқ әлде расымен, қазақтың тұқымына осындай ережелермен балта шабу ма? Сіз қалай ойлайсыз, құрметті оқырман?

Меруерт ХУСАИНОВА,

«Адырна» ұлттық порталы.

Фото ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер