Азаматтық қоғам мен биліктің өзара іс-қимылы артты

2314
Adyrna.kz Telegram

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  «Сындарлы      қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеп, қабылдауымыз керектігін» айтты.

–  Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет. Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады. Сондықтан азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ, аса маңызды жалпы мемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет. Белсенді азаматтық қоғам құру үшін үкіметтік емес ұйымдардың беделін арттыру қажет деп санаймын. Сондықтан, жақын арада Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеп, қабылдауымыз керек, –  деп атап көрсетті Преизидент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ал шын мәніне келгенде, азаматтық қоғам дегеніміз не? Ал азаматтық қоғамның тұжырымдамасында не айтылған?

2025 жылға дейін азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасын жүзеге асырудың іс-қимыл  шаралары нақты айтсақ, екі кезеңді қамтиды. 2020 - 2022 жылдар – бұл бірінші кезең. Ал екінші кезең - 2023 - 2025 жылдар аралығында жүзеге асады. Бірінші кезеңде заңнаманы жетілдіру жағы қарастырылса, екінші кезеңде билік пен азаматтық қоғамның бірлескен белсенді жоспарлары жүзеге асатын болады.

Расы керек, бұрынғыдай емес, соңғы жылдары азаматтық қоғамның белсенділігі артты. Мемлекеттің дамуындағы қоғамдық өмірде қарапайым халықтың өзі белсенді бола бастады.  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасы жүзеге асып жатыр. Расы керек, қазір билік пен халық арасында диалог орнады. Түсіністік пайда бола бастады. Бұл әрине азаматтық қоғамның белсенділігін көрсетеді.

Азаматтық қоғам – бұл қарапайым халық, біз бен сіз және қоғамда өзіндік орны бар үкіметтік емес ұйымдар. Ал үкіметтік емес ұйымдардың мемлекеттің дамуында ықпалы орасан зор. Қазақстан зайырлы, өркениетке бет алған мемлекет. Сондықтан да халықтың үніне құлақ асады. Жалпы билік қашан да халықтың үніне құлақ асса, онда өзара түсіністік орнайды. Бірнеше мысал келтірейік, ондаған жылға созылған «Көкжайлау» жобасы ақыры халықтың белсенділігінің арқасында жүзеге асқан жоқ. Халық үнін мемлекет басшысы құптады. Ақыры Президент араласқаннан кейін «Көкжайлау» жобасы тоқтады. Бұл да билік пен халық арасындағы ортақ түсіністік, нақты айтқанда, бір-бірімен тіл табысты. Тағы бір мысал, «Сулпак» сауда үйінің алдында кесілген ағаштар. Бір түнде рұқсатсыз кесілген ағаш әлеуметтік желі арқылы биліктің құлағына жетті. Іске мемлекет басшысы араласты.  Ақыры кінәлілер жауапқа тартылды, айыппұл төледі. Кесілген ағаштардың орнына қайтадан өсімтал ағаштар отырғызылды. Бұл әрине алдымен азаматтық қоғамның белсенділігі дер едім. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.

Жалпы кез келген мәселеге халықтың белсенді болуынан қоғам, мемлекет ұтылмайды. Қайта  мемлекеттің мызғымас, берік болуына азаматтық қоғамның ықпалы тиеді. Ал мемлекет..

Мемлекет өз кезегінде азаматтық қоғам институттарының қалыптасуына әрдайым көмегін тигізіп отырады. Заңнамалық тетіктер жасайды, олардың құқықтық жағынан қорғалуын қамтамасыз етеді. Азаматтардың құқы мен бостандығын қамтамасыз етеді. Өзара сындарлы іс-қимыл толайым табысқа жеткізеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «азаматтық қоғамды дамыту үшін үкіметтік емес ұйымдардың беделін арттыру қажет» деп отырғаны да бекер емес. Сондықтан да Президент тапсырмасына орай, Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы әзірленді. Ал ол тұжырымдамада не айтылған?

2025 жылға дейін қабылданған  азаматтық қоғамды дамытудың тұжырымдамасы алты бөлімнен тұрады. Айта кету керек, аталған тұжырымдама мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасы, Қазақстан халқына Жолдауы Президенттің жарлықтары мен ұсыныстары негізінде дайындалған.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, Тұжырымдамада көрсетілгендей, азаматтық қоғамды дамыту үшін мемлекет сол қоғамда өмір сүріп отырған азаматтарына қолайлы климаттық ахуал жасайды. Халықпен арада өзара тиімді іс-қимыл қалыптастырады.  Елдегі тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Мемлекеттің іргетасының мықты болып, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын күшейтуге күш салады. Тұрақтылық, бейбітшілік, өзара тең құқылы әріптестік бар жерде елде этносаралық татулық пен келісім орнайды. Тұрақтылық Қазақстанның баға жетпес құндылығы екендігі сөзсіз.  Жалпы билік пен азаматтық қоғам қашан да бір-бірін толықтырып отырады.

Расы керек, қоғамда жекңе адамның үні мен мұңы билікке кашан да естіле бермеуі мүмкін. Мұндай жағдайда жеке тұлға не істеуі керек? Кез келген адам өзінің шешілмеген түйткілді мәселесін жергілікті билікке жеткізеді. Егер мәселесі шешілмей жатса, қоғамдық саяси ұйымдар, кәсіподақтар және тағы басқа үкіметтік емес ұйымдар арқылы жеткізеді. Мысалы, кейбір партияларда халықты қабылдайтын арнайы қоғамдық бөлімдер бар. Олар халықтың талабын жергілікті билік пен тиісті орындарға жеткізеді. Халық сайлаған депутаттар үкіметке депутаттық сауалнама жібереді. Сол арқылы түйткілді мәселенің шешімін табуға көмектеседі. Міне проблеманы шешудің осындай әртүрлі жолы бар.

Қазір аудан, облыс әкімдері халықпен жиі кездеседі. Әлеуметтік желіде әкімдердің жеке парақшасы ашылған. Онда халық шешілмеген мәселеге нақты жауап алады. Әкімдер халықтың алдында әрдайым есеп беріп отырады.  Халықты қабылдаудың арнайы кестесі бар. Азаматтық қоғам мен билік арасындағы ашықтық бар.

Тіпті «төртінші билік» ретінде саналатын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы азаматтық қоғам мүшелері өз пікірін еркін айтып, биліктің проблеманы тезерек шешуіне ықпал етеді. Мысалы, жақында ғана Ақтөбе облысындағы Бестамақ аулындағы шошқа фермасына қатысты тұрғындардың жанайқайынан кейін мәселе шешілді. Шошқа фермасының басшылығына экологиялық талаптарды, қоршаған ортаға залал келтіргені үшін 7 миллиард теңге айыппұл салынды. Халық талабынан кейін шошқа фермасы жабылуы да мүмкін. Бұл әрине, мемлекеттің, яғни жергілікті биліктің халық үніне құлақ асып отырғанының нәтижесі деп айтуға болады. Өйткені мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында мұны нақты атап көрсетті.

– «Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет.Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады. Сондықтан азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек, – деді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жалпы айтқанда, қазіргі уақыт көрсетіп отырғандай,  азаматтық қоғам мен билік өзара серіктес, бір-бірін толықтырып отырады. Ал азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасында нақты айтсақ, халықпен арадағы өзара тиімді іс-қимыл шаралары айқын жіктеп көрсетілген. Сондықтан да азаматтық қоғамның белсенді қалыптасуы ең алдымен қоғамдағы жеке адамның өзіне байланысты екенін ұмытпауымыз керек. Өйткені азаматтық қоғам белсенді болса, мемлекет те қуатты екенін әрқашан ұмытпауымыз қажет.

Еркін ҚАЛДАН

 

 

Пікірлер