Тоқал алам десеңіз...

3642
Adyrna.kz Telegram
Әлеуметтік желіде де, былайғы кезде де қызу пікір-талас тудыратын тақырыптың бірі – «тоқал алу». Бүгінде екінші әйел немесе «тоқал» алудың мәселесі әзілмен болса да айтылады. Әрине, екінші әйел болып, тоқал болып жүргендер де аз емес.
Десек те, бұнын заңды салдары қандай болмақ?
Алғаш рет жерімізде 1921 жылы 14 маусымда көп әйел алуға тыйым салу туралы декрет қабылданды. Тіпті, көп әйел алушылық қылмыс деп танылды. Ресми түрде оны 1998 жылы қылмыстық жазаланатын актілер қатарынан алып тастау туралы шешім қабылданды.
Қазіргі таңда жас отбасылар ЗАГС-пен қатар, мешітке де некесін тіркететінін білеміз. Статистикаға сүйенсек, соңғы уақытта ислам діні мұсылмандарға бірнеше әйел алуға болады деген желеумен, тек қана мешітте некесін қиып, екінші әйел алушылар да елімізде көбеюде. Осылардың арасында кәсіпкерлер мен шенеуніктер көбейіп келеді.
Ал, бұл заңды ма?
Неке және отбасы кодексінде заңды некеге бір жынысты адамдардың үйленуіне және басқа біреумен некеде тіркелген адамның тағы неке қиюына тыйым салынған.
Яғни, некеде тұрсаң екінші не үшінші әйел алу заңсыз болып табылады және тоқал болған жағдайда арасында заңды жауапкершілік туындамайды.
Сонымен қатар, мешітте неке қию заңды неке қиюға жатпайды, бұл жай ғана діни дәстүр ретінде саналады.
Тоқал болу мен заңды неке қиып әйел болудың құқықтық салдары қандай?
Заңды неке қию кезінде күйеуі мен әйелі арасында мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтары мен міндеттер туындайды.
Ал неке бұзылған жағдайда ерлі-зайыптылардың арасында ортақ мүлікті бөлуге, еңбекке қабілетсіз жұбайын, сондай-ақ кәмелетке толмаған балаларын күтіп-бағуға қаражат төлеуге қатысты талап қоя аласыз.
Сонымен қатар, ерлi-зайыптылар заңды некеде тұрған кезінде жинаған мүлiк олардың бiрлескен ортақ меншiгi болып табылады. Бірлескен ортақ мүлкіне құқық заңды некеде тұрған кезеңінде балаларды бағып-күтудi жүзеге асырған немесе басқа себептермен жеке табысы болмаған әйелі де тиесiлi болады.
Ал, тоқалдың жоғары да аталған жағдайлар бойынша құқықтары болмайды. Яғни, оның екінші әйел не тоқал деген статусы болса да, тіпті мешітте неке қиса да, көшедегі басқа бейтаныс адамнан айырмашылығы жоқ. Себебі, заңды некеде тіркелмегесін мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтар мен міндеттерге ие болмайды.
Мысалы, Бауыржанның заңды некеде әйелі бар. Бірақ басқа біреумен екінші әйел ретінде бірге тұрады. Мешітке бірге барып, екінші әйелі тоқал статусына ие болды, Бауыржан үйіне баруын да қойды. Біраз жыл бірге тұрып, кейін Бауыржан кенеттен қайтыс болды. Сол кезде барлық мүлікке заңды некеде тұрған бірінші әйелі ие болады. Тоқалы бір тиында алмайды.
Тіпті, тоқалын тастап, бірінші әйеліне қайта оралса да, тоқалы бірге жинаған мүлкін заңды талап қойып, қайтара алмайды.
Осыған байланысты, кез келген істің байыбына барып, құқықтық салдарын, заңды негізін саралап, қадам басқан жөн. Өмірлік серік таңдаудың да тек қана өмірлік қана емес, заңды мәні бар. Сол себепті, заңды некеде болуға тырысыңыз.
Facebook  әлеуметтік желісінен алынды.
Пікірлер