Пандемия қай елге қалай әсер етті

1672
Adyrna.kz Telegram

Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 78,7 млн адамға жетті. Ал індеттен қайтыс болғандар саны 1 млн 700 мың адам болды. Қазіргі таңда «Рождество» мен «Жаңа жыл» мерекелері қарсаңында әлемнің көптеген елдерінде шектеу шаралары күшейтілген. Десек те, санитарлық шектеулерге аса мән бермей келе жатқан елдер де бар.

Мысалға, Бразилияны алайық. Бразилиядағы Сан-Паулу қаласының дүкнедерінде бүгінде сауда қызып жатыр. Жергілікті халық мерекеге қызу дайындық үстінде. Салдарынан «Роджество» мерекесі  қарсаңында вирус жұқтырғандар саны күрт көбейіп кеткен. Бір тәулікте 58 мың 428 адамнан ковид анықталған, 762 адам о дүниелік болды. Осыған қарамастан бразилиялықтар санитарлық шектеуге мән берер емес. Пандемия басталғалы Латын Америкасында 189 мың адам індет құрбаны болған. Жергілікті билік мереке тойлауға тыйым салғанымен бразилиялықтар тәртіпке бағынар емес.

Ал пандемияның әсері басқа елдердегідей, Үндістан кәсіпкерлеріне де оңай тимей отыр. Себебі, мұнда қазір көше саудасы жойылу алдында. Санитарлық органдардың қуғын-сүргініне төтеп беріп келген саудагерлер, бүгінде індеттен дағдарысқа ұшыраған. Мәселе вирустың өршуінде емес, карантин кезінде тұтынушылардың қарасы азайған, салдарынан Үндістан сатушылары кірісінен айырылған.

Үндістандағы көше саудасы эпидемиологтар тарапынан қазіргідей қысымды соңғы рет 2014 жылы көрген. Ол кезде саудагерлер сапасыз тамақ пен талапқа сай емес еңбек орны үшін қуғынға ұшырап, темір торға қамалған. Дегенмен, мемлекет саудагерлерді қолдап, көше кезген саудагерлерді қорғау туралы Заңды қабылдаумен мәселе аяқталған еді. «Біз полиция мен белсенділерден қорқушы едік. Бірақ тұтынушыларымыз азаяды деп ешқашан ойламаппыз. Яғни, сатып алушылардың қарасы бізде азайған емес. Мына індеттен жағдайымыз тіпті нашарлады» дейді Үндістанның саудагерлері.

Түрлі деректерге қарағанда, індеттен Нью-Дели көшелерін 5000-ға жуық саудагер тастап кеткен. Шаһарды кезіп жүретін саудагерлер күн көру үшін шекара маңындағы өңірлеріне қоныс аударған. Себебі, онда сирек болса да саяхатшыларды кездестіруге болады екен. Яғни, осы маңда көше саудагерлері, тауарларын пайдаланатын тұтынушыларды молырақ таба алатын көрінеді.

Бүгінде Үндістанда 2 млн-ға жуық көше саудагері бар екен. Бірақ, қазір олардың барлығының жағдайы мүшкіл. Үкімет болса, мұндай бизнес түрін қолдау мүмкін емес екенін ашық айтуда. Сарапшылар болса, көше саудагерлері жуық арада өз тауарларын өткізетін нарық таппаса, елдің сауда секторында жұмыссыздық белең алып, ірі дағдарысты бастан кешеді дейді.

 

Д.Арғынгелді,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер