ҚУАНЫШ ЕДІЛХАНТЕГІ: «Nur Otan»-ның үгіт-насихаты аяқ бастырар емес

1815
Adyrna.kz Telegram

Тағы да сайлау туралы. «Nur Otan» керемет әдіс тауып алыпты. Праймериз деп жүргендерінде гәп бар екен, сол арқылы ел ішіндегі осы қалай деген біршама белсенді, немесе өзіндік пікірі бар (бірақ пікірі басшыларды, үкіметті, әкімдіктерді, т.б. сынамайтын, сынаса да ешкімнің фамилия, аты-жөнін айтпай жалпылама айтатын) азаматтарды тауып, бірқатарын мәжіліске, қалғандарын мәслихатқа кандидат қылып партиялық тізімге қосып жіберіпті. Қазір солар үй-үйді аралап, ауылдан ауыл қоймай, үгіт-насихатты жаппай жүргізіп жатыр. Қарасаң көзің қимайтындай-ақ, кілең таныс жігіттер мен қыз-келіншектер, мекеме басшылары, мектеп директорлары дегендей. Әйтеуір баяғыдай еңбек адамы дейтіндер жоқ, ең аз дегені – асабалар.

Бұлардың мажоритарлық системадан неге қашқандары да түсінікті болды – осындай әдіспен партиялық тізімді өткізіп алады да, сосын нақты фамилияға келгенде өздері кімді қаласа соны өткізе қояды. Мысалы Дариға Назарбаева жеке дара дауысқа түссе жәй өтпегені былай тұрсын, нағыз масқаралықпен ұшып кетер еді, енді жалпы тізімнің ішінде ол алдыңғы орындардың бірімен депутаттыққа өтетін болар деп шамалаймын.

Бұдан шығатын қорытынды – елге танымал, көзге түсіп жүр деген белсенді азаматтардың барлығы дерлік «Nur Otan»-ның тізіміне енген де, онша танымал емес тұлғалар ғана қалған партияларға бөлініп берілген. Яғни ол жерде де тамыр-таныстық орын алып отырғаны байқалады.

Жәрайды, енді өзіміз дауыс бергелі отырған "Ауыл" партиясына келейік. Мұнда өзімізге азды-көпті танымал адамдардан Дәулеткерей Кәпұлы бар екен. Бағдарламасы бұрыннан таныс Рақымбеков Төлеутай Сатайұлы бар, өйткені ол былтыр президенттікке дауысқа түскен. Біздің облыстан партияның филиал басшысы Машырықов Кенжеғали Сағидоллаұлы, фб-дан таныс Қуат Дәурен, Тасыбеков Қанат бар. Басқалардың өз істерінің маманы, немесе қазақ десе жүрегінің соғысы бөлек екендігіне күмәнім жоқ, тек соңғы кандидат – Тасыбеков туралы мақтабастармен күресіп жүрген бір атақты досымыздың "ол да мақтабастардың бірі" дегенін оқығаным бар еді, сол күмән туғызып отырғаны. Әйтпесе оның қазақтың сөз иірімдерін орысшаға аударып түсіндіріп жүрген белгілі атақты қазақтардың бірі екенін білеміз )).

Бір қызығы – партия жетекшісі Әли Бектаевтың тізімде жоқтығы таң қалдырып отыр. Мүмкін ауыл адамдарына тән нағыз қарапайымдылықтың үлгісі осы болар бәлкім?

Негізі "Ауылдың" бағдарламасы туралы айтқым келген, бірақ әлі соған жете алар емеспін - мына нұротан дегеніңнің нахал үгіт-насихаты аяқ бастырар емес, алдыңнан шығады да тұрады. Онсыз да оның саяси аренадан кеткенін тілеушілер көп-ақ, сонда да 30 жыл бойы өтірікпен әбден тойдырғаны сондай, тіпті көргім келмей, әрбір қадамын әшкерелегім келіп тұратын болыпты.

Пікірлер