Шымкент — Абайтану орталығы

2113
Adyrna.kz Telegram

Жаңа жыл барша жанды жарылқасын! Бүгін демалыс. Кезекшімін. Таңғы сегізден жұмыстамыз. Барлық мемлекеттік органдарда кезекшілік бар. Бір нәрсе бола қалса, дереу хабарлап, әрекет етіп, шешім қабылдайды.

Бәрі тыныш болса, кітап оқып, жазу жазып отырасың. Себебі демалыс қой

Қолым қышып, болған-көргенді жазғым келіп тұрады. Соңғы уақытта жазуға тегі қол тимей кетті. Ойдағының оннан бірін де жазып үлгере алмай жатырмын.

Жаңа жылдағы демалыстардың бір бөлігін жазу-сызу мен оқу-тоқуға арнаймын.

Айтпақшы, алдыңғы күні Шымкентте айтарлықтай жаңалық болды. Абай жылы мазмұнды қорытындыланды ғой деп ойлаймын.

Әзімхан Исабек деген жас абайтанушы Абай атамыздың шағатай тілінде жазылған 38-сөзінің сырын ашып, толық нұсқада кітап етіп шығарды. Бұл сөзді Абай атамыз “Китаб тасдиқ” деп атаған. Бұл кітап — Абай шығармашылығының өзегі.

Содан кеше, 31 желтоқсанда Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көзі тірі бас абайтанушы десем қатеспеспін, Мекемтас Мырзахметовке Жаңа жыл алдында сәлем бере барды. Ағамыз аздап сырқаттанып қалды дегенді естіп едік, қазір денсаулығы жақсы екен.

Дастархан басында Мекемтас ағамыз: “Қазір Шымкент Абайтану орталығына айналып барады”, — деп еді, Алаш сыйлығының лауреаты, Мекемтас Мырзахметов туралы бір кітап жазған, қазақтың белгілі жазушысы Мархабат Байғұт ағамыз: “Мекемтас Мырзахметов қайда барса, Абайтану орталығы сол жаққа бірге көшіп барады”, — деп әзілдесіп біраз әңгімелестік. Әңгімелестік деп қоямыз, Мекемтас ағамыздың лекциясын тыңдадық.

Мекемтас ағамыз жас ұрпақ Абайды мерейтой жылдарында ғана емес, жыл сайын оқып үйрену қажет екенін аманаттады.

Шыңғыс МҰҚАН

Пікірлер