«Тоғыздың жыры» Оғыздың жырына айналуы керек!

2114
Adyrna.kz Telegram

Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVIII сессиясында тоғыз депутаттың Мәжіліске баратыны белгілі болды. Дауыс беруге  Ассамблеяның 351 мүшесі қатысып, тоғыз адамға дауыс берді. Олар кімдер?

Сонымен Сауытбек Абдрахманов - 298, Аветик Амирханян - 270, Ильяс Буларов - 274, Наталья Дементьева - 292, Юрий Ли - 282, Вакиль Набиев - 285, Шамиль Осин - 271, Владимир Тохтасунов - 277, Абилфас Хамедов 290 дауыс алды.

Бір ерекшелігі, кеше Қазақстандағы Мәжіліс сайлауына сайлаушылардың 63 пайыздан астамы қатысса, бүгінгі Ассамблеядан ұсынылған 9 өкілгебар-жоғы 351 адам дауыс берді. Бұл Елбасы негізін қалап берген Ассамблеяның халықтық дауыстан айырмашылығы. Ассамблеяның артықшылығы сонда, олардан парламентке ұсынылған үміткерді Қазақстан халқы емес, өздері сайлайды. Бірақ тәуелсіздік алғанымызға -30 жыл, Ассамблеяның құрылғанына 25 жылдан астам уақыт өтсе де, этнос өкілдерінің 100 пайыз қазақша сөйлеп кеткен бірі жоқ. Әрине мемлекеттік тілде сөйлейтін бірен-сарандары бар. Ассамблея жиыны болса, ылғи соларды алға шығарады. Елбасының, Президент Тоқаевтың алдында сөйлетеді. Олар да көсіле сөйлеуге үйреніп алды қазір. Сөзден жаңылыспайды, оқушының тақпақ жаттағанындай көсіледі. Жаттап алды ма, жоқ па, бізге де қазір бәрібір болып қалды. Бірақ  бүгін сайланған «тоғыз тұлға» қазақтың күйін күйттеп, мемлекет тілдің мүддесі үшін арпалысып, соттасып жүрген бір Оғыз Доғанның тірлігін істей ала ма? Жаттанды сөз татулық пен тұтастыққа, ынтымақ, бірлікке ғана құрылатын Ассамблеядағы «тоғыздың жыры» Оғыздың жырына айнала ала ма? Мәселе сонда. Ассамблеяның қай жиыны бастаняқ қазақ тілінде өтіп еді?! Саусақпен санарлықтай ғана.

Айта берсек, Ассамблея жайлы әңгіме көп. Әлеуметтік желі де азаннан бері сайланған тоғыз депутатқа қатысты жырын кеңінен толғап жатыр.

Бұл 9 депутат Мәжілісте қазақтың мүддесін қорғай ма, әлде өздеріне дауыс берген этностардың мүддесін қорғай ма? Ең бастысы, моноұлтты Қазақстанның негізі - біз, қазақтар, осы 9 депутатқа дауыс бермесек, неге олар Мәжілісте 4 жыл біздің есебімізден миллиондап жалақы алып, депутаттық мандаттың қызығын көру керек?!. Ассамблея атынан түсіп жатқан 9 үміткердің қатарында ұзақ жыл « Егемен Қазақстан» газетін басқарған Сауытбек Әбдірахманов жүр. Сонда ол қазақ емес пе? Ол қай этностың өкілі? Ешбір мемлекетте жоқ, тек Қазақстанда ғана үстемдік етіп тұрған бұл қандай заң?, – дейді Азамат Тасқараұлы өзінің әлеуметтік желідегі жазбасында.

Жақында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарға үндеу тастады.

Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады. Жастар ағылшын тілін немесе басқа да тілдерді аз ғана уақытта меңгере алатынын көріп отырмыз. Тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ тілінүйренгісі келген адам оны әлдеқашан біліп шығареді. Халқымызда «Ештен кеш жақсы» деген сөзбар. Ең бастысы, ынта болуы керек, деді Президент Тоқаев.

...Ендеше осы мемлекеттің асын ішіп, ауасын жұтқан Ассамблеядан сайланып Мәжіліс мінберінде сөз сөйлейтін «тоғыздың жыры»  әрқашан Оғыздың жырына айналуы керек.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер