Шоулар шошындыра бастады

3498
Adyrna.kz Telegram

Кеше Еуразия арнасының «Пендеміз ғой» ток шоуында дүние келген нәресте мен оның анасын перзентханадан шығарып алуды соңғы кезде шоуға айналдыру үрдісі жайлы әңгіме қозғалды.

Оған Атырауда алтыншы және жетінші баласын, яғни егіз перзенттерін өмірге әкелген жарына ерекше құрмет көрсеткен Әділ есімді жігіт қатысты. Қырқынан шығып үлгірмеген қос сәби де бұл күні аналарымен студия төрінен орын алды. Сол секілді екі ұлдан кейін өмірге келген қыз бала үшін перзентханада сексен адамға дастархан жайып, кішігірім той жасап жіберген отбасы мүшелері де хабарға келді. Олардың әңгімесінің студия қонақтарына әсер еткені сондай, кейбір ер-азаматтар, келіншектер тез арада балалы болуға ниет танытып, сол сәтті ұмытылмас сәтке айналдыруға естері кетті.

Олар үшін бала сүю-ұрпақ жалғастығы үшін емес,осындай шоу үшін қажет секілді әсер қалдырды.Сіздер бізге бала сүюге мотивация бердіңіздер деп жатты ғой кәдімгідей) Түйгенім- жастарда көрсеқызарлық,бәсекелестік өршіп тұр. Көбісі сырт көздің пікіріне тәуелді. Жағдайы келгендер жасай берсін, қуаныш сыйлай берсін, көңіл көңілден су ішеді дейміз-ау. Бірақ осының астарында жұбайлардың бір-біріне шынайы ілтипатынан гөрі, сырт көзге "көрдің бе", дегендей," пәленшеден еш кем емеспіз" дегендей өздерінің бір артықшылығын дәлелдегісі келетін ішкі кембағалдығы, комплексі жатқандай көрінеді.

Мұндай жылт етпе шоудан гөрі жас жұбайлар баласының кіндігін кестіру шарасына, жас босанған сәттегі ана күтіміне, бала бағымына мән бергені дұрыс-ау деп ойладым. Өйткені, бүгінде біздің балаларымыздың кіндігін кім кесіп жатқаны белгісіз. Ал, қазақ бұл үрдіске баланың тағдырына әсер ететін ерекше рәсім ретінде қарап, оны елге сыйлы, ғұмыры өнегелі де сәтті адамдарға атқартқан. Сол секілді жас анаға қалжа жегізіп, баптау да ұмытылып бара жатқан дәстүр. Өкінішке орай, ана мен бала,жалпы ұрпақ саулығында маңызды осындай үрдістер ұмтылып, шеттен келген, пайдасы шамалы керісінше жас босанған ананы, жаңа туған баланы көлденең көз, тіл-сұқ назарына түсіретін даңғаза, жатжұрттық шоуларға құмартып барамыз.

Айша Турмаганбетованың

жазбасынан.

Пікірлер