Путинді тағынан тайдыруға болады, егер...

3806
Adyrna.kz Telegram

Навальныйдың ютубтегі атышулы видеосы 85 млн көрілім жинапты және оның тоқтайтын түрі жоқ. Негізі Навальный жыл бастала салысымен Путинге төпелетіп ауыр соққылар жасады.

Жыл басында "сен қандықолыңмен адам улап өлтіріп жүрсің, мені сен өлтірмек болдың" дегенді дәлелдеп бір шулатты.Путин билігі одан нокдаун алып өзіне әрең келген еді. "Мә, тағы ұста" деп алтын жалатқан сарайды салды. Одан күллі Ресей, жалғыз орыс емес бүтін әлем шок алды. Енді жұрт Христо Грозевтің "Ресейде уланып өлген Путиннің саяси қарсыластары" туралы зерттеуін күтіп отыр. Ол да өзінше ауыр соққы болмақ.

Сыртқы саясатта да Путин былтыр Ердоғаннан мықтап таяқ жеді. АҚШ та билік басына Путинге жұлдызы қарсы Байден келді. Ол да путин жүйесіне бір үлкен қауіп. Жалпы Байден нағыз Американың президенті болады. Оған менің ешқандай күмәнім жоқ. Ол дереу жаһанды өз қолына алып ескі тәртіпті қайтарады, тентекті жазалайды, достарын қасына тартады. Оның сыртқы саясаты да Ресейге қатты бұрылады, оны бәрі сезіп отыр.

Енді кеше желіні шолып отырсам, Ресей оппозиционерлері: "бұл Путиннің ақыры болмақ, біз тағы митингке шығамыз, режимнің күні бітті" деп кіжініп біраз рухтанып отыр екен. Меніңше, бұл асыра айтылған сөз болса керек. Ресей Қырғызстан емес, Грузия емес. Қалай десе де ол ядролық, әскери держава. Путиннің өзі әлемдегі диктаторлардың қорғаны және өзі де, айналасы да шіріген бай. Олар өзін қорғап отырған полициясына төлейтін жалақы тауып бере алмай отырған бейшара Лукашенко емес. Олардың екі - үш соғысты қаржыландыруға қаражаты жетеді, көшедегі шулаған жалаңқол халықты қайтсін.

Путин - Асадты, Мадуроны жалпы әлемдегі диктатор атаулыны қорғап отырған адам. Өзінің билігін де өзі әзірше қорғай алады. Ол өліспей беріспейді. Өйткені оның бұл планетада қашып басқа баратын жері де жоқ. Тағынан кетсе бәрінен айырылады. Күні қараң болады, баратын жері де белгілі. Оның маңындағы тобы да бұл тайталаста "кемедегінің жаны бір" деп барын салады. Және Асад, Лукашенко, Мадуро сияқты достарына "өлсеңдер де орныңнан кетпеңдер" деп оларды қолдап отырған Путиннің мынадайдан ұяты оянып өзі тағынан кете қояды деген сөз - ол болмайтын әңгіме. Сондықтан бұл жерде менде қандай да бір оптимизм жоқ.

Егер.... Егер..

Ресей оппозициясы Байденмен ымыраласып одан Путиннің айналасына ауыр санкциялар талап етіп, оның достарына қоңыз тергізіп жіберсе...

Байден жаһанды Ресей мұнайынан бас тартуға мәжбүрлесе...

Байден Ресейді халықаралық төлемдер жүйесі SWIFT тен ажыратып тастаса, оның арты елге экономикалық хаос әкеліп, одан халық наразылығы өршіп бір дүмпу болар еді...

Міне сол кезде билік жүйесі шатқаяқтап, оның айналасындағы достары Путиннен бастарын ала қашып, бірін бірі сатып, оның билігі қатты әлсіреп кетер еді.. Тап сол кезде орыс оппозициясына үлкен мүмкіндіктің орайы туар ма еді..

Қазір бұның бірі де жоқ. Путин жүйесі де іштей ұйымдасып шайқасқа бекініп отыр, олар — команда.

Яғни, Ресей оппозициясының бай қуатты, әлеуетті режиммен күресінде осындай сүйенетін бір негізі болуы керек.

Ал билікті қазір Ресейде көшедегі митингпен тартып аламын деу меніңше бос әурешілік.

Сириядағы Путиннің досы Башар Асад өз билігін сақтап қалуы үшін елдің жартысынан көбін үйіндіге айналдырды.

Себебі ол билігінен айырылса оның баратын жері тек қана әскери трибунал.

Бұндай сценарий де Путиннің қолынан келеді.

Сондықтан Ресейде қандай да бір сыртқы әлеуетті күштердің жәрдемінсіз өзгеріс бола қоймас.

Әрине, халық біраз дүбірлеуі мүмкін, биыл күзде парламент сайлауы келе жатыр, басқасы да бар дегендей...

Бірақ жалаңқол халық меніңше митингілетіп Ресейде қазір түк шеше алмайды.

Олжас ӘБІЛ,

Facebook парақшасынан алынды. 

Пікірлер