ҚАЗЫБЕК ИСА: Халықты өз еркінен тыс ешкім вакцина қабылдауға міндеттей алмайды

2796
Adyrna.kz Telegram

Әркім үшін де, мемлекет үшін де ең бастысы, басты байлық – адам денсаулығы! Былтырдан бері әлемді жайлаған коронавирус Қазақстанды да қатты шарпығаны белгілі. Оған мемлекетіміздегі басқару органдарындағы ұйымдастыру жұмыстарының кемшіліктері де өз кесірін тигізгені анық.

Ортамызды ойсыратып кеткен кеткен пандемия ылаңынан соң қазір халыққа вакцина егу мәселесі де ең шулы мәселеге айналып отыр. Оған вакцинаның қауіпсіздігіне ел сенімі аз екені, жергілікті жерлердегі ақпараттың анық болмауы, желілерде көп көлденең ақпараттардың тарауы тағы басқа жағдайлар себеп болуда?

Адам өз денсаулығын сақтау үшін, өміріне өте қауіпті коронавирусқа шалдықпау үшін вакцинаны қай кезде өз еркімен қабылдайды – вакцинаның қауіпсіздігіне және пайдалы екеніне 100 пайыз көзі жеткенде ғана. Оған дейін халықты өз еркінен тыс ешкім вакцина қабылдауға міндеттей алмайды. Өйткені Қазақстан Республикасының «Халық Денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі» Кодексінің 77 бабы 18 тармағы бойынша кез келген медициналық процедура, оның ішінде вакцина қабылдау да адамның өз еркімен, саналы түрде келісім бергенде ғана салынады. Қазақстанда вакцина қабылдаудан бас тартқанға ешқандай әкімшілік және қылмыстық жауаптылық жоқ. Кез келген қысым жасаушылық заңсыздық болып табылады.
Вакцинаны ережеге сай 18-60 жас аралығындағылар ғана өз еркімен қабылдайды, ал 18-ге толмағандарға, балаларға вакцина салынбауы тиіс.

Бұл туралы күні кеше ғана өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев нақты айтты. "Кейбір арандатушылық ақпараттарда айтылғандай, вакциналау дегеніміз ешкімге күштеп вакцина салу емес"-деді.
Сонымен қатар мемлекет басшысы осы вакцина қабылдаудағы ең бастысы - ел денсаулығының қауіпсіздігіне баса назар аударды. Қасым-Жомарт Кемелұлы отандық вакцинаны тестілеудің оңтайлы нәтижесіне сенім артатынын, "осы жағдайда вакцина қорытындысы жақсы нәтижелер көрсетсе, мен дәл осы қазақстандық вакцинаны салдырамын», – деп, ең алдымен вакцинаның қауіпсіздігі мен тиімділігі болуы тиістігін атап көрсетті.

Оның үстіне Қазақстанда коронавирусқа қарсы жаппай вакцинация ресми түрде 1 ақпаннан басталады. Вакцинацияның өзі туралы нақты ақпарат болмаған кезде, бұл вакцина барлық сынақтардан өткен-өтпегендігі,оның қауіпсіздігіне кепілдіктер бар-жоғы және тағы басқа күмән-күдіктер күшейіп тұрғанда бұл қалай жүргізіледі? Өйткені вакцина әдетте әлемдік тәжірибе бойынша бірнеше жыл бойы сыналады.

Сонымен қатар, Pfizer және Moderna сияқты COVID-19 вакциналарын шығаратын фармацевтикалық компаниялар жасалған дәрі-дәрмектерді сынап көрген еріктілердің денсаулығында жағымсыз әсерлер пайда болған жағдайда жауапкершілікке тартылмайды.
Екінші жағынан, қазақстандықтар Pfizer-дің «қорқынышты» жанама әсерлері туралы ақпаратты бірінші кезекте ресейлік БАҚ-тан алып отыр – яғни фармацевтикалық соғыс, насихатқа қарсы тұру күшейіп тұр, бұл да халықтың тура ақпарат алуына кері әсер етуде.
Мысалы, Pfizer вакцинасын зерттеу хаттамасы барлық нәтижелерімен, жанама әсерлерімен және т.б. толығымен жарияланған. Барлық жанама әсерлер ашық түрде талқыланады. Ал Sputnik V вакцинасына арналған хаттама ресми сайтта жарияланған, бірақ нәтиже жоқ. Яғни, вакцинаны өндірушілер және біздің дәрігерлер ешқандай кепілдік бермейді, Денсаулық сақтау министрлігі мен дәрігерлер вакцина әкімшілігінің жанама әсерлеріне жауап бермейді. Мұндай жағдайда кім өз өмірін қауіпке тігіп, вакцина салдырады? Осы себепті шетелдік вакцина жеткізушілерімен келісім жасасқан кезде пациенттерде туындауы мүмкін қауіпті салдар үшін жауапкершілікті өз мойнына алуы және зардап шеккен жағдайда келтірілген залалдың орнын толтыруы механизмін шартқа қосуды талап ету қажет. Егер мұндай жауапкершілік болмаса, біз отандық вакцинаның өндірісін күтуіміз керек, ол үшін біздің Денсаулық сақтау министрлігі және вакцина жасаушылардың өздері жауап беруі керек.

Басқаша айтқанда, вакцинацияның әлемдік тәжірибесін ұстану керек, содан кейін ғана тиімді вакцина таңдап, ерікті вакцинация жасау қажет.

Сондықтан біздің Денсаулық сақтау министрі А.В.Цой мырзаға бірер сұрағымыз бар:

1.Халыққа ұсынылып отырған вакцина корытындысын дайындау бағытында қандай жұмыстар жүргізуде?

2.Сіз Денсаулық сақтау министрі ретінде вакцинаның қауіпсіз әрі тиімді екеніне кепілдік бере аласыз ба?

3. Вакцинаның қауіпсіздігі және пайдалылығы туралы медициналық қорытындыны халық қашан алады?
Барлық қажетті қорытындыны алғаннан кейін барып, Денсаулық министрінің өзі, орынбасарлары, бүкіл медицина қызметкерлері вакцина қабылдайды ма?
Сонда ғана елдің сенімі оянуы мүмкін...

Пікірлер