Халықтық кино

2909
Adyrna.kz Telegram

 Кеше Алматыда  «28 Панфиловшы» көркем фильмінің тұсаукесері өтті. Фильмнің Қазақстандағы көрсетілімін Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы жүзеге асырады.

Айта кететін жайт, бұл фильмді қазан айында Астанада өткен екі мемлекеттің аймақаралық ынтымақтастық форумында Қазақстан және Ресей Президенттері – Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин қараған болатын. Мемлекеттердің басшылары Алматы қаласында құрылған және қарсыластардың танктеріне Мәскеуге кіруге жол бермеген дивизияның ерлігі өскелең ұрпақтардың есінде мәңгілікке сақталуы міндетті деген пікір білдірген еді.

Фильмнің тұсаукесерінде  сөз алған ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «Алматыда құрылған «Панфилов» дивизиясы Кеңес Одағының астанасы Мәскеу қаласын қорғады. Бұл барша адамзат тарихындағы тарихи оқиға болды. Қарсыластардың басым болғандығына қарамастан, панфиловшылар фашистердің жеңілмейтіндігі туралы жалған пікірді бұза отырып, Мәскеуді қорғап қалды. Біз олардың ерлігін ешқашан да ұмытпауымыз керек. Олардың ерлігі туралы тарихты  өскелең ұрпаққа жеткізу – біздің міндетіміз", - деді.

panfilovshyi-1Түсірілген фильмнің негізгі сомасын краудфандинг арқылы жинаған. Оған 35 мыңнан астам адам қатысып 34,7 миллион рубль жиналған. Сондықтан да фильмді «халықтық кино» атапты. Сондай-ақ фильм бюджетінің үштен бірін Қазақстан және Ресей мәдениет министрліктері бөлген. Барлық жұмсалған қаражат 150 миллион рубльді құрайды.

Фильмге Александр Устюгов, Яков Кучеревский, Азамат Нигманов, Олег Федоров, Антон Кузнецов, Алексей Лонгин, Азиз Бейшеналиев және т.б. белгілі актерлер түскен.

Панфиловшылар Ұлы Отан соғысы (ТМД-ның кей елдері үшін екінші дүниежүзілік соғыс) жылдарында Мәскеуді ерлікпен қорғаған қазақстандық жауынгерлер.

1941 жылы 15 қарашада Фашистік Германия әскерлері 51 дивизиямен Мәскеуге екінші “негізгі шешуші шабуылды” бастады. Батыс майдан жауынгерлері ауыр ұрыстар жүргізді. Осы майданға кіретін 16-армияның құрамында Алматыда жасақталған генерал-майор И.В.Панфилов басқарған 316-атқыштар дивизиясы (кейіннен 8-гвардиялық-панфиловшылар дивизиясы) Мәскеу түбіндегі Волоколамск тас жолын қорғады. 16-қарашада жау Волоколам бағытында ұрысқа шығып, Дубосеково разъезіндегі 1075-атқыштар полкі 4-ротасының 2-взводы тұрған бекініс шебіне шабуыл жасайды. Ротаның саяси жетекшісі В.Г. Клочков басқарған взвод жауынгерлері — барлығы 28 адам мылтықпен, жанармай құйылған шөлмектермен, гранаталармен қаруланып, жаудың 20 танкісімен 4 сағатқа созылған ұрыс жүргізді. Жаудың 14 танкісі қиратылып, панфиловшылар арасынан да бірнеше адам қаза тапты. Жау ұрысқа тағы 30 танк шығарды. Қазақстандық жауынгерлер соғыс тарихында сирек кездесетін ерлік жасап, жаудың болат құрсанған машиналарына төтеп берді. 28 панфиловшылардың 23-і қазаға ұшырады, бірақ жау танкілері олардың шебінен өте алмады. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1942 ж. 21 шілдедегі Жарлығымен бұл жауынгерлердің барлығына Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Олар: Николай Яковлевич Ананьев, Григорий Михеевич Безродных, Николай Никонорович Белашев, Бондаренко Яков Александрович, Васильев Илларион Романович, Иван Евстафьевич Добробабин, Дутов Петр Данилович, Емцов Петр Кузьмич, Нарсұтбай (Нұрсұлтан) Есболатов, Калейников Дмитрий Митрофанович, Клочков Василий Георгиевич, Абрам Иванович Крючков, Григорий Ефимович Конкин, Қожабергенов Әлиасқар, Әлікбай Қосаев, НиколайГордеевич Максимов, Гавриил Степанович Митин, Митченко Никита Андреевич, Иван Васильевич Москаленко, Иван Моисеевич Натаров, Григорий Алексеевич Петренко, Мұсабек Сеңгірбаев, Дмитрий Фомич Тимофеев, Николай Игнатьевич Трофимов, Иван Демидович Шадрин, Иван Алексеевич Шепетков, Григорий Мелентьевич Шемякин, Дүйшөнкул Шопоков.

panfilovshyi-na-imanov

Фильмде аты аталған батырлар мен тарихи оқиға түгел суреттелген. Бауыржан Момышұлы атындағы «Жас Ұлан» мектебінің тәрбиеленушілерінің де осы фильмді тамашалағаны қуантты.

Режиссер Андрей Шальопа "28 панфиловшының аңызға айналған даңқты ерлігі – барлығымызға ортақ тарих қана емес, сонымен қатар ортақ ұлттық мақтанышымыз. Тіпті, қанымызға сіңіп кеткен ұлттық код десем артық айтпаған болар едім" дейді.

Ұлттық код демекші, кино барысында тек  орыс халқы, орыстар  деген сөздер ғана естіліп жатты. Кеңес Одағы (Советский Союз) үшін жанымды берем деген бір солдатты көрмедік. Андрей Шальопадан мұның себебін сұрағанымда, - "бұл идеологиялық фильм емес"- деп қысқа қайырды.

panfilovshyi

Туындының түсірілімі екі мемлекеттің аумағында жүргізілген. Қысқы көріністер Санкт-Петербор пен Иваново төңірегінде түсірілсе, соңғы кадрларда Алматыдағы 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақ көрсетіледі.


Жасұлан Наурызәлі,

"АДЫРНА"

 

Пікірлер