Сотталған азамат көпбалалы отбасыға баспана алып берді

2592
Adyrna.kz Telegram

Сәтбаев қаласының тұрғыны Нұрбол Әбілқасов біраз уақыт бұрын бұзақылық үшін бас бостандығын шектеу түріндегі жазаға сотталған болатын. Жігіт пробациялық бақылауда, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

Алайда ол полиция қызметкерлеріне қиындық туғызып жатқан жоқ, керісінше, белсенді азаматтық позициясын көрсетіп, айналасындағыларға көмектесіп жүр.

Бір күні Нұрбол көпбалалы Жаңбырбаевтар отбасының жағдайын естіген. Ерлі-зайыпты Серік пен Ольга мүгедек, олар алты бала тәрбиелеп отыр.

"Көпбалалы отбасы жағдайын достарымызбен жаңалықтардан білдік. Олар туыстарының үйінде, бүкіл отбасы бір бөлмеде тұрған. Сөйтіп оларға көмектесуді ұйғардық. Алдымен өзіміз жағдай келгенше ақша жинадық, содан кейін қаражат жинауды ұйымдастырдық. Әлеуметтік желілерге ақпарат орналастырып, қала дүкендеріне қайырымдық жәшіктерін қойдық", - деді Нұрбол Әбілқасов.

Жігіттің айтуынша, бірінші болып таныстары мен туыстары көмектескен. Кейін қаланың жанашыр тұрғындары мен "Біз біргеміз" еріктілері қосылған. Олар сегіз айда 2,3 миллион теңге жинай алды. Бұл сомаға олар Жаңбырбаевтар отбасы үшін екі бөлмелі пәтер сатып алды.

"Біз оларға пәтерді беріп қана қоймай, онда жөндеу жұмыстарын жүргіздік, қолайлы жағдай жасадық. Мұның бәрі Сәтбаев тұрғындарының арқасында. Кілт беру рәсімі өте әсерлі өтті. Біз отбасына нағыз мереке ұйымдастырдық", - деді Нұрбол Әбілқасов.

Ерлі-зайыпты Жаңбырбаевтар балаларымен өз пәтеріне көшіп кірді, олар бақытты екенін бөлісті. Бұрын олар өз баспанасы туралы армандаған да емес, сол себепті мемлекеттік қордан баспана алу кезегіне де тұрмаған екен.

"Біз Нұрбол мен оның достарына және бізге көмектескен барлық адамға өте ризамыз. Мұндай сыйлық алу - нағыз бақыт. Біздің балаларымыз өте қуанышты", - деді Серік Жаңбырбаев.

Волонтерлікті дамытуға қосқан үлесі үшін Нұрбол Әбілқасов қала әкімінен алғыс хат алды. Ол мұқтаж адамдарға әлі де көмектесуге ниетті.

Пікірлер