Еркінсіген елшілерге тоқтау салатын тұлғалар қайда?

3849
Adyrna.kz Telegram

Расында да солай болып тұр. Орысың да, қытайың да, шүршітің де бәрі бізге ақыл айтқыш. Былтыр Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо да біраз сын айтқан. Биыл бұл дәстүрді Ресейдің Қазақстандағы елшісі Бородавкин жалғастырды.

Екі-үш күн бұрын Ресейдің Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Алексей Бородавкин бір сұхбатында Қазақстандағы тіл мәселесіне барынша назар аударды. Елшіге кейінгі кездегі қазақ ұлтжандыларының ұлттық жаңғыруға қатысты ойлары мен пікірлері ұнамай жүрсе керек.

– Кез келген қазақстандық үшін орыс тілін білу– артықшылық. Бұл игіліктен бас тарту ақылға сыймайтын нәрсе. Ал Еуразиядағы интеграциялық процестер мемлекетаралық қарым-қатынас тілі ретінде орыс тілінің позициясын нығайтуды көздейді. Қазақстандықтар ТМД кеңістігіндегі басқаларға қарағанда орыс тілін жақсы меңгерген. Жақсы сөйлейді, сауатты жазады. Қазақстандықтар мұндай артықшылықтан бас тартпауы керек. Керісінше, орыс тілін меңгеру және оны нығайтуға күш салып, балаларын терең үйреткені жөн. Біз оқытушыларды жіберіп, орта мектептер үшін мұғалімдерді көбірек даярлау арқылы, оқу-әдістемелік материалдарды шығара отырып жағдайды түзеуге тырысамыз,- деді елші Алексей Бородавкин.

Бүгінгі саяси жағдай осы. Ол біздің балаларымызды орыс тілінде оқытқысы келеді. Біздің парламентке барған бірқатар ұлтжандылардың осы уақытқа дейін орысша жазылып келген заңдарды мемлекеттік тілде жазуға қатысты талабы да орыс елшісіне ұнамаса керек. Әлеуметтік желідегі мемлекеттік тілге қатысты еркін, азат ойлар да елшінің жанына жағып жатқан жоқ. Елшілер біздің елде отырып, неге еркінси береді?

Бұл ғана емес, 2016 жылы Қытайдың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Чжан Ханьхой да қазақ билігіне мінез көрсетіп, қызметі аяқталған соң еліне кеткен.

–Қазақстан билігі кіммен бетпе-бет келіп отырғандарын біле ме? Қытай – сіздердің көршілеріңіз, ол ешқашан қазақтар мен Қазақстанның мүдделеріне қол сұқпады, осы ұлттың, осы халықтың гүлденіп тұрған шағында да шабуыл жасамаған. Ол–БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшесі. Ол – стратегиялық әріптес, қазір «өте маңызды» деген сөзді қоса айтып жүрміз. Ал, сіздер виза рәсімдеу мәселесінде қорлайтын әдістерге жүгініп отырсыздар», - деген қытай елшісіне біздің билік «мұның не?» деп жауап та қатпаған. «Халықаралық жағдайды шиеленістіріп аламыз» деп қорықты ма, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі сол кезде де үнсіз қалған.

Қазақ билігіне қыр көрсетуді одан кейін елімізге елші болып келген қытайлық Чжан Сяо да жалғастырды. Ол «қытай мәселесіне» қатысты наразылық білдіріп, көшеге шыққан қазақстандықтардың әрекетін тіпті құптамайтынын айтқан.

–Наразылық білдірушілердің артында Қытайға және біздің екіжақты қарым-қатынасымыздың дамуына селкеу түсіруді мақсат ететін қандай да бір күштер тұр. Солар араға от салу үшін жергілікті халықтың көңіл-күйін бұзып, наразылыққа итермелеуде. Бары осы, басқа түк емес. Олардың бұл әрекетінен түк шықпайды. –деді Қазақстандағы Қытай елшісі Чжан Сяо.

Кеше Қытай, бүгін Ресей елшісі осылай дейді. Ал мұндай жағдай қашанғы жалғаса береді? Тәуелсіз елдің айтары, айбары болуы керек қой. Ешкім егемен елдің ішкі ісіне араласпауы қажет. Ал елшісі осылай десе, президенті не демейді? Путин де кезінде «Қазақстан деген мемлекет болмаған» деп, намысқа тиген. Кінәнің бәрі – өзімізден. Осылай деп айтуға мүмкіндік береміз. Тарихымыздың тым тереңде, ондаған ғасырлардан ары жатқанын дәлелдеп, айтып бере алмаймыз. Бас ауыртқымыз келмейді. «Қазақстанның тәуелсіздігі 1991 жылдан басталады» деген жағымпаз жандайшаптардың кесірінен осылай бізге ақыл айтқыш, елшісымақтар мен ресейлік арандатушылар көбейіп кетті. Мемлекеттігіміз мығым болсын десек, елдігімізді нығайтуымыз керек. Елімізді отырып, еркінсіген елшілерге тоқтау салатын биліктегі тұлғалар қайда? Басқа мәселе жоқ.

...Тек намысымыз келгесін айтамыз.

Еркін Қалдан, «Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер