Кісі қолынан қаза тапқан ер адамның кім екені анықталды

2161
Adyrna.kz Telegram

Павлодар облысы Екібастұз қаласында тұрғынүй ауласында кісі қолынан қаза тапқан ер адамды әріптестері өз міндеттерін адал атқарған қызметкер болғанын айтты.

Марқұм Жанат Мақсұтов "Северные МЭС" АҚ KEGOK филиалында 4 разрядты жоғары вольтты желілерді жөндеу жөніндегі электр монтері болып жұмыс істеген.

Әріптестері оның бұл кәсіпорында ашылған күнінен бастап қызмет ететінін айтты. Ол жоғары вольтты желілерде жұмыс істеу кезінде қолданылатын арнайы техниканың қыр-сырын жетік меңгерген екен.

Әріптестерінің айтуынша, ол әрдайым өз міндеттерін өте адал атқарған. Кез келген уақытта жөндеу профилактикалық және авариялық-қалпына келтіру жұмыстарына қатысу үшін қызмет орнына баруға дайын болған.

Жұмысына сіңірген еңбегі үшін ол энергетик күніне орай Екібастұз әкімінің және компания филиалының құрмет грамоталарымен, сондай-ақ компанияның жиырма жылдығына арналған мерейтой медалімен марапатталған.

– Ол небәрі 60 жаста еді. Мейірімді, ұқыпты,  қарапайым, сабырлы, жанашыр еді. Қиын кездерде әрқашан жолдастарының жанынан табылатын, – деді әріптестері.

Марқұм Жанат Мақсұтов екі қыз бен бір ұл тәрбиелеп отыр еді.

 

Пікірлер