ҚазҰУ-дың жер аумағы неге қысқарды?

3345
Adyrna.kz Telegram

«Ақ жол» Демократиялық партиясы Қазақ ұлттық университетіне жер аумағы көлемінің белгісіз себептермен азаюына байланысты алаңдаушылық білдіруде. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында фракция депутаты Берік Дүйсембинов депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

ҚР Бас прокуроры

Ғ. Д. Нұрдәулетовқа

 

ҚР Білім және ғылым министрі

А. Қ. Аймағамбетовқа

 

«Ақ жол» фракциясының сауалы Қазақ елінің шамшырағы болған, қабырғасында Қаныш Сатбаев пен Мұхтар Әуезов дәріс берген, ал жұлдызды түлектерінің тізімі осы сауалға сыймайтын, Қазақстанның жоғары білімінің қара шаңырағы Қазақ ұлттық университеті туралы болмақ.

Бір ғасырға жуық тарихы бар Ұлттық университеттің бүгінгі жанашыр түлектері мен қоғам белсенділері Университетке тиесілі жер аумағы көлемінің белгісіз себептермен азаюына байланысты алаңдаушылық білдіруде.

Жер құқығы бойынша сарапшы, заңгер Бақытжан Базарбектің мәліметтеріне сүйенсек, 2012 жылғы 30 қаңтардағы Алматы қаласы әкімінің қаулысына сәйкес Университеттің жалпы көлемі 73,26 гектар жер пайдалану құқығына берілген.

Ал, 2017 жылы 2 қазанда Алматы қаласының әкімінің № 4/392-22-36 деген қаулысына сәйкес ҚазҰУ-нің жалпы жері үлестерге бөлініп, жер көлемі - 72,48 гектар болып шықты. Соның ішінде ҚазҰУ-нің тікелей үлесін алатын болсақ, ол – 71,40 гектар жер, яғни, оқу орнының жалпы жер көлемі 1,8 гектарға азайғанын байқаймыз.

Бұл орайда, «Университетке тиесілі жер неге азайған?» деген сұрақ туындайды. Еліміздің білім ордасында оқитын жастарымыздың игілігіне арналған жер белгісіз біреулердің еншісінде, қазақша айтқанда, «ұстағанның қолында, тістегеннің ауызында» кете бермек пе?  Осы мәселеге кімдер жауапты деген сұраққа  өкілетті органдардан мардымды жауап болған жоқ.

Мұндай  жағдайлар тек Ұлттық университетпен ғана шектеліп жүрген жоқ. Еліміздің әр аймағында жоғарғы оқу орындарының жер телімдерінің жеке меншікке сатылып жатқанын, студент жастар тұратын жатаханалардың азайып, Университет меншігіндегі оқу процестерін қамтамасыз ететін қосымша жылжымайтын мүлік обектілерінің саудаға салынып жатқанынан бұқаралық ақпарат құралдарынан және барлығын көріп біліп отырған елдің аузынан естіп жүрміз. Мысалы, Шығыс Қазақстан Мемлекеттік университетінің бас ғимаратынан он қадам қашықтықта орналасқан өндірістік шеберхана бүгінде ойын-сауық орнына айналған.

 

Жоғарыдығыны баяндай келіп, «Ақ жол» фракциясының депутаттары:

  1. Мемлекет мүддесі мен жастардың білім алу болашағын ескере отырып, Қазақ Ұлттық университетіне тиесілі жер аумағынан жер учаскелерінің бөлініп шығарылғаны қаншалықты заңды екенін тексеріп, заңсыздық орын алған жағдайда жауапты адамдарды және халқымыз киелі санап, әрқашан ерекше құрметпен қарайтын білім ошақтарына қарап аузын ашып отырған тоғышарларды жауапқа тартуды;
  2. Осындай тексеруді облыстарда орналасқан жоғарғы оқу орындарында да жүргізіп, нәтижесін бізге хабарлауларыңызды сұрайды.

 

Құрметпен,

«Ақ жол» фракциясының депутаттары

Пікірлер