60 жастағы тегін такси жүргізушісі туралы естідіңіз бе?

7165
Adyrna.kz Telegram

Алпыс жастағы Жарылқасын Аманов «тегін такси жүргізушісі» лақап атымен танымал. Қайырымды жан бүгінде біраз адамның алғысын алып үлгерген. «Адырна» тілшісі елорда тұрғынымен әңгімелесіп, сұхбат құрды.

Үйреншікті әдетімізге айналды

– "Әзірет Сұлтан" мешітінде 5 жыл іс басқарушы болып жұмыс істедім. Әкемнің өзі садақа бергенді жақсы көретін. Карантин кезінде біраз халықтың азық-түлігі болмай, қиналып қалды. Тіпті қарапайым бетпердені таба алмағандары да бар. Сондай кезеңде кемпірім екеуміз ақ дәкеден бетперде тігіп, аз да болса көмегімізді тигізуге тырыстық. Кейіннен балаларымның жәрдемімен тегін нан тараттық. Осылайша тегін көлік жүргізушісі болу идеясы да дүниеге келді. Қазіргі таңда қайырымдылық жасау біздің үйреншікті әдетімізге айналып кетті.

Нөмірім таралып кетті

– Алғашқы кезде далаға шығып, жаурап тұрған адамдарға «тегін апарып тастайын» деген ұсынысты айтатынмын. Өздеріңіз білесіздер, қыз мезгілінде бір жаққа қатынау қиын. Кейіннен көрші-қолаңдардан нөмірімді таратуды өтіндім. Содан маған қоңыраулар түсе бастады. Көбінесе үлкен кісілер, мүмкіндігі шектеулі жандар, жалғызбасты аналар көмек сұрайды. Қазіргі таңда байланыс нөмірім тіпті кең таралып кеткен. «Пойыздан жаңа ғана түстім, таксиге ақшам болмай тұр» деп хабарласатындар да бар. Мен күн демей, түн демей өтініштерін орындауға тырысамын. Ешқашан көлігіме мінген адамнан ақша алмаймын. Кейде орныма балаларым барады.

Тегін таксиден қорқады

– 5-6 жыл такси жүргізушісі болдым. Отбасым ренжіп, «бұл жұмысыңды қой» деуші еді. Бүгінде барлығы маған дән риза. Өздері де пәленше бар еді ғой, түгенше бар еді ғой деп көмекке зәру жандарды айтып отырады. Әйел адамдар көп шақырған кезде қасыма кемпірімді ерте барамын. Ол кісі сол жандармен танысып, риза боп қалады. Шыны керек, қазір көбі «тегін такси» дегеннен қорқады. «Жаман адам шығар», «бір жаққа алдап апарып, өлтіріп кетер» деп сезіктенеді. Осындай күдіктен арылту үшін де қасыма жұбайымды алып жүремін.

Неше түрлі адам жолығады

– Негізі көп кешікпейтін адаммын, алайда кейде бес минутқа бөгеліп қалатын сәттер болады. Сондай кездерде ақысыз апаратынымды біле тұра «неге кешігіп келдің?» деген сынды дөрекі сөздерді айтатын адамдарды жолықтырдым. Мен бұндай дүниелердің боларын алдын ала біліп, дайындалған адаммын. Өтірік шақыратындары тағы бар. Жолда кездейсоқ жолығып, алып бара жатқан кезімде «тегін болса бармаймын» деп түсіп қалғандар да болды.

Жұмысым өзіме ұнайды

– Әркімнің өзіндік хоббиі бар. Адам сүйген ісімен айналысса, ешқашанда шаршамайды. Қазіргі жұмысым өзіме ұнайды. Адамдармен тілдесіп, рахаттанып қаламын. Оларға мотивация беруге тырысамын.

Әңгімелескен Диана АСАН,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер